"КӨМІРДІҢ ҮСТІНДЕ ОТЫРЫП, ҚЫМБАТҚА САТЫП АЛАМЫЗ"
80 жастағы Галина Осипова тұрмысқа жайлы болуы тиіс қалалық пәтерде тұрғанымен, биылғы көмір тапшылығын айта бастағанда ашуланғаннан тіпті балағаттап жіберді. Шахтерлер кенті - Шахандағы көппәтерлі үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтеріне қария күн сайын шелекпен көмір тасиды. Ол көмірдің қымбаттап кеткеніне наразы. Зейнеткердің сөзінше, қазір іргедегі Шахтинск қаласынан әкелінген көмірдің бір тоннасын сегіз мың теңгеден сатып жатыр. Ал жұрт көп сұрайтын Қарағанды көмірінің бір тоннасын шахандықтар жеке меншік көмір тасушылардан 12 мың теңгеден сатып алады. Бұл - көмірдің өз бағасы, ал оны Қарағанды қаласынан Шахан кентіне жеткізгені үшін тағы 10 мың теңге сұрайды.
Көмір екі еседей қымбаттап кетті. Мынау деген сұмдық қой! Көмірдің үстінде отырмыз, ал тоннасына 12 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Бұған қоса, көмірді жеткізіп бергені үшін бірнеше мың теңгеден тағы төлейміз.
- Көмір екі еседей қымбаттап кетті. Мынау деген сұмдық қой! Көмірдің үстінде отырмыз, ал тоннасына 12 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Бұған қоса, көмірді жеткізіп бергені үшін бірнеше мың теңгеден тағы төлейміз. Көмір сататындарды да, үкіметті де түсінбеймін. Биліктегілер тым болмаса бір күн зейнеткер сияқты өмір сүріп көрсе ғой. Президентіміз қайда қарап отыр? Зығырданыңды қайнатады! Халықты әбден титықтатып жіберді! Бұл деген ұят, масқара ғой! Кентіміздің айналасы толған шахта, ал біз көмірді қыруар ақшаға сатып алуға мәжбүрміз. Бізде отын жағы да проблема, сатып алу қиын, ал отын болмаса көмірді қайтіп жағасың. 80 жаста төртінші қабатқа даладан шелектеп көмір тасу оңай ма, жылы үйде тұрғың келсе, тасисың дегендері ғой бұл. Былтырдан қалған көмірім жетпейді, тағы бірер тонна сатып алуға тура келеді. Зейнетақымнан бірдеңе етіп жырымдамасам болмайды енді, - дейді ашынған зейнеткер Галина Осипова.
Қарағанды облысының кенттеріндегі көпқабатты пәтерлердің көбінің тұрғындары үйлерін баяғыдан көмірмен жылытады, бұл Совет Одағы құлағаннан кейін 1990 жылдардың ортасында коммуналдық шаруашылықтың күйреуінің символы болып қалды. "Буржуйка" деген темір пешпен жылынатын пәтер тұрғындары көмірді сыртта - үйден бірер метр жерден өздері салып алған "көмір қораларда" сақтайды. Жұрттың көбі көмірді пәтердің ішіне тасып, жуынатын бөлмеге, ас үйде немесе балконға кіргізіп қояды.
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ШАҒЫМДАРЫ
Бұған қоса, жұрттың көбі "көмір тапшылығын қолдан жасап отыр" деп санап, "тапсырыс берсең, бірнеше күн күтесің" деп шағынады, ал кей ауылдарда тапсырыс берген көмірді жұртқа сол күйі әкелмеген.
- Көмір тапшылығы асқынып тұр. Бір тоннасы тоғыз мыңнан 12 мың теңгеге дейін. Бірақ дизель отынымен де сондай проблема, Қазақстанда түсініксіз бірдеңе болып жатыр өзі. Жеке жүк көліктерімен көмір таситындардан сатып аламыз, басқа алатын жер жоқ. Олар шахтада я карьерде үш-төрт күн кезекте тұрып әкеледі, сосын бізге сатады. Қарағандыдағы шахтада 10 мың теңгеден, Жолымда сегіз мың теңгеден тиейді екен, - дейді Чкалов ауылының тұрғыны Александр.
- Уәде еткендеріне бір ай болды, бірақ әлі жеткізген жоқ. Біресе кезек көп, біресе көмір нашар, біресе тағы бірдеңе деген сылтау айтады, - дейді Көкпекті ауылында тұратын Юлия Франк.
Нұра ауданының тұрғыны Любовь Битнердің Азаттыққа айтуынша, қазір көмірдің бір тоннасының бағасы 16 мыңға дейін шарықтап кеткен.
- Бір ай бұрын 15 мың теңгеден бес тонна алып, 75 мың теңге бергенмін. Әкелсе, жұрт бірден талап әкетеді. Хабарландыру бойынша фирмаға телефон соқсақ, көмір сатылып кетті дейді. Жай көмір емес, алтын көмір болып тұр бізге, - деп қынжылады Любовь Битнер.
Кей тұрғындар көмір сатып алуға әзірше ақшамыз жоқ, сондықтан былтырдан қалған көмірмен амалдап отырмыз дейді.
- Бізде бір ЗИЛ көмірді 60 мың теңгеге, ал бір КамАЗ көмірді 100 мың теңгеден әкеліп жатыр. Біз әлі алғанымыз жоқ, күйеуімнің ақша әкелгенін күтіп отырмын – жуырда іссапардан келуі тиіс, - дейді Нұра станциясының тұрғыны Светлана Сыздықова.
Көкпекті ауылында тұратын зейнеткер Наджеда Скибицкаяның сөзінше, мәселе әзірше ақшаға тіреліп тұр. "Тіпті бағасы қанша екенін де сұрағаным жоқ әлі, өйткені сатып алуға қазір бәрібір ақшам жоқ" дейді ол.
- Бізде Қушоқы көмірінің алты тоннасын 40 мың теңгеге әкелген. Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 14 мың теңгеден әкеліп жатыр. Бірақ жұрттың көбі әлі алмады - ақша жоқ. Былтыр бір КамАЗ көмірді 60 мың теңгеге алғанмын, бірақ биылға жетпейді, қосымша сатып алуға тура келеді, өйткені үйді де, сарайдағы малдың жемін бұқтыратын темір пешке де көмір жағамын, - дейді Мұстафин кентінің тұрғыны Юлия Малышева.
Азаттық тілшісі сөйлескен бірнеше адам көмірдің қымбат бағасы ғана емес, сапасына да шағынды. Олар көмір жанып кеткеннен кейін күл көп қалады деп қынжылады.
ӘКІМ "БАҒА ЖАЙЫН ТЕКСЕРУДІ" ТАПСЫРДЫ
Ертеректе бірқатар жергілікті БАҚ-тар көмір өндіретін аймақ - Қарағанды облысында көмір тапшы болып жатыр деп хабарлаған. Кей жерлерде сатылып жатқан көмірдің бір тоннасының құны 18 мыңға дейін жетті деген хабар тараған.
Қыркүйек айының соңында Қарағанды облысы әкімдігі аппарат жиналысында жеке тұтынушылар үшін сатылатын көмір бағасының өсіп бара жатқанын талқылаған болатын. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов орынбасарларына табиғи отын - көмір бағасына қатысты жағдайды дұрыстап анықтауды тапсырған.
Әлгі жиналысқа қатысқан Қазақстандағы ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі - "Шұбаркөл көмірі" компаниясының өкілі компания "қосымша құн салығынсыз есептегенде, контракт бекіткендерге бір тоннасын 4 502 теңгеден" сатады деген болатын. Ол тоннасын сегіз жарым мың теңгеге дейін делдалдар шығарып алған болуы керек және "бұл - жергілікті мәселе" деген.
Ертеректе Қазақстан энергетика министрлігі жеке тұтынушылар сатып алатын көмір бағасының қымбаттауына теміржол тарифтері, делдал мекемелер қосатын "үстеме" баға әсер етіп жатыр деп мәлімдеген. Министрлік таратқан ресми хабарламада карьерден немесе шахтадан тиелетін көмірдің "онша қымбат емес" екені айтылған. Көмір қорының көп бөлігі Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында шоғырланған.