Декларациялауды ысыра тұрудың себебі неде?

Мәжілістің алтыншы шақырылымы депутаттары. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

Кіріс-шығыс декларациясын кейінге қалдыруды ұсынған депутаттар мемлекеттік органдар мен халықтың дайындығында кемшілік барын айтады. Ал сарапшылар мұның сырын басқадан іздейді.

Қазақстанда 2017 жылдан бастап кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялауды енгізудің бірінші қадамы іске асырылмақ. Алайда парламент мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары тарапынан үкіметке бұл науқанды кейінге шегеру туралы ұсыныстар айтыла бастады. Солардың бірі Нұртай Сабильянов кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңін 2017 жылдан 2022 жылға, ал екіншісі кезеңін 2020 жылды 2025 жылға, «яғни ауылдық елді мекендер интернет желісімен толық қамтамасыз етілгенге дейін» шегеруді сұрайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Декларациялау. Аудиоподкаст.

Парламент сайтында «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттарының жиынында депутаттар тарапынан декларациялауды жүргізетін мемлекеттік органдар дайындығы сыналып, үкіметке бірқатар ұсыныстар жасалғаны да жазылған.

«ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ ҚАЖЕТ, БІРАҚ...»

Депутат Нұртай Сабильянов Азаттық тілшісімен әңгімесінде «табыстар мен шығыстарды декларациялау көлеңкелі экономика және жемқорлықпен күресудің тиімді жолы» екенін айтты. Бірақ оның сөзінше, декларациялауды уақтылы іске қосуға дайындықтың кемшін тұстары бар.

Депутат Нұртай Сабильянов.

- Бірінші кезекте үкімет өзінің мүлік, автокөлікке байланысты, басқа да базаларды ретке келтіру керек. Мәселен, салық комитетінің мемлекеттік органнан алған мәліметі декларациядағы мәліметпен сәйкес келмесе, онда декларация дұрыс толтырылмаған болып есептеледі. Оған бірінші ескерту жасалады, екінші жолы айыппұл төлеуге тура келеді. Сондықтан да айыппұлдың көлемін қазіргі кезде төмендетуді қарастырып отырмыз. Кей азаматтар ол декларацияны толтыра алмайды. Оған ыңғайлы жүйе керек. Біздің айтып отырғанымыз осы жүйені қысқаша екі беттен ғана қылып жасап, қарапайым халық өзі толтыра алатындай болуы керек, – дейді Нұртай Сабильянов.

Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев «2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық компаниялар қызметкерлері табыс декларациясын тапсыра бергені дұрыс, ал науқанның екінші кезеңін дайындыққа қарай көру керек» деп санайды.

- Біз жалпыхалықтық декларация тапсыруға келуіміз керек. Бірақ оған қалай келеміз? Біздің салық комитеті, басқа да мемлекеттік органдар, халық дайын ба? Халыққа түсіндірдік пе бұл мәселені? 2020 жылға дейін созылған мәселе. Бірақ 2020 жылға дайын болмаса, оны ары қарай да созу мәселесін қарастыру керек. Интернет арқылы техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі шешілуі керек. Сондықтан бұл мәселені дайындалып қана бастауымыз керек, – дейді депутат Мәулен Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «декларациялауды кешеуілдету туралы ұсыныстардың» себебін салық органдарынан көреді.

Азат Перуашев, мәжіліс депутаты. Астана, 9 маусым 2016 жыл.

- Салық органдарымыз «әлі дайын емеспіз», «кейін дайын боламыз» деп айтып жүр. Меніңше, бұл – олардың кемшілігі. Олар өз жұмысын дұрыстап реттей алмай жүр. Оған қарамастан оларға талап қойып, [декларациялауға] көшуіміз керек. Себебі салық декларациясы деген – жемқорлыққа қарсы ең тиімді әдіс, – дейді Азат Перуашев.

«БИЛІК ПЕН БИЗНЕСТІҢ ҚАБЫСУЫ»

Азаматтық белсенді, бұрынғы депутат Уәлихан Қайсар да «табыс декларациясын енгізу салықтан жалтаруға түбегейлі тосқауыл болмайды, әрі халыққа да зияны тиюі мүмкін» деп қауіптенеді.

- Декларациялауды жаппай енгізетін болсақ, миллиондаған адам бұл декларацияны толық дұрыс толтыра алмайды. Декларацияны енгізбегендерге әкімшілік кодексте айыппұл қарастырады. Ең алдымен халықтың білім деңгейін көтеру керек. Одан кейін декларациялауды енгізуге болады, – дейді Уәлихан Қайсар.

Уәлихан Қайсаров.

Оның пікірінше, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге «салықтан қашпау үшін, өздерінің жемқорлыққа қатыссыздығын дәлелдеу үшін» декларациялау тапсыруды міндеттеу керек.

- Ал жасырын бизнесі бар мемлекеттік қызметкерлер табысын декларация арқылы анықтау қиын. Себебі ондай шенеуніктер бизнесін көбіне туыстары мен жақындарының атына рәсімдеп алған, – дейді ол.

Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Талғат Демесінов «декларациялау мақсатына толық жетпесе де көлеңкелі экономиканың қазіргідей ешқандай шектеусіз жүрмеуіне ықпалын тигізеді» деген сенімде. Ол декларациялауды кейінге шегеру туралы ұсыныстардың басқа астарын іздейді.

Талғат Демесінов, экономист.

- Депутаттардың арасында да кәсіпкерлік саладан шыққандар бар. Заң жүзінде (де-юре) бизнестері болмаса да, де-факто бизнесі бар ауқатты адамдардың бар екені рас. Сол жағынан келгенде көлеңкелі бизнестің бәрін жарыққа шығару депутаттарға да тиімсіз шығар. Сондықтан да кейінге қалдыра беретін шығар, – деп жориды Талғат Демесінов.

Ол «Қазақстан экономикасының дамуына кедергі келтіріп тұрған үлкен бір фактор – билік пен бизнестің қабысып кетуі» екенін айтады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламасы бойынша, кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялауды енгізудің бірінші қадамы 2017 жылы басталуы керек болған. Ол жоспар бойынша мемлекеттік және ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлері декларация өткізуі тиіс. Ал 2020 жылы Қазақстан азаматтарының барлығы жылдық табыстары мен шығындарының есебін тапсырады деп жоспарланған.