Accessibility links

Ресейдің Орталық Азияға «жұмсақ ықпал» ету әрекеті


Ресейдің «Спутник» жаңалықтар агенттінің логотипі. Мәскеу, 10 қараша 2015 жыл.
Ресейдің «Спутник» жаңалықтар агенттінің логотипі. Мәскеу, 10 қараша 2015 жыл.

Ресейлік БАҚ-тың Украинадағы жағдай жайлы ақпараттары күмәнге ілікті. Бұл мәселенің Орталық Азия елдеріне де қатысы бар.

Мәскеушіл теледидар, радио және басылымдар Украинадағы оқиғаға қатысты әртүрлі тілде хабар таратты. Кейбір оқырмандар Украинадағы оқиғаның ақ-қарасын ажырата алмай, «Батыс БАҚ-тары шындықты айта ма, әлде ресейлік ақпарат құралдары ма?» деп дағдарды.

Орталық Азияның постсоветтік бес республикасы Кремльдің біржақты ақпаратын қабылдауға бейім. Ресейдің Орталық Азияға «жұмсақ билік» көрсетуі, оның тиімділігі мен ұзақтығы Азаттықтың Түркімен қызметі ұйымдастырған талқылауда да сөз болды. Бұл талқылауға Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мухаммад Тахир, Қырғызстан парламентінің депутаты Равшан Жеенбеков, Орталық Азия мәселелерін зерттеуші Кейси Мишель, Глазго университетінің өкілі Брэдли Джардин мен Азаттық тілшісі Брюс Панниер қатысты.

«ЗОМБИ ЖӘШІКТЕРГЕ» ИЛАНУ

Орталық Азия елдеріне өз пікірін таңу Ресейге қиын еместігі белгілі. Бұл аймақ 19-ғасырдың ортасынан бастап Ресейге қарады, соңғы 25 жылда тәуелсіздік алғанына қарамастан ондағы тұрғындарының көбі әлі күнге дейін орыс тілінде сөйлейді және орыс мәдениетіне жақын.

Жуықта ғана Орталық Азияның Ресейге жұмыс іздеп барған бірнеше миллион азаматы орыс тілінен сынақ тапсырды. Оған қоса Орталық Азия мемлекеттерінде бірнеше миллион этникалық орыстар тұрады, олар 1991 жылдан бері ресейлік телеарналар мен радиолардың аймақта таралуы қажет екеніне сендіріп келді.

Ресейшіл сепаратистер отырған ғимараттағы теледидар Ресей арнасы хабарын таратып жатыр. Украина. (Көрнекі сурет)
Ресейшіл сепаратистер отырған ғимараттағы теледидар Ресей арнасы хабарын таратып жатыр. Украина. (Көрнекі сурет)

Кейси Мишельдің айтуынша, Ресейдегі биліктің сөзін сөйлейтін «Спутник» жаңалықтар агенттігі жақында осы аймаққа ене бастады. «Спутник» агенттігі Қырғызстан мен Тәжікстанда жергілікті өте талантты, білікті журналистерді алып жатыр» дейді ол.

Джардин «Қазақстандағы кабельдік телеарналардың көбі ресейлік арналарды ұсынады... Қазақстандағы белсенділер оларды «зомби жәшіктер» деп атайды, себебі бәрі Кремльдің сөзін сөйлейді» дейді.

Джардиннің пікірінше, Ресейдің Қазақстандағы қоғамдық пікірді өзгерту құралдары телеарналармен шектелмейді. «Ресей мәдениеті мен өзекті мәселелерін тарату үшін көптеген әлеуметтік желілерді қолданады. «Мой мир» әлеуметтік желісі кеңінен танымал, «ВКонтакте» мен «Одноклассники» де бар» дейді ол.

«Жақында Гэллап жүргізген Америкаға, Батысқа қарсы бүкіл әлем бойынша сауалнаманың қорытындысын қарадым. Соның ішінде Қазақстан мен Тәжікстан Батысқа теріс қарайтындардың алдыңғы бестігіне кіріпті. Мәскеудің «жұмсақ күшінің» тиімді әрекет етіп жатқанын осыдан білсек болар» дейді Кейси Мишель.

«ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ СТРАТЕГИЯ»

Равшан Жеенбеков Ресейдің Орталық Азияға, соның ішінде Қырғызстанға әсері зор екенін мойындады. Бірақ ол Ресейдің «жұмсақ күші» Қырғызстанға ықпал ете алмады дейді. «Ресей Батыс немесе АҚШ-тың «жұмсақ билік» тәжірибесін Орталық Азияға қайталағысы келеді, әсіресе Қырғызстанда мәдениет, БАҚ және білімге қатысты бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ болды. Бірақ олары болмады, мақсаттарына жете алмады» деді ол.

Қырғыз депутатының айтуынша, «Ресей үкіметі қырғыз саясаткерлері мен саяси партияларына қатысты "жұмсақ билік" қолданып әрекет еткеннің орнына сатып алу насихатын жүргізеді, мәселелерін шешу үшін энергияны қару етіп, қысым жасайды».

Жеенбековтің пікірінше, тарихи және тілдік байланысы күшті ортаға кез келген сыртқы және ішкі ақпарат көздері оңай ене алмайды.

Теледидар экранында - Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 16 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Теледидар экранында - Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 16 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Брэдли Джардиннің айтуынша, Батыс «енжарланып кетті, ойын-сауық өндірісін тиімді дипломатияны алмастырушы құрал ретінде қарай бастады». Ал Жеенбеков Ресейдің «жұмсақ билік» стратегиясы қысқа мерзімді, «Кремльдің ұзақ мерзімді жоспары жоқ» деп мәлімдеді.

Кремльге бағынатын баспасөздердің деректер мен болжамдарды және ақпаратты көпе-көрнеу бұрмалайтынын, ол Орталық Азия мен басқа елдерде жемісін беріп келе жатқанын айтқан Мишель: "Осының бәрі Батыс елдерінде Мәскеудің «жұмсақ билігіне» қарсы тұру туралы пікірталастар тудырды" дейді.

«Кейбір адамдар RT [Russia Today] теларнасына және ресейлік басылымдарға тыйым салу жайын талқылады. Ал енді біреулер «Ақпаратты дәл осылай тарататын батысшыл БАҚ-ды неге ашпаймыз?» деген пікір айтты» дейді ол.

Ресейдің Орталық Азия аймағында ақпараттық табысқа жетуіне Ауғанстаннан Батыс әскерін шығару да ықпал етті деген болжам бар. Бұдан соң Батыстың Орталық Азия елдеріне қызығушылығы азайды. Енді Ресей аймақтағы жаңа бәсекелесі Қытайдан қорқады. Қытайдың Орталық Азияға қаржылық ықпалы күшейіп, Ресейді ығыстыра бастады. Бірақ бұл жағдайдың ұзаққа созылуы екіталай.

Кейси Мишель БАҚ өкілдеріне ресейлік «жұмсақ күшке» қалай қарсы тұрудың амалын айтты. «Жауапты журналист алдымен деректерді, дереккөзді тексереді, ақпараттың қайдан алынғанын анықтайды, содан кейін оны оқырман, көрермен немесе тыңдаушыға бейтарап күйде жеткізеді. Ресейлік БАҚ мұның бірін де істемейді, бұл – оның үлкен кемшілігі» дейді ол.​

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG