Алматы облысының тұрғыны, мемлекеттік қызметтен қысқарып қалған соң жеке меншік фирманың офисін күзетіп жүрген Мұса Әлімқұлов бұрынғы әдетінше ресми басылымдарды әлі жиі оқитынын айтады. «Елдің негізгі саяси және экономикалық бағыт-бағдарын қадағалауды әдетке айналдырған» тұрғынның пікірінше, биыл Қазақстанда жемқорлықпен күрес ерекше күшейген.
– Бұрын тек ірі бастықтардың орынбасарлары ғана ұсталатын. Ал биыл пара алған министрлер де, әкімдер де қолға түсіп жатқанын телеарналардан көрдік. Тіпті бұрынғы премьер-министрдің өзі қамауға алынды, – дейді Мұса Әлімқұлов.
Ол биліктегі «Нұр Отан» партиясының биыл жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтетінін жариялап, 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын таныстырғанынан да хабардар. Қай шенеуніктің қанша парамен ұсталып, қандай жазаға тартылғанын айтқан Мұса Әлімқұлов «қамауға алынса да әлі сотталмаған кейбір ірі шенеуніктердің қалай да сотталатынына» сенеді.
«БҰЛ КҮРЕС – ЕСЕП АЙЫРЫСУ ҚҰРАЛЫ»
Бірақ «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» деп аталатын қоғамдық ұйым жетекшісі Мұсағали Дуамбеков Мұса Әлімқұлов айтқан пікірмен – «коррупциямен белсенді күрес жүріп жатыр» деген сөзбен келіспейді. Дуамбековтің сөзінше, қарапайым адамдар жемқорлыққа қатысты оқиғаларға тек ресми БАҚ-тардың үгіт-насихаты дүрбісімен ғана қарайды.
Бірақ жемқорлықпен күресуге тиіс органдардың өзі жемқорлыққа батып жатқанын өз тәжірибемнен көрдім.Мұсағали Дуамбеков.
– Биыл бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің де [«аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен] қамауға алынуы расында жемқорлықпен күрестің қарқынды жүргендігін көрсететін сияқты. Соған сенгің де келеді. Бірақ жемқорлықпен күресуге тиіс органдардың өзі жемқорлыққа батып жатқанын өз тәжірибемнен көрдім, – дейді Мұсағали Дуамбеков.
Парламент сенатының бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова «жемқорлықпен күрес туралы ұрандату мен оны орындаудың айырмасы көп» деп санайды.
– Жемқорлықпен күресеміз дейтін ұран биыл да қайталанды. Бірнеше ірі шенеуніктердің үстінен іс қозғады. «Нұр Отан» партиясы бағдарлама қабылдап, комиссия құрып, қоғамдық қабылдау жасағансиды. Бірақ ол жемқорлықпен күрес емес, өзара есеп айырысу екені түсінікті, – дейді ол.
Зәуреш Батталова үстінен іс қозғалса да әлі сот шешімі шықпаған шенеуніктерді кейбір ақпарат құралдары қылмыскер ретінде көрсететініне де ренжіді.
«ҚОҒАМ БҰЛ КҮРЕСТІ ҚАЖЕТ ЕТІП ОТЫР»
Саясаттанушы Талғат Мамырайымов қазір қоғам жемқорлықпен күресті ерекше қажет етіп отырғанын айтады. Оның пікірінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлыққа күрес жариялау арқылы қоғамдағы әлеуметтік наразылықты тарқатқысы келеді.
Назарбаев мұндай ойындар кезінде тіпті өзі сенген адамдарды да бақталастарының талауына беруден тартынбайтыны Серік Ахметовтің ісінен көрінді.Талғат Мамырайымов.
– Бұл күрестің тағы бір мақсаты – биліктегі ықпалды топтардың тепе-теңдігін сақтау, кейбір топтардың тым күшейіп кетуіне мүмкіндік бермеу. Назарбаев мұндай ойындар кезінде тіпті өзі сенген адамдарды да бақталастарының талауына беруден тартынбайтыны Серік Ахметовтің ісінен көрінді. Премьер-министрлікті, қорғаныс министрі қызметін сеніп тапсырған шенеунікті соттатпайтын шығар, бірақ соның мысалы арқылы өзгелерді сескендіретіні анық, – дейді ол.
Талғат Мамырайымовтың айтуынша, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынның соттағы соңғы сөзінде Назарбаевтан кешірім сұрауы және салыстырмалы түрде жеңіл жазаға – шартты жазаға тартылуы да саяси элитаның тағдырын президенттің өзі шешетінін көрсетеді.
– Назарбаев мұндай оқиғаларды жемқорлықпен күрестің күшейіп бара жатқаны ретінде көрсетеді. Қарапайым халық нақты сандарды көреді. Параның көлемі көп болған сайын нәтиже де жоғары деп ойлайды, – дейді ол.
Биыл ондаған шенеунік «жемқорлық» айыбына байланысты қамалды не сотталды. Олардың арасында табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы – «300 мың доллар пара алды» деген күдікке ілінген Мұрат Оспанов, Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы – «272 мың АҚШ доллары және 75 миллион теңгеден астам пара алды» деген айыппен 12 жылға сотталған Ғабдұллатиф Мырзақұлов, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары – «1 миллион 500 мың долларға жуық ақша көлемінде пара алды» деген айыппен 6 жылға сотталған генерал Бағдат Майкеев,бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі – «кәсіпкерден қомақты пара алды» деген айыппен 10 жылға сотталған Мүсілім Өміраевтар да бар.
Қазақстан Transparency International ұйымының әлемдегі 2014 жылғы жемқорлық деңгейі жайлы есебінде былтырғы 140-орнынан ілгерілеп, 175-елдің арасында 126-орынды иеленген. Халықаралық ұйым Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің төмендеуін заңнаманы реформалауға күш салып жатқанымен байланыстырса да, ол заңның әсіресе сот жүйесінде нашар қолданылатынын ескертеді.