«Ақбұлақ» жетсе де, суға жарымаған ауылдар бар

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы облысы Көксу ауданы Балпық би ауылы тұрғындары ауыз суға жарымай отырғандарын айтады. (Видеоны "Ангел" қоғамдық бірлестігі берген)

«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасына ілінген ауыл ауыз су мәселесі әлі шешілмегенін айтады. Ал белсенділердің сөзінше, бұл бағдарламаның орындалуы тұрғындарға да байланысты.

Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылының тұрғыны Талғат Солтыбеков ауыз суға әлі жарымай отырғанына наразы.

– Су бар, бірақ барлық жерде емес. Біз, мысалы, әлі ескі трубадан ішіп отырмыз. Біздің құбырды жаңалаған жоқ. Бұл баяғы совет үкіметінен бері келе жатқан труба ғой. Қыстыгүні су болады, жаздыгүні болмай қалады, – дейді Талғат Солтыбеков.

Ол ай сайын ауыз су үшін 2350 теңге төлейтінін, ескі құбырға өзінен басқа тағы 20 шақты отбасы қарап отырғанын айтады.

Балпық би – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2011-2020 жылдарға арналып жасалған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасына ілінген ауылдардың бірі. Азаттық тілшісімен сөйлескен өзге тұрғын ауылда сол бағдарлама аясында биыл көктемде тартыла бастаған су құбыры әлі толық бітпегенінін айтты.

– Жаңа колонкаларды дайындап қойғанымен әзірге іске қосылған жоқ. Бұрынғы құбырдан су ішіп отырмыз, – дейді ол.

Балпық би ауылы әкімінің орынбасары Төлеген Қожабектің сөзінше, ауылды ауыз сумен қамту ісі бағдарламаға сай жүріп жатыр.

– Былтырдан бастап ауылда жұмыстар басталды. Келесі жылы аяқталады. Негізі ауылды сумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаның өзі екі жылға арналған. Жұмыстардың жартысы бітті. Енді тек жол жұмыстары ғана қалды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

«БИЫЛ 85 АУЫЛДЫҢ 43-ІН ҒАНА СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН»

«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аймақтарда орындалуына қоғамдық бақылау жүргізетін «Ангел» ұйымының дерегінше, Алматы облысында ауыз суға жарымай отырған Балпық би ауылы ғана емес.

«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аймақтарда орындалуына бақылау жүргізетін «Ангел» қоғамдық бірлестігі есеп беріп отыр. Алматы, 3 желтоқсан 2014 жыл.

– Биыл Алматы облысы бойынша 85 елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін және су жүйесін қайта жөндеу үшін 14 миллиард 500 миллион теңге бөлінген. Алайда 85 нысанның тек 43-і ғана аяқталған. Ал қалған 42-і келесі жылға қалған, – дейді қоғамдық бірлестіктің Алматы облысы бойынша үйлестірушісі Алма Қонарова.

«Ангел» қоғамдық бірлестігі дерегінше, Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы елді мекені тұрғындары да су жүйесі бұзылып қалғандықтан ауыз судан судан тапшылық көріп отыр.

Бірлестік өкілі Марина Цыганкованың сөзінше, су тапшылығы мәселесі елдің басқа өңірлерінде де толық шешілмей жатыр. Ол Ақтөбе облысындағы 411 елді мекеннің 109-ында ғана су құбыры бар екенін сөзіне мысал етті.

Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының сайтындағы дерекке қарағанда, 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 3 миллиард 500 миллион теңгеге 31 ауылдың су құбыры желілері салынған және қайта жаңартылған. Одан кейінгі жылдары бұл облыстағы ондаған сумен жабдықтау нысандарын жүзеге асыруға бюджеттен бірнеше миллиард теңге бөлінген.

«Ангел» қоғамдық бірлестігінің директоры Людмила Петрова «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы әр жерде әрқалай іске асып жатқанын айтты.

Астана қаласының маңындағы Қоянды ауылында сатылатын су кезегінде тұрған адамдар. Ақмола облысы, 6 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Мәселен, Ақмола облысындағы Запорожье ауылы тұрғындары тіпті қыста сусыз қалып отыр. Ал оның жанындағы Подгорное ауылында бағдарлама тиімді іске асқан. Бұл біріншіден мердігер компанияға, сосын тұрғындардың өздеріне және қадағалау органдарына байланысты, – дейді ол.

Ақмола облысы әкімі сайтының дерегінше, облыста 2011-2013 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 9 миллиард 300 миллион теңге жұмсалып, 54 жоба іске асырылған, 30 ауыл мен 1 қала сумен қамтылған.

Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2020 жылдарға арналып жасалған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына бюджеттен 1,3 триллион теңге қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекендердің 80 пайызын, қалалардың 100 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.