Мүгедектер киіз басып нәпақа айырады

Зағип Валида Гарифуллина киіз басып отыр. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Теміртауда зағип және қимыл-тірек аппаратына зақым келген бірнеше мүгедек адам киіз басуды үйреніп, жұмыс тапқан. Табысы әзірше аз болғанымен, олар жеке кәсіп ашудан да үмітті.

ШӘКІРТТЕН ШЕБЕРГЕ АЙНАЛУ

Марина Лехті "өндіріс озаты" атайды. Ертеректе әскери қызметші болған, омыртқасына зақым келген соң жұмысқа жарамсыз деп таныған. Биыл ол"Шебер" сәндік-қолданбалы өнерді қолдау орталығы"ұйымы мен Теміртау қаласы жұмыспен қамту орталығы бірлесіп ұйымдастырған киіз басуды үйрететін төрт айлық курстан өткен. Енді Марина киізден бұйым жасайтын "Шебер" цехында жұмыс істейді. Бұл - оның мүгедектігі үшін алатын 22 мың теңге (65 долларға жуық) мемлекеттік жәрдемақысына қосымша табыс. Ол кейін жеке табысқа жететін шығармын деп үміттенеді.

- Зағип әріптестерім сияқты проблемаларым жоқ болғанымен, денсаулығыма қарай жұмыс істеймін. Бұл - өте ауыр еңбек. Шәркей басу өте қиын. Қолдарың сырқырап кетеді. Мемлекет төлейтін әлгі жәрдемақыға қарамай, адам сияқты өмір сүргің келеді, әрине. Бірақ мен пессимист адам емеспін әрі мына жерде ақша үшін ғана жұмыс істемеймін. Шәркей басуды үйреніп алғаннан кейін тағы бірдеңе жасауды үйренетін шығармыз деп үміттенеміз. Мысалы, мен кейін киізден палантин (жамылғы), киім тігер едім, - дейді шеберге айналған Марина Лех Азаттыққа.

Киіз басуды үйреніп шыққан шебер Марина Лех. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

"ЖҰМЫСҚА ТОЙҒА БАРАТЫНДАЙ ЖИНАЛАМЫН"

Көзіне зақым келіп, бала кезінен мүгедек болған Валида Гарифуллина да курста оқып, шебер деген сертификат алған. Көз жанары жартылай ғана көретін ол бейненің қалған бөлігін ойында елестетіп құрайды. Мұнда келгенге дейін, көбінесе үйде отырған.

- Қазірдің өзінде қолғап, өлшемі кішірек шәркей басып үйреніп қалдым, бұған өзім де қайранмын. Ал ересектердің шәркейін басу үшін көп күш керек. Материалдық жағынан да жақсы, әрине. Бірақ бір жақсысы, біз мұнда іспен айналысамыз, ешкімге жалтақтамай, өзімді жұртпен тең сезінемін. Жұмысқа тойға баратындай жиналамын. Анам «Соның керегі не? Көруің тіпті нашарлап кетеді ғой» деп, мені түсінбейді. Қиыны қиын, бірақ өзіме ұнайды, қазір өмірімде мән пайда болды, - дейді Валида.

Мүмкіндігі шектеулі жандар киізден басқан балалар пимасы мен шәркейлері. Темиртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Мүгедек жандар өнімнің сапасын жақсартуды, шапшаң жұмыс істеуді әлі үйреніп жүргендіктен, шеберхана толық қуатпен іске қосылмаған, сондықтан алғашқы айда жалақыны да аз алған. Шеберлер енді осы айда көбірек ақша аламыз дейді. Жұмысқа қажет материалмен жұмыс беруші қамтамасыз етеді.

МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЖАҢА ТОБЫНА АРНАЛҒАН КУРСТАР

Былтыр екі аяғының табанынан бірдей айырылған 32 жастағы Аян Смақов киіз басу шебері мамандығын меңгеруді армандайды. Цехта бірге жұмыс істейтін әріптестері Аянның қолының күші көп әрі көркемдік қабілеті мықты дейді. Қазір ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Теміртауда арнайы ашылған шығармашылық шеберханада оқып жүр.

- Аяқтарымды кесіп тастағаннан кейін еш жерде жұмыс істей алмадым. Мұнда қолымнан келгеннің бәрімен айналысамын - шәркей басып, киіз басудың құрғақ әдісімен картина жасаймын. Дарынымды қолданатын мүмкіндік табылғанына қуаныштымын, - дейді Аян.

Киіз басуды үйренген Аян Смақов. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Оның тәлімгері Наталья Воротынская мұндай дарыны бар адамның шәркей басумен ғана шектеліп қалғаны обал деп санайды. Сондықтан Аянның киізден картина басу қабілетін ұштай түспек.

Көзі нашар көретін 25 жастағы екінші топ мүгедегі Евгений Черкащенко кейін кәдесыйлық панноға айналатын киізге инемен сурет салады.

- Сулау әдісімен басу қолымнан келмеді. Сондықтан құрғақ әдіспен айналысып көріп едім, қолымнан келетін сияқты. Суретті тығыздап басу үшін бұйымға қатты еңкеюге тура келеді, бірақ ештеңе етпейді, әзірше көздерім ауырмайды. Мына істі кәсібіме айналдырсам жақсы болар еді, - дейді Евгений.

ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫНА СҰРАНЫС

Киіз басу курсын бітірген мүгедектер тобы жұмысқа қазан айының басында кіріскен. Тоғыз адамның жетеуі ғана жұмысқа шыққан. Екі мүгедек жанның жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтын болған. Қазір төрт адам шеберханада, үш адам үйінде жұмыс істейді. Олардың бәрі инватаксимен жүреді.

- Олармен айына бір рет есеп айырысамыз. Жалақы шығарған өніміне қарай әрі адамның мүмкіндігіне байланысты төленеді. Үлкен шәркей басқаны үшін үш мың теңге алады. Бірақ кейде әлгі шәркейді екі адам қосылып жасауы мүмкін, ондай кезде жалақы екеуіне бөлінеді. Көзі көретін адам зағип жанға көмектеседі. Бірақ бізде командалық жұмыс, бір-біріне қол ұшын береді, - дейді "Шебер" ұйымына қарасты өндірістік шеберханалар шебері әрі тәлімгер Наталья Воротынская.

Киізді құрғақтай басып салынған картиналар. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Жұмысқа енді кіріскен алғашқы топ қазір киізден балалар мен ересектердің шәркейін басуға тапсырма алған. Наталья Воротынскаяның айтуынша, бұл өнімге сұраныс көп. Мүгедектер екі айға жетпей 30 шақты шәркей жасаған. Бұл топта көбінесе көзі көрмейтін зағип жандар жұмыс істейді, сондықтан олардың шығаратын тауар түрлері де шектеулі. Ал жуырда жұмысқа кірісетін екінші топ өзге бұйымдар жасайтын болады, өйткені олардың кейбірі мүгедек емес.

- Біздің қалада мүгедек жандар үшін, әсіресе зағиптар үшін бұл жоба - жұмыс істеудің жалғыз мүмкіндігі. Өйткені оларды еш жер жұмысқа алмайды. Теміртауда мүгедектер өнімдерін сататын жәрмеңкелер көбірек ұйымдастырылса жақсы болар еді. Бізде ондай акциялар ара-тұра ғана өтеді. Өкінішке қарай, бізде қол еңбегін бағаламайды. Теміртауда мүгедек жандардың өнімдерін дүкенге шығаруға көмектесетін меценат табылса, жақсы болар еді, - дейді Наталья Воротынская.

Курстан өткен шәкірттер "Шебер" ұйымымен келісім-шартқа отырып, үйде жұмыс істеуіне, шеберханада қалуына немесе өз кәсібін ашуына болады. Шеберханаға келуге шамасы бар мүгедектердің көпшілігі цехта жұмыс істегенді таңдайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолөнер шеберлігіне үйретіп, кейін оларды жұмысқа орналастыру "Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Курстар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады әрі ай сайын стипендия төленеді. Стипендия көлемі 16 мың теңгеден асады (47 долларға жуық), бұл сомадан зейнетақы жарнасы ұсталады.

Мүмкіндігі шектеулі шеберлер кейде өнімдерін жәрмеңкелерде сатады. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Тоғыз мүгедек жанды оқытып үйретіп, оларды жұмысқа алуға келіскен "Шебер" ұйымы әр мүгедек жанды оқытқаны үшін мемлекеттен 45 мың теңге (135 доллар) алады. Жұмыспен қамту орталығы өкілдері мүгедек шәкірттерді келесі жылы да қабылдауымыз мүмкін дейді. Теміртауда бес мыңға жуық мүгедек ресми тіркелген.