Павлодарлық Жолдас Нұрхановтың отбасы күн сайын «саяжайдағы үйімізді әне-міне бұзады» деген оймен оянады. Билік оларға мұны екі жыл бұрын ескерткенімен, уәде етілген өтемақы енді ғана түсуі тиіс. Ол кезде билік «жаңа көпір салынатын тұстағы үй-жайлар бұзылады» деп мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5
Отағасы аядай жерін үш жыл бұрын 800 мың теңгеге сатып алған. Өз баспанасы болмаған Нұрхановтар отбасы үшін бұл үлкен қуаныш болған. Учаскеде бұрынғы иесінен қалған шағын қора-жай болған екен, бірақ отағасы оның орнына үй салуды ұйғарған. Бір жарым миллион теңге жұмсап, жарық пен су тартқан. Ол үйдің құжаттарын үйді салып болған соң жөндемек болған. Бұл қателігінің кесірінен енді ол өтемақыдан қағылмақ.
- Құрылысты бастап кеттім де, бүкіл ақшам үй салуға кетті. Мұнда жұрттың бәрі осылай тұрады, мұндай проблема ешқашан болмаған. Оның үстіне үйдің құжаттарын ресімдеу аз ақша тұрмайды ғой. Жол құрылысы басталатынын қайдан білейік? – дейді Жолдас Нұрханов.
Саяжайға арналған жер болғандықтан, оған небәрі 600 мың теңге ғана төленеді. Ал үй заңсыз салынған деп танылғандықтан, оны бұзғаны үшін өтемақы төленбейді.
– Үйді есепке алмай, жерді 600 мың теңгеге ғана бағалап кетті, ал бұл түкке тұрғысыз тиын-тебен ғой, бұл ақшаға тіпті жер телімін де сатып ала алмайсың. Қашан бұзады деп күтіп отырмыз, қазір осында тұрып жатырмыз. Екі жыл бұрын «ештеңе екпеңдер» деп ескерткеннен кейін ештеңе екпеп едік, соған өкініп қалдық. Өтемақыны маусымда төлейміз деп уәде еткен. Одан кейін қайда барамыз, білмеймін. Әзірше пәтер жалдай тұрып,өзге жер қараймыз ба – оны да білмеймін, – дейді Жолдас Нұрханов.
Әкімдік жол айырығы құрылысына бөгет болып тұрған 157 саяжайдың жер телімін алмақ. Әлгі жерлердің иелерінің көбі өтемақы сомасына келіскен. Билік өкілдерінің айтуынша, 146 үйдің иесі саяжайды бағалаған сомамен келісіп, арыздарын жазған. Бұдан бөлек тағы алты телім бар, олардың материалдары сотта жатыр. Оның біреуі қараусыз қалған жер ретінде Павлодар билігі меншігіне қайтарылған.
- Осы аптада республикалық бюджеттен 41 миллиондай теңге түсті. Жер қатынастары бөлімі қазына бөліміне тапсырыс жолдап қойды. Жуырда бүкіл сома қалалық әкімдік балансына аударылуы тиіс, сондықтан иелеріне өтемақысын төлеп, әлгі жерлерді дүйсенбіден бастап алуды жоспарлап отырмыз. Әр қожайын орта есеппен 700 мың теңгеден 4 миллионға дейін алады. Сома көлемі саяжайдағы үй-жайлардың, көшеттер мен қоршаудың бар-жоғына, олардың сапасына және коммуникация тартылғанына қарай есептеледі, - дейді Павлодар жер қатынастары бөлімі басшысы Назар Жұмабеков.
Шенеуніктер заңға байланысты проблемаларды шешіп жатқанда, «Орталық-Шығыс» транспорт дәлізін жөндейтін бас мердігер «Павлодаржолдары» ЖШС-і жергілікті тұрғындармен өзі келісуге тырысып жатыр.
- Жұмысымыз тоқтап тұр, ал көпірді салып бітіру керек. Ақшаны әлі күнге төлеген жоқ. Бұл кейін жұмысымызды қиындатып, жол құрылысы созылып кетуі мүмкін, - деп хабарлайды бас мердігер өкілі Кристина Паршукова.
Оның айтуынша, құрылысшылар көпірдің тіреуін орнату үшін екі учаскенің қожайынымен келісіп, оларға ақшасын төлеп қойған.
«Орталық – Шығыс» автобанының құны - 40 миллиард теңге. Үлкен транспорт дәлізі төрт қала - Астана, Павлодар, Семей және Өскемен арасын қосады. Жол айырығын Қазақстан тәуелсіздігі күніне орай, яғни биыл желтоқсанның 16-сы күні ашу жоспарланған. Ел аймақтары Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына осындай «еңбек тартуларын» дайындап жатыр.