Желтоқсанда жараланған мектеп оқушысы

Екпін Шардаров, Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл

«Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды Алматы қаласының әкімдігі мойындап, медаль бергенімен құқық қорғау органдары заң жүзінде растамай, бір-біріне сілтеп отыр» дейді 2-топ мүгедегі Екпін Шардаров. Ал прокуратура пен сот органдары 1986 жылы мектеп оқушысына комсомол ұйымы берген сөгіс саяси қуғын-сүргінге жатпайтынын айтады.

Қаңтардың 4-і Алматы қалалық сотының судьясы Мәжит Мұқатов өзін Желтоқсан оқиғасына қатысушы деп санайтын Екпін Шардаровтың аппеляциялық шағымын қарады. Былтырғы қараша айында «1986 жылғы желтоқсанның 17-18 күндері қуғынға ұшырағанын анықтау» туралы Екпіннің өтінішін Түрксіб аудандық соты қарастырмай қойған еді.

Алматы қалалық соты Екпін Шардаровтың шағымын қанағаттандырды. Түрксіб аудандық сотының шешімін жарамсыз етіп, шағымды қайта қарауға міндеттеді. Екпіннің атынан сотқа оның заңгер ағасы Сәкен Шардаров қатысып жүр.

«ҰРЫП ҚҰЛАТТЫ»

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бері 25 жыл өтсе де сол оқиғаға қатысып, зардап шеккен азаматтардың құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін толық анықталмай келеді.

Соның бірі - «Азаттық» радиосының редакциясына келген Екпін Шардаров өзінің 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алғанын, ақырында 2 топтағы мүгедек болып қалғанын айтады. Оның Желтоқсан оқиғасына студенттермен қатар, орта мектеп оқушылары да қатысқанына баса назар аудартқысы келеді.

- 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болған кезде Алматы қаласының Абай атындағы 46 қазақ орта мектебінде оқып жүр едім. Алаңдағы оқиғаларды естіп, кластастарымды ертіп солай қарай жөнелдік. Кластастарымның көпшілігін мұғалімдер мен туыстары «Саяхат» автовокзалында ұстап қалды. Серік Ембергенов екеуміз алаңға дейін жеттік, - дейді ол.

Серік Ембергенов, Екпін Шардаровтың сыныптас-досы ретінде сотқа қатысып отыр. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл


- Алаңға жиналғандарды қуып жатқандардың бірі қатты затпен ұрып құлатты. Қанша жатқаным есімде жоқ. Орнымнан тұрғанда шашымның қан екенін білдім, көзім қарауытып, өз аяғыммен жүріп-тұра алмадым. Алаңдағы адамдарға қарай беттегенімде тағы құладым.

Ақыры бейтаныс екі жігіт үйдің алдына дейін жеткізіп салды. Өзі дәрігер шешем киімімді шешіп, дәрі беріп, жарақатымды таңды да жатқызып тастады. Жазалаудан қорқып ауруханаға бармадық. Төсекте жатқанымда таяқтан өлген адамды солдаттардың қалай тепкілеп жатқаны есімнен кетпей қойды. Ертеңіне ес жиған соң қайта бардым, - деп еске алады Екпін Шардаров.

Екпін басы жараланып, кейін екінші топтағы мүгедекке айналғанын дәлелдейтін Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің медициналық қорытындысын көрсетті.

Ол осы оқиғадан кейін ісін аудандық комсомол комитеті қарағанын, оған КГБ қызметкерлері қатысқанын айтып, комсомол комитеті ВЛКСМ мүшесінің есеп карточкасына жазылатын қатаң сөгіс бергені туралы архивтен табылған қаулысының көшірмесін де алдымызға қойды.

Сәкен Шардаров, заңгер (оң жақта), Серік Ембергенов (сол жақта), Екпін Шардаров (ортада). Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл


- 1987 жылы Алматы теміржол институтына оқуға түстім. 2 курста жарақат сыр берді, басым ауырды, көрген-білгенімді тез ұмытатын болдым, сөйтіп оқуды аяқтай алмадым. 1996 жылы үйлендім. Қазір 7 класта оқитын балам бар.
Қазір мені де, баламды да әке-шешем асырап келе жатыр, жұмыссызбын. Қыс түсті, баламның етігі де жоқ. Мүгедекке тиесілі жәрдемақы 17 мың теңге ғана. 1998 жылдан бері пәтер кезегінде тұрмын. 2001 жылы 98-ші болып тұрсың деген қағаз берді, содан бері бір жылжыған емес, қайта артқа кетіп қалды, бұл қалай? - дейді Екпін Шардаров.

Ол өзінің әлі күнге дейін ақтала алмай жүргенін, яғни құқық қорғау органдарынан «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты қуғын-сүргінге ұшырап, зардап шекті» дейтін анықтама ала алмай жүргенін айтады.

«ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ НАШАРЛАҒАН...»

Екпін Шардаровтың сөзін Алматы теміржолына қарасты 46 қазақ орта мектебінің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі, зейнеткер Жәкім Қошқаев та растап, 1996 жылы куәлік қағаз жазып берген екен.

«Желтоқсан оқиғасы Алматы қаласындағы 46 теміржол мектебінің оныншы класс оқушыларына да үлкен ықпал етті» деп бастаған Жәкім Қошқаев бір топ оқушының сабақты тастап алаңға кетуінің соңы үлкен шуға айналғанын, мектепке Алматы теміржол басқармасының орынбасары Қ. Сәмбетов келіп айқай салып, «махровый национализм, ұлтшыл, нашақор, экстремистердің ісі, мектепте тәрбие жұмысы нашарлаған» деп жер-жебірлеріне жеткенін жазады.

«Сонымен мектепті КГБ-ның және аудандық партия комитетінің қызметкерлері екі айдай «қырағылықпен» тексерді. Екпін Шардаров сияқты оқушыларды аудандық комсомол комитетінің бюросында қарап, қатаң сөгіс берді. Мұнан өзіміз де шет қалмадық. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі сөгіс беріп, «бұдан былай басшы қызметте ұстауға болмайды» деген шешім шығарды. Сөйтіп жұмысымнан босатты. Бұл мұғалімдер мен оқушыларға ұмытылмайтын оқиға болған еді» деп жазыпты Жәкім Қошқаев.

Сол кездегі мектептің пионер ұйымының жетекшісі, қазіргі тарих пәнінің мұғалімі Ләззат Срайылова да оқушыларды ауданға апарып жиналысқа салғанын, «кім ұйымдастырды» дегенде, Екпін Шардаровты көрсеткенін жазады.

«ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ЖАТПАЙДЫ»

Екпін Шардаровтың ағасы заңгер Сәкен Шардаров бұл мәселе бойынша биыл құқық қорғау органдарына арыз жазғанын айтады. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 12 желтоқсандағы жарлығы бойынша інім заң жүзінде ақталуы тиіс» дейді ол.

Мәжит Мұқатов, Алматы қалалық сотының судьясы. Алматы, 4 қаңтар 2012 жыл


Алайда Сәкеннің сөзінше, Алматы қалалық прокуратурасы Екпін Шардаровқа қатаң сөгіс берген Қазақстан комсомолы – қоғамдық ұйым, сондықтан оның қаулысын «тәртіптік жауапкершілікке тарту» ретінде бағалауға болмайды деп хабарлаған.
Заңгер Сәкен Шардаров прокуратураның шешімінен кейін былтырғы қараша айында Түрксіб аудандық сотына шағымданғанын, бірақ олар істі қараудан бас тартқанын, сондықтан Алматы қалалық сотына аппеляциялық шағым түсіргенін айтады. Ол «Азаттық» тілшісін қалалық сот отырысына қатысуға шақырған еді.

Былтырғы желтоқсанның 21-і күні істі қараған Алматы қалалық сотының судьясы да нақты шешім шығармады. «Кейбір қосымша құжаттармен танысуым қажет» деген ол шешімді бір айдың ішінде қабылдайтынын айтып, сот отырысын аяқтады.

Ал қаңтардың 4-і, сәрсенбі күні өткен Алматы қалалық сотының отырысында судья Мәжит Мұқатов ақыры тиісті шешім шығарып берді. Бұл шешім бойынша Екпін Шардаровтың ісі Түрксіб аудандық сотында қайта қаралатын болды.

- Аз да болса бір адым алға жылжыған секілдіміз, - дейді Сәкен Шардаров.

Желтоқсан оқиғасы кезінде соққыға жығылып, жарақат алып, 2-топтағы мүгедекке айналған Екпін Шардаров өзінің заң жүзінде ақталатынан күдер үзбейді.