Интернет желісінің қазақстандық бөлігін дамытумен айналысатын«Қазконтент» акционерлік қоғамы қарашаның 10-ы мен 30-аралығында «Менің атым Нұрсұлтан» атты эссе конкурсын өткізетінін жариялады. Мекеме бұл шараның мақсаты желтоқсанның 1-інде аталып өтетін «Тұңғыш президент күні» мейрамының танымалдығын арттыру» екенін хабарлайды.
«ЕЛБАСЫҒА – ҚҰРМЕТ, ОТАНҒА – ПАТРИОТТЫҚ»
«Қазконтенттің» өкілі Алтынбек Құмырзақұлының Азаттыққа айтуынша, «жүлдегерлері бағалы сыйлықпен және мақтау қағазымен марапатталатын эсселер байқауына 5-30 жас аралығындағы Нұрсұлтан есімді жастар қатыса алады».
– Байқау талаптары аса қиын емес. Өз есімінің неге Нұрсұлтан деп аталғанын, кім қойғанын, қандай жетістіктерге жеткенін жіпке тізіп, бір-екі беттің көлемінде жазып берсе жеткілікті. Өйткені Нұрсұлтан деген есімді иеленіп, оны алып жүрудің өзі жастарға қиындық туғызады, – деді ол Азаттыққа.
Алтынбек Құмырзақұлы бұл байқау «кішкентай балалардың елбасыға деген құрметін, отанға деген патриоттығын арттыруды мақсат ететінін» айтты.
САУАЛНАМА: 1 желтоқсан қандай мейрам?
Your browser doesn’t support HTML5
«ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ МЕН ЖАҒЫМПАЗДЫҚ»
Бірақ бұл байқау жайлы Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар ұйымдастырушылардың «патриоттық» жайлы пікірлерімен келіспейді. Мәселен, саясаттанушы Жасарал Қуанышәлин «мұндай байқаулар – патриоттыққа тәрбиелеу емес, жеке басқа табынуды насихаттаудың көрінісі» деп біледі.
– Қазақстанда балаларға Нұрсұлтан есімін беру – жеке басқа табынудың бір көрінісі. Біздің елдің жағдайында осындай атаулармен байқау ұйымдастыру –тек бір бағыттағы насихаттық жұмыс. Бірақ ұйымдастырушылар мұндай байқауларды өз тараптарынан шығармайды. Ол жоғары жақтан арнайы бір адамдардың нұсқауымен бұйрығымен жүзеге асып отыр, – деп жориды Жасарал Қуанышәлин.
Орталық Азия демократияны дамыту орталығының директоры Толғанай Үмбетәлиева да «бұл – жағымпаздықтың көрінісі» деген пікір айтады.
– Бұл жерде ешқандай патриоттық негіз жоқ. Оған қоса «1 желтоқсан –Тұңғыш президент күні» деп атаудың өзі – тұрпайы түрдегі саяси жағымпаздық. Бұл жерде жағымпаздықты тағы бір мәрте жаңғыртудан басқа ештеңе жоқ. Бұл жеке ұйымдастырушылардың көзқарасы болмауы да мүмкін, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Қазақстан парламенті сенаты «1 желтоқсан – Қазақстан республикасының тұңғыш президенті күні» деген мемлекеттік мерекені бекіткен заңды 2011 жылы желтоқсанда қабылдап, бұл мереке 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бері тұрақты түрде тойланып келеді.
Елді ширек ғасырдан бері үзіліссіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 23 мыңнан астам адамның есімі Нұрсұлтан деп қойылған. Азаттық биыл 6 шілдеде – президент Назарбаевтың 75 жасқа толуы қарсаңында «Менің атым – Нұрсұлтан» атты жоба бастап, Нұрсұлтан есімді мыңдаған қазақстандықтың бірнешеуімен тілдескен. Дүниеге келгеннен бергі өмірлері өздері атын иеленген адамның – Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі дәуірінде өтіп келе жатқан ол жастар Азаттыққа жетістіктері мен армандарын, реніштерін айтқан. Ол Нұрсұлтандардың арасында актер де, спортшы да, асаба да, студент те, жолсыз-сусыз ауылдағы мектепке барып жүрген оқушы да болған.
КӨРІҢІЗ: Азаттықтың «Менің атым – Нұрсұлтан» жобасы