Бұрынғы саяси тұтқын Ермек Нарымбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында абақтыда өткен күндері жайлы әңгімелеп, Қазақстан түрмелерінің бүгінгі жай-күйі туралы ойларымен бөлісті.
Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаев түрмеде болған күндерінде бірнеше абақтыны көріпті. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының жертөлесіндегі уақытша қамау камерасын ол нағыз тозаққа балап:
- Совет заманында мұндай камералар «алдын ала қамау камерасы» деп аталатын. Ол жерде жатын орын жоқ, тек орындықтар болады. Камера сыз, терезе, жарық жоқ. Аштық жариялап жатқан мені мамырдың 1-і күні ұстап әкетті. Тамақ сұрамадым, су да бермеді. Жағдайым күрт нашарлап кетті. Көзілдірігімді тартып алған соң, басым айналатын болды, - дейді.
«АДАМ ТӨЗГІСІЗ ТҮРМЕЛЕР»
Өзінің айтуынша, түнімен ұйықтамаған оны ертесінде әкімшілік сотқа апарған. Сотта оған екі рет жедел жәрдем шақыруға тура келген.
Әкімшілік соты оны 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарады. Оны бұдан соң Алматы ішкі істер департаментінің (ІІД) арнайы қапасына апарған. Оппозиция белсенділері Лобачевский көшесіндегі 10-шы үйді жақсы біледі.
- Шындығында, бұл жер - нағыз түрме. Камералары тар. Әжетханасы - еденде ойылған тесік. Онда мамырдың 2-сінен 13-не дейін болдым. 14 адам жаттық, - дейді Нарымбаев.
Ермек Нарымбаевты ол жерден Алматы қаласы ІІД жертөлесіне апарған. Онда мамырдың 18-іне дейін жатыпты. Ондағы жарық күні-түні өшпейді. Нарымбаевтың өзі бұл жерді «адам төзгісіз» деп сипаттайды.
- Алты адамдық камерада болдым. Екі сатылы үш төсек. Жоғарғысы «вертолет» деп аталады. Жарық бір өшпейді. Ұйықтау қиын. Шамы сырттан бұралады - алып тастай алмайсың, - дейді ол.
Мамырдың 18-і Ермек Нарымбаевты бұл жерден Сейфуллин даңғылындағы Алматының бірінші тергеу изоляторына (СИ-1) ауыстырған. Одан ары «Аса қауіпті қылмыскердей қолыма кісен салып, күзетпен 70-ші разъездегі жаңа изоляторға (СИ-18) санитарлық көлікпен апарды» дейді Ермек.
ЖАҢА АБАҚТЫ
Алматының ескі және жаңа түрмелерін салыстырған ол:
- СИ-1-де төрт кісілік камерада болдым. Бос орын жоқ - «вертолетте» жаттым. Алақандай ойық - әжетхана. Іштегілер амалын тауып құрылыс материалдарын кіргізіпті. Қалқалап душ жасапты. Душымыз дәретхана тесігінің үстінде. Ыстық күндері хал мүшкіл. Душқа түсіп жан шақырамыз. Ал «ресми» душқа аптасына бір рет қана апарады, - дейді.
Жазда Алматы түрмелерінде қапырық екенін айтқан ол:
- Абақты іші борсыған ауа. Күніне жарты-ақ сағат серуенге шығасың. Ескі абақтыда оның өзі жоқ. Бір рет те далаға шықпадым. Жаңа абақтыда адамдарды күнге әбден қызып, күйіп тұрған шатырға шығарады. Тыныс алу мүмкін емес. Камерасы анау - басың айналып, құлап қала жаздайсың. Оның үстіне, мен мамырдың 1-інен бастап аш болдым ғой, - дейді.
АШТЫҚ
Әділетсіздікке төзбей, ұзақ уақыт аштық жариялаған Ермек Нарымбаев:
- Күнде тамақ әкеледі - жемеймін. Әйелім шәйнек әкеп берген, су қайнатып ішіп, аз қимылдауға тырыстым. Аш жатқанда ең бастысы – қозғалмау. Көбіне жатып кітап оқыдым. Алғашында, мамырдың 2-сінен маусымның 5-іне дейін аштық ұстадым. 2010 жылы тамыз айының 20-сында бастаған аштықты 73 күн ұстап, 41 килограмға арыдым. Әлсірегенім сондай - өз бетіммен дәретке де шыға алмайтын халге жеттім. Ақыры астыма «утка» тосатын болды. Менің камерамның төрт бұрышында төрт күзетші тұрды, - дейді.
АБАҚТЫДАН КОЛОНИЯҒА
2010 жылы қыркүйектің 4-і Ермек Нарымбаевты Шығыс Қазақстан облысына жөнелтеді. Аштығын үзбегендіктен, поезда қасында дәрігер болған.
- Бет-аузы жабық, автомат асынған күзетшілер. Жабық пакетті көзімше ашып, «Шығыс Қазақстан облысы, Жаңғызтөбе колониясына барасың» деді. Үкім қайта қаралады деп жүргенде колонияға айдалу үлкен соққы болды. Өзімді әзер ұстадым, - дейді Ермек Нарымбаев.
Бұдан кейін сотталғандардың жеке заттарын, киім-кешегін тінту басталды. Өзінің айтуынша, бірнеше пакеті, үш сөмкесі, көп кітаптары болған:
- Іш киіммен ғана қаласың. Тік ішекке бірдеңе жасырып алды ма деген оймен бірнеше мәрте отырғызып, тұрғызады. Іш киімнің, ауыз, құлақтың ішіне үңіліп, тексереді. Бірінші кезекте ине, сим-карта іздейді. Киіміңнің тігісіне дейін қолмен сипалап шығады. Тыйым салынған заттар болмағандықтан, тінтуден оңай өттім, - дейді ол.
Бұдан ары 20 шақты адамды «автозакка» тиеп, вокзалға апарған. Ымырт түсіп кеткендіктен, «Алматы-1» не «Алматы-2» вокзалы екенін айыра алмаған:
- Біз отырған автозак вагонға тақалып тоқтады. Көлік пен вагонның арасы шамамен 15 сантиметрдей ғана. Иттер арсылдап, үріп тұр. Бірден сотталғандарды таситын «Столыпин» деген арнайы вагонға отырдық, - дейді ол.
«Столыпин» деп купелері темір тормен қапталған, төсектері үш сөреден тұратын плацкарт вагонды айтады. Ермек бір купеде жалғыз болған.
Ермек Нарымбаев «Бұл кезде мен екінші рет аштық жариялаған едім. Тыныс алар ауа жоқ. «Столыпин» вагоны, автозак, Алмалы аудандық ІІД-нің қапас камерасы - әйтеуір сұмдық. Құдды орта ғасырда жүргендей жаның түршігеді» дейді.
Ермек Нарымбаев Жаңғызтөбеге осылай жетеді. Ол осында жүріп 2011 жылдың қаңтарында аяғын үсітіп алады. Бұл жағдай оны Семейдегі санитарлық қалашықтан Жанғызтөбедегі колонияға әкеле жатқанда болыпты.
- Қаңтардың 15-і. Сақылдаған сары аяз. Аяқтарым көгеріп кетті. Гангрена басталатын шығар деп ойладым, - дейді Ермек Нарымбаев. Абырой болғанда аяқтары аман қалған.
ТҮРМЕДЕГІ КЕЗЕКТІ АШТЫҚ
Ермек Нарымбаев карантинде аштықты жалғастырып, ақыры санитарлық бөлімге түседі.
- Санитарлық бөлімде аштықты үзбей қыркүйектің 5-інен қазанның 10-на дейін жаттым. Қазанның 10-ы Семейге, санитарлық қалашыққа апарды. Қасымда - дәрігер. Жолда бірнеше рет есімнен танып қалдым. Тоқтап, көліктен түсіріп, таза ауа жұтқызып отырды. Семейге кешкісін әрең жеттік. Бейтаныс қалаға терезеден қарап жаттым. ИК-35 мекемесінде 2010 жылдың қазанынан 2011 жылдың қаңтарына дейін болдым. Жеке палатада жаттым. Карцер десе де болады. Екі кереуеті бар. Бірінде - мен, екіншісінде - күзетші.
«АБАҚТЫ АВТОРИТЕТТЕРІНІҢ ТАЛАБЫ»
«Мерзімімнен бұрын шығу үшін аштық жарияладым» деген бұрынғы саяси тұтқын «мақсатқа жету үшін неге болсын төзуге бел буғанын» айтады. Бір күні лагерьдің «авторитет зэктері» оның аштық ұстауы басқаларға зардап тигізіп жатқанын айтып, онысынан айнытуға келіпті:
- Қазанның 10-ынан бастап аштық жариялайтынымды түрме әкімшілігі біліп қойды. Камерам тыңдалатын болса керек. Қазанның 10-ы күні санитарлық қалашыққа әкетті. Аштықты қазанның 14-іне дейін ұстадым. Ине жоқ - аузымды тігіп тастай алмадым. Алты рет есімнен танып, өлім мен өмір арасында жаттым. Соңғы хаттарымды жазған сәттерім де болды. Бірақ бір де бір хатым шешем мен әйеліме жетпепті, - дейді ол.
Семейдегі санитарлық қалашықта колония «авторитеттері» аштықты тоқтатуды талап еткен. «Тұтқындардың тіршілігіне кесірін тигізіп» жатса керек.
- Ақыры олар аштықты тоқтатпайтынымды көріп, менен жалықты,- дейді Нарымбаев.
Өзінің айтуына қарағанда, ол аштықты 2010 жылы желтоқсанның 3-і тоқтатқан.
- Бірте-бірте тамақ іше бастадым. Далаға шығатын болдым. Қар жауып тұрады, жұрттың көзінше денемді қармен ысқылаймын. Наразылық шарасын тым болмаса осындай әдіспен жалғастырып жатқанымды білдіргім келді, - дейді ол.
Ол аштықты тоқтатқан соң басқа сотталғандармен жақын араласып, үйден келетін сәлем-сауқатын үлестіріп, олармен шахмат ойнап, сотталғандарға заңдық кеңестер беріп көмектескен. 2011 жылдың қаңтарында Семейден колонияға оралған Ермек Нарымбаев мұнда 2012 жылдың ақпанына дейін отырды. Бұрынғы саяси тұтқынның айтуынша, әкесі, жұбайы мен баласы оған барып тұрған.
Оппозиция белсендісі, «Арман» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ермек Нарымбаев Қазақстанның демократиялық күштерінің мамырдың 1-інде Алматыда өткен жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұрандатқан. Сол күні оны полиция ұстап әкетті. Оған «полиция қызметкерлеріне күш көрсетті және сотты құрметтемеді» деген айыптар тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің ақыры төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкіммен аяқталды.
Ермек Нарымбаев жазасын өтеп жатқанда ол жетекшілік еткен «Арман» ұйымы сот шешімімен жабылды. Ермек Нарымбаев абақтыда бір жыл тоғыз ай отырып, амнистияға ілінді. Ол түрмеден 2012 жылдың ақпанның 25-і шықты. 2011 жылдың қаңтарында Ермек Нарымбаев елдегі демократияны дамытуға қосқан үлесі үшін оппозиция ұйымдарының «Азаттық» сыйлығын алды.
Ермек Нарымбаев 2012 жылы сәуірдің 28-і кезекті "Қарсылық митингісінде" тұтқындалып, әкімшілік жаза ретінде оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Ермек Нарымбаевтың рақымшылыққа ілініп, түрмеден Алматыға оралған сәтін (2012 жылдың ақпаны) мына жерден көре аласыз:
Your browser doesn’t support HTML5