Ермек Тайшыбековті психиатрия орталығына жатқызды

«Әлеуметтік араздық қоздырды» деп айыпталған Ермек Тайшыбеков. Youtube желісіндегі видеодан алынған скриншот.

«Әлеуметтік араздық қоздырды» деп айыпталған Ермек Тайшыбековті ҰҚК Жамбыл облысы департаменті Алматыдағы психиатрия орталығына жатқызды. Ақпарат әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды.

Facebook және «Вконтакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл пікірлерімен танылған, 37 жастағы Жамбыл облысы Қордай ауданы тұрғыны Ермек Тайшыбековтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның Алматы қаласындағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жатқызылғаны жөніндегі ақпараттар тамыздың 13-інен бастап қазақстандық және ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы тарады.

Сол күні интернетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған, «Ермек Тайшыбековті психиатриялық ауруханадан дереу босатуды талап еткен» петиция пайда болды.

Ресейлік Regnum ақпарат агенттігі сол күні «Қазақстанда Ресеймен одақты жақтаушы «жындыханаға» жатқызылды» деген ақпарат жариялады. Ақпарат құралының жазуына қарағанда, «2013 жылы Қазақстан президенті сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеген Ермек Тайшыбеков Қазақстан мен Ресей қатынастарын тереңдете түсу жөніндегі пікірлерін жиі айтып келген». Бұл ақпаратты centrasia.ru тәрізді тағы бірнеше ақпарат құралдары көшіріп басты.

«АҚЫЛ-ЕСІНІҢ АУЫТҚУ БЕЛГІСІ БАР»

Азаттыққа Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Жамбыл облыстық департаментінің 9-басқармасы бастығы орынбасары Жоламан Нұрпейісов Ермек Тайшыбековтің Алматыдағы психиатрия орталығына жатқызылғанын растады.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті ғимараты алдындағы тақтайша. (Көрнекі сурет)

- Ермек Тайшыбековтің үстінен 2015 жылы маусым айының 30-ы күні қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғалды да, тергеу кезінде Ермек Тайшыбековке сот-психиатриялық сараптама жасалып, сарапшылар «ақыл-есінің ауытқу белгісі бар» деген қорытындыға келді. Тамыздың 12-сі күні ол Алматыдағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына бір айға тексеруге жатқызылды, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«ҚАМАУҒА АЛЫНСЫН!» ТОБЫ

Ермек Тайшыбековтің әлеуметтік желідегі ресейшіл пікірлері бірнеше жыл қатарынан түрлі пікірталас тудырып келген еді. Facebook әлеуметтік желісінде «Ермек Тайшыбеков және оның сыбайластары қамауға алынсын!» деген арнайы топ парақшасы да ашылған.

Ермек Тайчибековтің үстінен түсірілген арызға ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті ресми жауабы. Көшірме Ботагөз Исаеваның Facebook парақшасынан алынды

Осы топ парақшасында Алматы облысы тұрғыны Ботагөз Исаева Ермек Тайшыбековтің үстінен арыз түсіргенін биыл мамыр айында хабарлаған еді. Ол сол жолғы хабарламасында «Тағы да бір жеңіс! Тайчибековтің үстінен қылмыстық іс қозғалды» деп жазып, Ермек Тайшыбековтің үстінен түсірген арызына ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті ресми жауабын жариялады.

Ботагөз Исаеваға мамыр айында жолданған ол құжатта «Сіздің Қазақстан азаматы Е.К. Тайшыбековтің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі сепаратистік жазбаларына қатысты арызыңыз қаралды... Арызыңызда көрсетілген жайттар алдын ала тергеу кезінде тексеріледі» деп жазылған. Бір қызығы бұл ресми жауапта қылмыстық істің мамыр айынан бұрын қозғалғаны көрсетілген.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

«Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған Facebook парақшасында оны қолдаушылардың бірнеше пікірі жарық көрді. Ресейдің Екатеринбург қаласынан екенін көрсеткен «Иван Блинов» есімді Facebook қолданушы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына бағыштаған жазбасында «қоғам қайраткері, блогер Ермек Тайшыбековті психиатриялық ауруханадан шұғыл босатуды талап еткен».

«Роман Толмачев» есімді тағы бір Facebook қолданушы осы парақшаға қалдырған жазбасында «Қазақстан мен Ресейді біріктіру мәселесін айтқаны үшін Қазақстанда жазалау психиатриясы басталды» деп жазды.

Белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.

Facebook әлеуметтік желісіне Ермек Тайшыбековтің психиатриялық орталыққа жатқызылғанын құптаған жазбалар да шықты. Олардың пікірі «Қазақстанды Ресей губерниясына айналдыру керек» дейтін Ермек Тайшыбековтің «ақыл-есінің дұрыстығы күмәнді болуы мүмкін» дегенге саяды.

Мәселен қоғамдық белсенді Жанболат Мамай желідегі парақшасында «оның орны - сол жер» деген пікір қалдырған.

ТАЙЧИБЕКОВТІҢ ЕКІ ТҮРЛІ СӨЗІ

Ермек Тайшыбеков 2013 жылы қазақстандық zonakz.net ақпарат құралына берген сұқбатында «СССР-дің ыдырауы мен үшін трагедия болды. Өйткені менің отаным ыдырап кетті. Енді отаным (СССР-ді айтады – ред.) қайта бірігуі керек. Отаным - СССР, Ресей» деген болатын. Ол осы сұхбатында сол мақсатын іске асыру үшін «Ресей билігімен байланыс орнатқысы келетінін» де мәлімдеген.

Биыл шілденің 27-сі күні «Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған Facebook парақшасына «Еуразия экономикалық одағының әуелі экономикалық, содан соң бірыңғай саяси кеңістікке ұласқанын, ортақ армия, ортақ азаматтық, орыс тілі мемлекеттік тіл, мемлекеттік валюта рубль болғанын қалаймын» деген жазба жарияланды.

Ермек Тайчибеков. Фотосурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Ал бүгінгі, яғни тамыздың 14-і күнгі датамен жарияланған Youtube желісіндегі видеода Ермек Тайшыбеков «психиатриялық орталықта екенін, әзірге зерттеу жасалып жатқанын, орталық қызметі өзіне ұнағанын» мәлімдей келе, «Қазақстан президенті мен үкіметіне қарсы емес екенін, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз интеграцияны ғана қолдаған пікірлер жариялағанын, Қазақстанда орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруді қолдайтынын» айтқан. Оның сөзіне қарағанда, «қазақтар мен Қазақстан туралы жазуды биылдан бастап доғарған, мұнан кейін де жазбайды». Ал «өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі ойдан шығарылған» деп есептейді.

Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша қылмыскер деп танылған адам екi жылдан жеті жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аталған бап бойынша биыл Алматы тұрғыны Татьяна Шевцова-Валова қалалық сот шешімен төрт жылға шартты түрде сотталған. Сот төрт жылдың үш жылын сынақ мерзімі ретінде белгілеген. Шевцова-Валованың өзі айыбын жоққа шығарады.