Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 95,5 пайыз дауыс алған. Бұл туралы сайлаудың алдын-ала қорытындысын дүйсенбіде Орталық сайлау комиссиясы жариялады.
Қазақстанда жексенбіде өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын-ала қорытындыларын бұқараға сәуірдің 4-і таңғы сағат 10-да Астанада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жариялады.
«Қазіргі сәтте сайлаушылар дауысының бөлінуі келесідей: Жамбыл Аужанұлы Ахметбековке сайлаушылардың 1,4 пайызы, Мэлс Хамзаұлы Елеусізовке – 1,2%, Ғани Есенгелдіұлы Қасымовқа – 1,9% және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа – 95,5% дауыс берген», – деп мәлімдеді Қуандық Тұрғанқұлов.
Your browser doesn’t support HTML5
Оның айтуынша, бұл әлі сайлауалды түпкілікті қортынды емес, өйткені аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының Орталық сайлау комиссиясына толық келіп түсуіне сайлау заңнамасы бойынша екі күн мерзім беріледі.
«Хаттамалардың түсуіне қарай сайлаушылардың келуі, дауыс беру қортындылары бойынша мәліметтерді нақтылайтын боламыз. 3 сәуір күні өткен Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауының түпкілікті мәліметін сайлау заңнамасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамалары негізінде сайлаудан кейінгі жеті күннен, яғни 2011 жылы 9 сәуірден кешіктірмей анықтауы тиіс», – деп мәлімдеді ОСК төрағасы.
Жексенбіде сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың 89,9 пайызы қатысқанын мәлімдеген еді.
Сайлауға дауыс беру күні сайлау учаскелері алдында экзит-полл әдісімен жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 94,8 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергені туралы экзит-поллды жүргізген Қазақстан социологтары мен саясаттанушылары қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанова дүйсенбіге қараған түні Алматыда баспасөз мәслихатында мәлімдеген.
Сол түні Астанадағы «Нұр Отан» партиясындағы өз сайлау штабында жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев экзит-полл нәтижесін өзінің ұзақ жылғы еңбегіне елдің берген бағасы деп қабылдайтынын мәлімдеді.
«Экзит-полл деректері бойынша қазақстандықтар менің 20 жыл бойы күнделікті жүргізген жұмысымды қолдайтыны анықталды. Ел басқарып отырған адамға бұдан басқа қандай қолдау керек?» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев бұл сайлау ашық, әділ өтті, барлық кандидаттардың құқықтарының тең болуы қамтамасыз етілді деп мәлімдеді.
НАЗАРБАЕВ ӨЗІНЕ КӨМЕКТЕСКЕНДЕРГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ
Сәуірдің 4-і күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлаудың алдын ала қортындысын жариялаған соң арада екі сағат өткенде, түскі сағат 12-де Астанада өз қолдаушыларының жиынына келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында өзіне жеңіске жетуге көмектескендердің барлығына алғысын жеткізді.
Your browser doesn’t support HTML5
«Жаңа ғана алдын ала нәтиже белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы 90%-дан астамы мені қолдап дауыс бергендерін жариялады. Мен осы күндері штабқа, коалицияға көмектескендерге, осы науқанды өткізген еріктілер мен барлық өкілдерге, маған көмектесуге қатысқандардың барлығына алғыс айтамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге ол осы сайлауға қатысқан өзге кандидаттарға да ризашылығын білдірді.
«Мен осы сайлауға қатысқан, осы сайлаудың ашықтығы мен әділдігін көрсеткен президенттікке кандидаттардың бәріне алғыс айтамын», – деді Назарбаев.
Мемлекеттік телеарналардан тікелей эфирде көрсетілген бұл жиында президент Нұрсұлтан Назарбаевты жеңісімен құттықтап, оның атына мақтау-мадақтау айтып, парламент мәжілісінің депутаты Розақұл Халмурадов, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, студент Екатерина Хомутова сөйледі.
Ал совет-ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл президент Назарбаевқа өз құттықтауын өлеңдетіп жеткізді.
Your browser doesn’t support HTML5
– ...Қыран құстай қанатыңды серме, аға,
Намысыңды ешкімге де берме, аға!
Жалғау үшін тәуелсіздік тарихын,
Тағы бүгін төрлетіңіз төрге, аға.
Әлдебіреу бейбіт күнді ұға ма,
Тыныштықтың қорғаны боп тұр, аға,
Сіз жасаған еркін, бейбіт күн үшін
Біз өзіңе ант береміз, Нұр-аға! – деп аяқтаған Бақытбек Смағұлдың сөзін сахнадағы бірнеше адам да іліп әкетіп, «Ант береміз! Ант береміз!» деп бірге айғайлап үн қосты.