Кедейлік ерте некеге мәжбүрлейді

Тұрмысқа ерте шыққан бойжеткен. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның құқық қорғау ұйымдары ауыр тұрмыстан қажыған ата-аналар мектеп жасындағы қыздарын ұзататын жағдайлар жиілеп кеткеніне алаңдайды.

Отбасылық өмірге бейімделмеген ерлі-зайыптылар кейін көбінесе ажырасып кетеді. Құқық қорғаушылар қыздардың тұрмысқа шығу жасын 24-ке дейін ұзартуды ұсынады.

Тәжікстанның құқық қорғау ұйымдары жыл сайын отбасындағы «артық ауыздан» құтылу үшін жасөспірім қыздарын тұрмысқа беретін ондаған отбасын тіркейді. Ерте ұзатылып кететін олар жоғары білім алмақ түгілі, орта мектепті де бітіріп үлгермейді.

ТАҢДАУ ЕРКІ ЖОҚ ҚЫЗДАР

Жуырда «Балаларды құтқару» ұйымы құқық қорғаушылары Тәжікстанның Хатлон облысы Куляб қаласында тұратын 16 жастағы мектеп оқушысы Мәдинаны тұрмысқа ұзату әрекетінің жолын кескен. Оны анасы тәрбиелеп отырған. Отбасының жағдайы ауыр болғандықтан, Мәдинаның анасы туыстарының кеңесімен қызын тұрмысқа беруді ұйғарған. Құқық қорғаушылар араша түскен соң тойды кейінге қалдырған.

Ұйым басшысы Құрбангүл Қасымованың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, 2014 жылы «Балаларды құтқару» ұйымы 15-17 жастағы 22 қыз баланы заңсыз ұзату әрекетіне жол бермеген.

Ерте некелесу фактілері көбінесе Тәжікстанның таулы аймақтарындағы шалғай ауылдарында жиі кездеседі. Ата-аналар қызының некесін заңдастыру үшін оның жасын өзгертіп, көбінесе жалған құжат жасатады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жасөспірім қыздар ана болуға және отбасындағы ауыр міндеттерін орындауға физиологиялық әрі моральдық тұрғыдан дайын болмағандықтан, мұндай некелер көбінесе ажырасумен аяқталады.

Ері мен ене келіннің өрімдей жас екенін ескермейді. Ақыры алған білімі, істейтін жұмысы жоқ мұндай қыздардың көбі (кейбірінің қолында баласы бар) күнін көре алмай, далада қалады.

ҚОҒАМ ЕРТЕ НЕКЕНІ АЙЫПТАМАЙДЫ

«Балалар зорлық-зомбылығына қарсы тұрайық» құқық қорғау ұйымы белсендісі Нигора Махмудова «қыздар отбасын құрмас бұрын әуелі мамандық алуы тиіс» деп санайды әрі қыздардың некеге отыру жасын қайта қарап, қазіргі 18 жастан 20-24 жасқа дейін ұзартуды ұсынады.

2014 жылы Тәжікстанда ажырасқандар саны 15 пайызға өскен

Азаматтық белсенділердің айтуынша, жас қыз ері мен енесінің тәрбиесіне тез көндігеді деген ұлттық стереотиптерге сүйенетін тәжік қоғамы ерте некелесуді көбінесе сөкпейді.

2010 жылдан бері Тәжікстанның заңдары 18-ге толған соң ғана некеге отыруға рұқсат береді. Некелесу жасына толмаған қыз баланы тұрмысқа ұзатқан ата-анасы немесе қамқоршылары екі жылға дейін қоғамдық жұмыс немесе бас бостандығын бес жылға дейін шектеу сияқты жазаға тартылады.

Ресми дерек бойынша, сегіз миллион халық тұратын Тәжікстанда алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2014 жылы ажырасқандар саны 15 пайызға дейін өсіп, тоғыз мыңнан асқан.

ТЫЙЫМ

Ерте некелесу - Орталық Азия елдерінің көбіне тән проблема. Қырғызстанда некелесу жасы Тәжікстандағы сияқты 18 жас деп белгіленген. Бірақ аяғы ауыр болып қалған немесе бала босанған бойжеткеннің 17 жастан бастап тұрмысқа шығуына болады.

Ош қаласындағы тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысатын «Энсан Диамонд» және «Бир Дуйно» ұйымдарының дерегінше, биыл Қырғызстанның оңтүстігінде жүргізілген сауалнамаға қатысқан екі мың қыз-келіншектің 12 пайызға жуығы неке жасына жетпей тұрмыс құрған. Мұндай ерте некенің соңы 79 пайызы ажырасумен аяқталады. Кәмелетке толмаған келіншектер «күйеулеріне немесе туыстарының бабын табу сияқты жергілікті дәстүр міндеттейтін талапты орындай алмаған».

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен үш мыңдай ерте неке тіркеледі

Өзбекстан заңдарында ерте некеге отырғаны үшін айыппұл, түзету жұмыстары немесе төрт айға дейін түрмеге қамау сияқты жаза түрлері қарастырылған. Өзбек жігіттеріне 18 жастан үйленуге рұқсат берілген, ал қыздар 17 жастан бастап тұрмыс құра алады. Бұл тыйым екі жыл бұрын енгізілген. Бірақ отбасылық кодекске сәйкес, «дәлелді себебі болса немесе ерекше жағдайларда» тараптардың өтініші бойынша аудан немесе қала басшысы некеге отыру жасын бір жылдан аспайтын мерзімге қысқарта алады.

Халық саны қорының (UNFPA) 2013 жылғы дерегінше, ерте некелесу оқиғалары Ферғана алқабы мен елдің оңтүстігінде көп тараған. Бұл аймақтарда барлық тіркелген некенің 14 пайызы ерте неке. Жалпы ел бойынша бұл көрсеткіш 8-9 пайызды құрайды.

«Қазақстан әйелдері лигасы» ұйымының 2014 жылы жариялаған статистикасына сәйкес, елде жыл сайын орта есеппен үш мыңдай ерте неке тіркеледі. Ерте некелесудің негізгі себептері – діни дәстүрлер мен мезгілсіз жүктілік. Неке және отбасы кодексіне сәйкес, Қазақстанда неке жасы мезгілсіз жүктілік, балалы болу немесе қыз бен жігіт, екеуінің әке-шешелерінің немесе қамқоршыларының жазбаша өтініші негізінде некелесу жасы екі жылдан аспайтын мерзімге қысқартылуы мүмкін.