«Зиянды» антенна туралы шағым теріске шығарылды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Kcell компаниясының ұялы байланыс антенна орнатылған көшенің тұрғындары наразылық шеруіне шықты. Олардың айтуы бойынша, "антенна денсаулыққа қауіпті". Алматы облысы, Есік қаласы, 1 мамыр 2013 жыл.

Есік қаласының тұрғындары үй төбесіндегі ұялы байланыс антеннасын алып тастауды талап етті. Ал мамандар «антенна денсаулыққа қауіпті» деген уәжбен келіспейді.
Есік қаласының ондаған тұрғыны осыдан 2 жыл бұрын жеке меншік үйлердің бірінің төбесіне орнатылған «ұялы байланыс антеннасының кесірінен маңайдағы үйлердің тұрғындары мен жануарлары қауіпті кеселге шалдығып жатыр» деп Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне шағым түсірген.

Бұл антеннаның қожайыны - Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторларының бірі Kcell компаниясы. Тұрғындардың шағымының негізсіз екенін айтқан санитарлық қадағалау мекемесі «антеннаның денсаулыққа зияны жоқ» дейді.

Алматы маңындағы Есік қаласының белсенді тұрғындары санитарлық қадағалау мекемесінің қорытындысына наразылық акциясын өткізді. Мамырдың 1-і күні - еңбекшілердің ынтымақтастығы мерекесінде көптеген елдерде өткен шеру-жиындарға Есік қалашығының кейбір тұрғындары да үн қосты.

Қолдарына плакат көтерген ересектер мен балалар Kcell компаниясының антеннасы орнатылған үйдің жанына жиналып, өз наразылығын білдірді.

Тұрғындар үй қожайынынан компаниямен бекіткен келісім-шартты бұзып, антеннаны алып тастауын талап етті. Олар жеке меншік үй иесі мен ұялы байланыс компаниясына бірдей талап қойып отыр.

Наразылық акциясы өткен күні үй қожайыны болмады. Көршілерінің айтуынша, үйі мен антенна орнатылған шатырын жалға берген ол басқа жерде тұрады. Үйдің қожайынымен жолығудың сәті түспегендіктен, Азаттық тілшісі Kcell компаниясының өкілдері мен көршілес үйлердің тұрғындарының пікірін сұрады.

ШАТЫРДАҒЫ АНТЕННА

Сегіз жасар Азиз Алиев тұратын үй үлкендігі орташа тоңазытқышқа ұқсайтын құрылғыдан бірер метр жерде ғана тұр. Бірақ әлгі жәшіктен шығатын дыбыс зауыттан шығатын шудан кем емес.

Лейла Алиева ұлы Азизбен бірге тұр. Алматы облысы, Есік қаласы, 1 мамыр 2013 жыл.


Мамандар бұл құрылғыны «ұялы байланыстың базалық станциясы» деп атайды. Жәшіктен тартылған кабельдер үй шатырына орнатылған күміс түсті ұзын антеннаға жалғанған.

Баланың анасы Лейла Алиева әлгі құрылғыдан шығатын шуға төзу мүмкін емес екенін айтады. Баласының денсаулығы нашарлап бара жатқанын мәлімдеген ол «Дәрігерлер баламнан бірнеше аурудың белгілерін анықтады, түнде тыныш ұйықтай алмайды, бас ауруынан берекесі қашты» дейді.

- Үйіміз антеннаның базалық станциясына тиіп тұр. Антенна шатырда орнатылғанымен, станциясы жерде тұр. Үні бір сәт өшпейді. Ұлым жиі ауыратын болды. Сүйектері қисайып, лимфа түйіндері ұлғайған, - дейді Лейла Алиева.

Лейла Алиева көршінің үйіндегі антеннаның кесірінен бақшасында да ештеңе өспейтінін айтады. Жылда жаңалап отырғызатын жеміс ағаштарының тамыры бекімей, бірден солып қалады екен.

Есік қаласының тағы бір тұрғыны Любовь Турованың айтуынша, оның Лимон деген үш жасар кенар құсы бұрынғыдай сайрамайды, күннен күнге арып барады. Асырап отырған иті мен мысығы осыдан екі ай бұрын аяқ астынан өліп қалыпты. Әйелдің өзі «Екеуі де көрші үйдегі антеннаның әсерінен қатерлі ісікке шалдығып өлді» деп есептейді.

Есік қаласының тұрғыны Любовь Турова. 1 мамыр 2013 жыл.


Асыл тұқымды, қымбат ит болғанын, ветеринарға көрсетуге ақшаны аямағанын айтқан әйел:

- Ветеринар Персия деген итімнен қатерлі ісік тапты. Үш операция жасаттық, бірақ өліп қалды. Көп ұзамай Маркиз деген мысығымның тұмсығында да ісік пайда болды. Оны да емдетіп көрдік, бірақ ол бейшара да өлді, - дейді Любовь Турова.

Ол антеннадан тарайтын сәулелердің зиянды әсері үйдегі ит пен мысыққа бірінші болып тиді деп есептейді. Әйелдің пікірінше, адам ағзасынан гөрі, жануарлар ағзасы электромагнитті толқындардың әсеріне тез ұшырайды.

- Антеннадан тарайтын толқындардың сәуле деңгейін тексерту үшін санэпидемиологиялық қадағалау мекемесінен мамандар шақырсақ, қожайындары агрегаттың қуатын бәсеңдетіп тастайды. Өлшеген кезде қалыпты нормадан ауытқымаған болып шығады. Егер олар аяқ асты келіп тексерсе, оның қандай зиянды екенін көрер еді, - дейді Любовь Турова.

ЭЛЕКТРМАГНИТТІК СӘУЛЕ ДЕҢГЕЙІН ӨЛШЕУ

Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің маманы Ирина Лидің айтуынша, Есік тұрғындарының «денсаулыққа зиянды әсері бар» деген шағымы бойынша антенна тексерілген. Мекеме мамандары «Электромагниттік сәуле көрсеткіштері белгіленген нормадан аспайды» дейді.

Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің маманы Ирина Ли. Алматы облысы, 1 мамыр 2013 жыл.


Kcell компаниясының қызметкерлерінің айтуынша, базалық станциялар адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіз. Азаттыққа берген түсініктемесінде олар «антенна орнатар алдында рұқсат құжаттарын аламыз» деп жазған.

- Антенналарды Еуропадан әкелеміз. Қауіпсіздігі туралы санитарлық ұйғарымы бар, мүлде қауіпсіз. Адамдардың денсаулығына зиян тигізуге біз де мүдделі емеспіз, - дейді Kcell компаниясы аймақтық өкілдігінің басшысы Александр Тойманов.

Кейбір елдерде тұрғындар ұялы байланыс операторларына қарсы жиын өткізіп, науқан ұйымдастырады. Бірақ ұялы байланыстың базалық станцияларынан тарайтын сәулелердің зиянды екені туралы мамандардың түпкілікті ұйғарымы жоқ.

Ұялы байланыс антенналарының зиянды әсеріне қатысты наразылық таныту - Қазақстан баспасөзінде бұрын-соңды көтерілмеген тақырып. Шетел баспасөзінде бұл мәселе тұрғысында азаматтық белсенділер де, мамандар де пікірталастар жүргізеді, ал Қазақстанда бұл тақырып тұрғындардың стихиялы наразылық танытуынан басталды. Азаттық тілшісі ұялы байланыс құрылғыларының жанама зиянды әсері туралы дау-дамайға әлдебір түсінік бере алатын маманды Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан таба алмады.

«Мұндай түсінбестік ақпарат тапшылығынан болып жатыр» деп мәлімдеген Kcell компаниясы «тұрғындардың наразылығы көп ұзамай басылады» деп үміттенеді.