Бала күтушіге сұраныс та, сенбестік те бар

Бала ойнатып жүрген әйел. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

Жас балаға қарайтын кәсіп иелерін тек ауқаттылар ғана емес, көпшілік жұрт та іздей бастаған. Кейбір жұмысбасты ата-аналар оларды жасырын камера арқылы бақылап отырады.
Қазақстанда бала күтушіге сұраныс көп. Мамандардың сөзіне қарағанда, күтушілер айлығы жақсы болса да, кәсібін ашық айтудан ұялады.

Алматылық Эльвира Жетпісбаеваның айтуынша, бала күтуші болып қызмет етіп жүргеніне сегіз жыл болыпты. Азаттық тілшісі хабарласқанда 46 жастағы келіншек екі жасар баланы қыдыртып жүр екен.

ӘР БАЛАҒА ЖЕКЕ ЖОЛ ТАБУ

– Мен Алматының шет тілдер институтына түскенмін, бірақ оны аяқтаған жоқпын. Кейін үш жыл мектепте, тағы бес жыл балабақшада қызмет еттім. Одан кейін 1990 жылдар басталды, жұмыссыздық қаптады. Сөйтіп жүріп бала күтушілікке кеттім, – деп әңгімесін бастады сұхбаттасымыз.

Эльвира «бұл жұмыстағы басты дүние - балаға деген махаббат пен сабыр» екенін айтты.

– Мен әр баламен және оның ата-анасымен достық байланыс орнатамын. Мінезім сондай. Әр бала – жеке тұлға, оларға жол таба білу керек. Ата-аналар жұмысбасты болып кеткен, тым ашуланшақ, балаға қарапайым мейірім мен махаббат жетіспей жатады. Осы олқылықты біз толтыруға тырысамыз, – дейді ол.
Әр бала – жеке тұлға, оларға жол таба білу керек. Ата-аналар жұмысбасты болып кеткен, тым ашуланшақ, балаға қарапайым мейірім мен махаббат жетіспей жатады.

Эльвира аптасына бес күн таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Баланың қауіпсіздігі, оған қарау, уақытында тамақтандыру, ұйықтату, музыкалық қабілеті мен тілін дамыту – оның негізгі міндеттері. Қызметі үшін айына 80 мың теңге алады.

– Біздің жұмысымыздың бір жақсы жағы – егер бір отбасында жақсы қырыңнан көрінсең, сені ата-аналар өздері-ақ іздеп тауып алады. Әзірге осы сегіз жылда жұмыссыз қалған емеспін, – деді Эльвира Жетпісбаева.

«КӨП АТА-АНА ЖАС КҮТУШІ ІЗДЕЙДІ»

Ольга да бала күтуші болып қызмет етеді. Бірақ бұл қызмет оның негізгі табыс көзі емес, өз мамандығы – аспаз.

– Шарасыздықтан емес, балаларды жақсы көргендіктен, күтуші болып қызмет етемін. Әр кезде әрқалай, кейде балаларды маған алып келіп тастайды, кейде мен барып бірнеше сағат үйлерінде қарап беремін, – дейді Ольга.

Сұхбаттасымыз тұрақты түрде емес, бірнеше сағатқа ғана бала күтетінін айтады.

Үйлерінде қызу ойынға кіріскен балалар. Фотоны Азаттыққа Мәдина Шадаева жіберген. (Көрнекі сурет)


– Кейде ата-аналар бірнеше сағат мейрамханаға қонаққа немесе бірнеше күнге іссапарға кетіп қалады, сол кезде баласын қарап беремін. Ақшасы да әрқалай, жағдайларына қарай төлейді. Сағатына 500 теңгеден 2000 теңгеге дейін аламын. Балаға ең бастысы махаббат керек, көп ата-ана бала күтуге жас қыздарды іздейді, кейін опық жеп жатады. Себебі балаға деген махаббат пен ықылас жас ұлғая келеді. Әрине, жас қыздардың да өз артықшылықтары бар. Бірақ бала мейірімді бірден сезінеді. Оны тек ойнату ғана жеткіліксіз, оған көп нәрсені үйрету де керек, – дейді Ольга.

46 жастағы сұхбаттасымыз Алматыда бала күтушілер көбейіп кеткенін айтады. «Олардың көбі бұл жұмыстың қызығымен бірге қиындығы да мол екенін ескермейді» дейді ол.

«БАЛА КҮТУШІМІН» ДЕУДЕН ӘЛІ ДЕ ҰЯЛАДЫ

Алматыда 16 жылдан бері ауқатты шаңырақтарға үй қызметкерлерін тауып берумен айналысатын агенттік директоры Зәуре Алпысбаева өздеріне күніне баласына күтуші іздеген 10 адам телефон соғатынын айтады.

– Оның бесеуі бізбен келісім-шарт жасасады. Егер бұрын қызметші жалдау тек ауқаттылардың ісі болса, қазір ол – заман талабы. Себебі көп ана босанғаннан кейін бір-екі айдың ішінде жұмысқа шығып кетіп жатады. Бұрынғыдай апа мен ата да жоқ қарайтын, оның өзіндік себептері бар. Біреулері қарттарға бала қаратып, қосымша ауыртпалық салғысы келмейді. Енді бірі балаларына білікті адам қарап, кішкентайынан тіл үйретіп, музыкаға бейімдегенін қалайды. Бұл жағдайда ақшасын беріп, бала күтуші жалдаған тиімді, – дейді агенттік басшысы.

Оның сөзінше, қазір бала күтушіге қойылатын талап күшейген.
Бұрын «мейірімді тәте болса болды» деуші еді, қазір педагогикалық, бастапқы медициналық білімі болғанын қалайды. Тіл білу, музыкадан да хабары болуы керек.

– Бұрын тек «мейірімді тәте болса болды» деуші еді, қазір педагогикалық, бастапқы медициналық білімі болғанын қалайды. Тіл білу, музыкадан да хабары болуы керек. Әрине, бастысы – бала күтушінің жеке қасиеттері. Ол мейірімді, әрі сабырлы болуы тиіс, – дейді сұхбаттасымыз.

Агенттік басшысы кадрлерінің біліктілігіне қатты мән беретінін, сондықтан оларды жіті тексеріп барып, сұраған үйлерге жіберетінін айтады.

– Әрине, кейде ата-аналардың бала күтушілерге көңілі толмай жатады, онда біз басқа қызметшімен ауыстырамыз. Қызметкерлеріміз – сенімді адамдар. Бірақ көпшілігі бала күтуші екенін жасырады. Бала күтуші – үй қызметшілерінің бірі, бізде бұл қызметті малай не жалшы деп қабылдайды. Сондықтан бұл қызметтің ақшасы жақсы болғанымен, атын атаудан ұялатындар көп, – дейді Зәуре Алпысбаева.

БАЛА БАҒУШЫНЫ БАҒУ

Қаладағы бейнебақылау құралдарын сатып, оны орнататын жеке компаниялардың бірінің менеджері Никита Бордуг, өздеріне келетін әрбір үшінші адамның «бала күтушісін жасырын түрде бақылағысы келетінін» айтады.

– Әдетте бейнебақылауды бала күтушісі байқамайтын, бірақ ол кіруге рұқсат етілген бөлмелерге орнатамыз. Клиенттеріміз бізге қосымша дыбыс жазу құралдарын да орнатып беруді сұрайды, алайда оған заң бойынша тыйым салынған, – дейді компания өкілі.

Оның сөзінше, бір бейнебақылау құралы мен оны орнату құны 70 мың теңге болады. Әдетте тұтынушылар мұндай құралдың бірнешеуін бір-ақ орнатады екен.

Бала бөлмесі. (Көрнекі сурет). Қазақстан, 20 маусым 2012 жыл.


– Әрине, біршама ақша кетеді, бірақ бұл ақша баласының денсаулығынан артық емес. Себебі бейнебақылау орнатқаннан кейін, бала күтушісінің баласына қол көтергенін көріп, көздері ашылғандар аз емес, – дейді Никита Бордунг.

Бұл ретте Зәуре Алпысбаева бала күтушілікке тек ақша үшін келетіндер де бар екенін айтты. «Ондай күтушілердің қызметі көпке бармайды» дейді сұхбаттасымыз.

– Жасыратыны жоқ, педагогикалық және медициналық орта білімі барлар бұл қызметке ақшасы үшін келеді. Себебі мемлекеттік мекемелер мен балабақша жалақылары мардымсыз. Ал мұнда белгіленген графигіңіз бар, бір-екі баланы қарап, олармен бірге болғаныңыз үшін 100 мың теңге аласыз. Бірақ балаға деген мейірім мен сүйіспеншілігі жоқ адам бұл жұмысты атқара алмайды, – дейді ол.