Президент Назарбаев "қабылданғанынан қабылдануы жыр" болған Ел бірлігі доктринасының жобасын мақұлдап, басшылыққа алуға үкіметке жолдады. Доктринаның әуелгі жобасын сынаған ұлтшылдар оның осы түпкілікті нұсқасын мақұл көріп отыр.
ДОКТРИНА АССАМБЛЕЯДАН ҮКІМЕТКЕ ӨТТІ
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, бейсенбі күні Астанада баспасөз мәжілісінде, доктринаны дайындау барысында қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдардың және жекелеген азаматтардың 500-ден астам ұсыныстары түскендігін атап көрсетті. Солардың басым бөлігі доктринаның қабылданған нұсқасына кірді деді ол.
Мақұлданған Ел бірлігі доктринасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енгізілді.
Ассамблея өкілдерінің айтуынша, құжаттың басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қазақстандық мемлекеттілікті сақтау, қазақ ұлтының қоғамдағы интеграциялық рөлін мойындау болып отыр.
Cолдан оңға: Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары және Мұхтар Шаханов, қазақ ақыны, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алматы,. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан халқы ассамблеясы ел бірлігі доктринасының жобасын өткен жылы қазан айында таныстырған болатын. Құжаттық әуелгі нұсқасы «қазақстандық ұлт» деген ұғымға негізделген еді. Мұндай ұсыныс қоғамда наразылық туғызған еді.
ҰЛТШЫЛДАР ҚАРСЫ ЕМЕС
Өткен жылы алдымен халық ақыны Мұхтар Шаханов доктринаға наразылық ретінде аштық акциясын өткізетіндігін хабарлады. Ақынның бастамасын елдегі интеллигенция өкілдері, ұлттық-патриоттық қозғалыстар қолдады. Олар желтоқсан айында Алматыда наразылық жиынын өткізіп, үкіметке бірқатар талаптар да қойды.
Билік Шаханов бастаған топтың ұсыныстарын қарауға келіскеннен кейін, ұлтшыл-патриоттық қозғалыстардың өкілдері Ел бірлігі доктринасы жобасына балама болатын өз нұсқаларын әзірлеп таныстырды. Ұлтшылдар Қазақстанды «қазақ елі» деп атауды ұсынған болатын.
Алайда доктринаның президент мақұлдаған нұсқасында бұл ұсыныстың жоқ екендігі хабарланып отыр. Соған қарамастан ұлтшыл-патриоттық қозғалыстардың өкілдері доктринаның мақұлданған жобасына көңілдері толатындықтарын білдірді.
«Қазақстандық ұлт» түсінігін алып тастағанына ризамыз. Сондықтан біз қарсы емеспіз», - дейді «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мұхтар Шаханов.
Ал, «Ұлт тағдыры» қозғалысының басшысы Дос Көшім болса «қазақ елі» ұғымының кірмей қалғанына аса қынжылыс білдірмейді.
«Өзіміз саясатта жүргеннен кейін қазіргі күні оның бәрі орындала қоймайтындығын жақсы білеміз. Мысалы, мен осылай болатындығын білген едім. Конституция бір күннің ішінде өзгермейді. «Қазақ елі» ұғымы келешектің еншісіне қалатындығын ішімнен сезген едім», - дейді Дос Көшім.
Оның айтуынша, доктрина жобасын дайындауға қатысқан топтың негізгі мақсаты - әуелгі нұсқасындағы бірқатар жаңа ұғымдардың қабылдануына жол бермеу болған. «Мысалы «үш тұғырлы тіл» ұғымы мүлдем алып тасталынды» дейді Дос Көшім. Мұның өзі де әжептәуір жеңіы екендігін айтады олар.
«ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ»
Бұған қоса ұлтшылдар доктринаға өздері ұсынған жаңа ұғымдардың енгізілгендігіне риза болып отыр.
«Қазақ тілін білу әрбір азаматтың парызы және міндеті» дегенді ұсынғанбыз. Құжатта сол бар. Келешекте тіл туралы заң қабылданатын болса, сол уақытта «міндетті» деген сөз доктринадан заңға өтуі әбден мүмкін», - деді Дос Көшім.
Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, доктрина белгілі бір идеологиялық мақсатты көздейді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор жетекшісі Айдос Сарымның пікірінше, бірлескен доктринаны қабылдау – үлкен күрестің басталғандығын ғана көрсетеді.
«Әрбір азаматтың мемлекет алдында борышы бар, әскерге бару, салық төлеу деген секілді. Менің түсінуімше, қазақ тілін білу осы мемлекетте тұрған азаматтардың міндеті. Қазір мемлекеттік тіл туралы заң және 2020 жылға дейін тілдер баңдарламасын дамыту туралы комиссия жұмыс істеп жатыр. Біз оның құрамында бармыз, яғни күрес жалғасып жатыр», - дейді Айдос Сарым.