Алматы қаласының іргесіндегі аудан – Алматы облысы Талғар ауданына қарасты ауылдардың біріндегі орта мектеп оқушылары компьютерден тапшылық көретіндеріне наразы.
– Мектепте информатика кабинеті бар. Бірақ үш компьютер ғана істейді. Қалған бесеуі бұзылып қалған. Ал былтыр екі компьютермен ғана оқыдық, – дейді аты-жөнін жасырған мектеп оқушысы.
Қазақстанда орта мектептерді компьютермен жабдықтау жайлы мемлекеттік бағдарлама 1997 жылдан бастап жасала бастаған.
«ЕКІ КҮННЕН КЕЙІН СЕГІЗ КОМПЬЮТЕР КЕЛЕДІ»
Азаттық тілшісі оқушының шағымынан соң Талғар ауданындағы өзге мектептердің компьютер сыныптарының жағдайын білмекке тырысты.
Азаттық тілшісінің әуелгі барған мектебі – Жаңалық ауылындағы 37-мектеп. Бұл мектеп іргетасы өткен ғасырдың орта шенінде қаланған, сырт келбеті мектептен көрі тұрғын үйлерге көбірек ұқсайтын жатаған ғимараттар екен. Шеткі үйлердің біріне кіргенімізде есік алдында жолыққан мұғалім компьютер сыныбын іздеп жүргенімізді білген соң:
– Информатика кабинеті әлі жабдықталмай жатыр. Себебін анау үйде отырған директордан сұраңыз, – деп келесі ғимаратқа жөн сілтеді.
Екі күннен кейін келіңіздер. Ауданнан сегіз компьютер келе жатыр. Сіздерге содан кейін көрсетейін.
Ол жерден мектеп директоры Еділ Тоғызбаевты тапқанымызбен, «150 орындық мектепке 650 баланы сыйғыза алмай жатқанын» айтқан директор:
– Екі күннен кейін келіңіздер. Ауданнан сегіз компьютер келе жатыр. Сіздерге содан кейін көрсетейін, – деп сырттан қайтарды.
Азаттық тілшісі бұдан кейін Өстемір ауылында орналасқан 14-мектепке соқты. Бірақ мектеп директоры Кенжегүл Сіләмбекқызы информатика кабинетін көруімізге қарсы болды.
– Мен бұл мектепке басшы болып тағайындалғаныма төрт-ақ күн болды. Оқушылармен, мұғалімдермен енді танысып жатырмын. Екі күннен кейін мектебімізге сегіз компьютер келеді. Ақпан айына қарай келсеңіз, мен сізді ертіп жүріп көрсетемін, – деп шығарып салды.
«КОМПЬЮТЕР АЛУҒА БИЫЛ 37 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН»
Азаттық тілшісі жолшыбай кірген орта оқу орнының енді бірі Төңкеріс ауылындағы 23-мектеп болды. Мектеп директоры Әсия Оспанова өзге мектептермен салыстырғанда бұл оқу орны компьютермен жақсы жарақтандырылғанын айтып, өзі ертіп жүріп мектебін аралатты.
– Мектепте 646 оқушы оқиды. Мектеп екі компьютерлік класпен жабдықталған – 30 комплект компьютер, 30 ноутбук бар. Әр мұғалімнің алдында бір-бір компьютер қойылған. Мектепте үш интерактивтік тақта бар, – деді Әсия Оспанова.
Төңкеріс ауылындағы мектептің информатика сыныбы:
Your browser doesn’t support HTML5
Директор мектебінің биыл қаңтардан бастап электрондық оқыту жүйесіне (мектеп пен ата-ана арасында ақпарат алмасудың онлайн жүйесіне – ред.) көшкенін айтқанымен, ол жүйенің «қала мектебіне тиімді болғанымен, қазіргі сәтте ауыл мектебі үшін тиімсіз екенін» де сөз етті.
– Ауылда 15-16 үйде ғана интернет бар. Сондықтан барлық ата-ана баласының біліміне қойылған бағаны бақылап отыруы мүмкін емес, – дейді Алматы облысы Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы 23-мектептің директоры Әсия Оспанова.
Талғар аудандық білім бөлімінің қызметкері Света Көшербаеваның айтуынша, бұл аудандағы ауыл мектептері компьютермен толық жабдықталған.
– Ауыл мектептерін компьютермен жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 2012 жылы – 9 миллион теңге, 2013 жылы – 6 миллион теңге, ал биыл – 36 миллион 960 мың теңге бөлінген. Биылғы оқу жылында ауданның 30 мектебіне сегіз компьютерден бөліп отырмыз. Бұл 30 мектеп – тек ауылдық мектептер. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджет арқылы мектептерді компьютермен жабдықтап отырамыз, – дейді Света Көшербаева.
Аудандық білім бөлімі қызметкері соңғы екі жылда аудан бойынша 16 мектеп (жетеуі – аудан орталығында, тоғызы – ауылдарда) электрондық бағалау жүйесіне көшкенін де айтты.
Қазақстанда орта білім беру жүйесін ақпараттандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама ел президентінің 1997 жылғы 3645-жарлығына сүйенген. Ол бағдарлама бойынша, 1999-2000 оқу жылы – барлық орта мектептер, 2000-2001 оқу жылы – барлық негізгі мектептер, 2001-2002 жылы – бастауыш мектептерге дейін компьютермен жабдықталуы тиіс болған.
Бұдан кейін де орта мектепті компьютермен қамтамасыз ету жөнінде бірнеше жоспар қабылданды. Олардың бірі, Қазақстанның білім жүйесін ақпараттандыру стратегиясы (2009) бойынша, елдегі білім беру орындары 2020 жылға дейін компьютерлерін түгел жаңартуы тиіс.
Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2014-2015 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушы саны 2 миллион 498 мың 819 бала болған.