«Бопсалауды тоқтата алмасақ та, пара бермеуге шамамыз жетеді»

Коррупцияға қарсы іс-қимылдар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Жанар Жандосова.

9 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық жемқорлықпен күрес күні ретінде аталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Жанар Жандосова Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы антикоррупциялық саясаттың тиімділігі жайлы ойларын айтады.

Халықаралық Transparency International зерттеу тобының болжамынша, жемқорлық индексінде Қазақстан 126-орынды иеленген. Бұл ел 2013 жылы 140-орында тұрған. Коррупцияға қарсы іс-қимылдар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Жанар Жандосова Азаттыққа берген сұхбатында «елдің 14 сатыға көтерілуі жемқорлықпен тиімді күрес жүріп жатыр деген сөз емес» дейді.

Жанар Жандосова: – Бұл тізімдегі елдердің қатарында төменгі үштіктеміз. Іс жүзінде Қазақстанның индекстегі позициясы әлдебір елдердің рейтингі түсіп кеткендіктен ғана жақсарып отыр. Мысалы, бұрын бізден жоғары тұрған Ресейдің рейтингі биыл түсіп қалды. Яғни бұл елімізде бір нәрсе жақсарғаны емес, өзге елдер коррупциямен жеткіліксіз әрі тиімді күреспеген дегенді білдіреді.

САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР МЕН «ЖАСҚАУ»

Азаттық: – Сізге мемлекеттің антикоррупциялық стратегиясында не ұнамайды?

Жанар Жандосова: – Бізде антикоррупциялық стратегияны азаматтық қоғаммен бірге талқыламайды. Ондай бағдарламаларды (осыған дейін төртеуін қабылдап тастады!) қоғамдық кеңесте талқылаған кезде «Әлдебір имидждік шараларға қыруар ақша жұмсаудың қажеті не?»деген сияқты сұрақтарды үнемі қоямыз. Қазір мемлекет тағы бір антикоррупциялық құжат әзірлеп жатыр. Оны әуелі қаржы полициясы сайтына жариялап еді, кейін алып тастады. Бізге «комментарий беріңдер, ұсыныстарыңды жолдаңдар» дейді. Бірақ біз жіберген ұсыныстардың қайда кетеді, оларды қаншалықты ескереді – бұл жағы түсініксіз.

Азаттық: – Сіздер қандай ұсыныстар енгіздіңіздер?

Жанар Жандосова: – Антикоррупциялық стратегияға мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысы, активтері, мүлкі туралы декларацияны енгізу өте маңызды. Мемлекет, мысалы, шенеунік байлығының қайдан келгенін түсіндіре алмаса, бүкіл мүлкі тәркіленеді деген тармақ енгізе алады. Коррупциямен күрестің Стамбул жоспарының бұл нормасын біздің елде қабылдауды 2025 жылға қарай ысырып қойды. Біз «саяси ерік-жігер керек» дегенді талмай айтып келеміз. Саяси ерік-жігер бар сияқты көрінеді, ал іс жүзінде жоқ.

"Тендер". Аңсаған Мұстафаның карикатурасы.

Азаттық: – Саяси коррупциямен күрес туралы айтсақ, есімі, қызметі, атағы дардай адамдарға қатысты ара-тұра процестер басталып, тергеу амалдары жүріп жатады. Әлде елде өздерін заңнан биік қоятын, «мызғымайтын мықтымыз» деп санайтын адамдар тобы қалмады ма?

Жанар Жандосова: – Бұл да күрестің бір бөлігі болуы тиіс, бірақ онымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Меніңше, елде ондай «мықтылар» тобы бар, бірақ оның кейбір мүшелерін қылығына қарай «жасқап» отырады.

ЗАҢДАРҒА АНТИКОРРУПЦИЯЛЫҚ САРАПТАМА

Азаттық: – Жемқорлықа қатысты тағы қандай сұрақтар мен эмоциялар туындайды?

Жанар Жандосова: – Бұрын мен заң жобалары жемқорлыққа қарсы күрес талаптарына сәйкес сарапталатын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ жуырда ғана – қазан айында антикоррупциялық сараптаманы «ғылыми сараптаманың бір бөлігі» деген уәжбен нормативтік актілер тізімінен шығарып тастады. Мүлде олай емес қой. Халықаралық нормаларға сай келмейтін дүниелер көп. «Пара беруге уәде ету, ұсыну немесе пара сұрау» деп аталатын норма бар, оның өзі коррупциялық қылмыс болып саналады. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер «бұл – аяқталмаған қылмыс» деп түсінеді де, оған бола түрмеге отырғызуға болмайды деп санайды. Ал өзге елдерде бұл норма коррупцияны тоқтатады.

Азаттық: – Сіз заңдарды күшейтуді қолдайсыз ба?

Жанар Жандосова: – Біреуді аяусыз жазалағанын қаламаймын, бірақ ондайларды халықтың алдында жария жазалау керек деп есептеймін.

Азаттық: – Жұрт арасында мемлекеттік секторда ғана жемқорлық бар деген пікір тараған, онымен келісесіз бе?

Мемлекеттік қызметкерлердің пара бопсалау әрекеттерін тоқтата алмасақ та, олардың ығына жығылмауға әрі пара бермеуге шамамыз жетеді.

Жанар Жандосова: – Әрине, олай емес. Бизнес-сектор – жемқорлық компоненттерінің бірі. Олар «мемлекеттік қызметшілермен өзара сыбайлас болуға, коррупциялық қылмысқа амалсыздан баруға тура келді» деп жиі ақталады. Бірақ кейде мемлекеттің бұған қатысы да болмайды. Бизнес саласы да – пара берсең қызметің өсетін, тиімді шешім шығартып алатын корпоративтік сектор. Ашықтық, жариялылық жоқ жерде мұндай коррупциялық схемалар жойылмайды.

Азаттық: – Тәуелді, еріксіз қоғамда қазынаны тонаумен тиімді күрес жүргізу мүмкін бе?

Жанар Жандосова: – Меніңше, Қазақстанда мүмкін емес. СССР-де туып-өскен жанмын, бірақ қазіргі жағдайымды ешқандай сөз еркіндігі болмаған Совет Одағындағы мүшкіл халге ауыстырмас едім.

Азаттық: – Қазіргі кезде «пара берсем бе» немесе «алсам ба» деген қиын таңдау алдында тұрған азаматтарға халықаралық коррупциямен күрес күні қандай тілек айтасыз?

Жанар Жандосова: – Мемлекеттік қызметкерлердің пара бопсалау әрекеттерін тоқтата алмасақ та, олардың ығына жығылмауға әрі пара бермеуге шамамыз келеді. Меніңше, адамдар өз құқығын көбірек біліп, күш-жігеріне сенімдірек болуы тиіс.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.