Тобаяқов көшесіндегі 12-үй – қамыстан соғылған, 16 пәтерлі бір қабатты барак болатын. Әр пәтердің кіре берісі, ауласы, шаруашылыққа арналған жеке бөлмелері болған. 60 адамның бүкіл дүние-мүлкі тамыздың 7-сі күні өртеніп кеткен.
Пәтері өртенген Мейрамгүл Әйтиеваның айтуынша, аудан билігі «қарайласамыз, ешкімді далада қалдырмаймыз» деп уәде еткен.
- Әкім мен оның орынбасарлары, құрылыс компаниясы басшысы келіп, арыз-мұңымызды тыңдап, әр отбасының қандай мұқтаждығы бар екенін жазып алды, бізбен бірге үйдің жоспарын мұқият қарап шықты. Қамыстан дәл осындай үйлер салынатынын айтты. Жұрттың баспанасын екі айдың ішінде қайтадан толық салып береді. Уақытша жалдаған пәтердің екінші айының да ақшасын қазанның 7-сіне дейін әкімдік төлеп береміз деген уәде берді, - дейді Мейрамгүл Әйтиева.
Өртенген үйлердің қалдығы аптаның соңына дейін сүріледі. Үйлердің көбі жаңадан салынбақ. Үйлер бұрынғысынша қамыстан соғыла ма әлде кірпіштен қалана ма, бұл мәселе әлі түпкілікті шешілген жоқ. Мұны криминологиялық сараптама қорытындысы шешеді. Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ.
Азаттық тілшісі келген кезде әкімдік қызметкерлері үйі өртенген тұрғындармен жиналыс өткізіп, әр отбасының қандай мұқтаждығы бар екенін сұрап жатты. Үйі өртенгендердің көбі түн ортасында қашып шыққан. Өрт кезінде көбінің дүние-мүлкі, құжаттары, ақшасы жанып кеткен.
Үйі өртенген тұрғындардың «құрылыс қоқысын шығару шығынын аудандық әкімдік төлейтін болды» деген сөзін құрылысшылар да растады. Әкімдік үйлердің құрылысын да өз мойнына алған. Жетісу ауданы әкімі Талғат Разақов зардап шеккендердің үйлерін барынша тезірек қалпына келтіруге уәде беріп:
- Үйлерді қамыстан ба әлде кірпіштен саламыз ба - әзірше білмейміз. Мұны құрылысқа қатысты бүкіл сметалық құжаттарды бекітетін қалалық комиссия шешеді. Ал мен үшін ең бастысы, үйі өртенген тұрғындар жаңа үйлеріне тезірек кірсе болды, - деді.
Азаттық тілшілері экскаватор жұмыс істеп жатқан өртенген үйлер орнында тұрған жүк көлігінің жүргізушісі Менерген Бейбосыновтан қоқысты қашан шығарып бітіретіндерін сұрады.
- Көліктің қожайынымын әрі құрылыс қоқыстарын қала сыртындағы үйіндіге шығаруға жауаптымын. Бізге мына орынды құрылыс бастауға әзірлеңдер деп тапсырма берген. Қоқысты шығарып жатқанымызға үш күн болды, сенбі, жексенбіде де жұмыс істедік. Тағы үш күннің жұмысы қалған сияқты. Жұмысымыздың ақшасын әкімдік төлейді. Өртеніп кеткен пәтер иелері күн сайын келіп жүргенін көріп, тезірек бітіруге тырысып жатырмыз. Құрылысшылар бірден бастап кетсе, қыс түскенше салып үлгеруге болады, - дейді жүк көлігінің жүргізушісі.
Өртенген үйден Азаттық тілшісі түсірген видео (орыс тілінде):
Your browser doesn’t support HTML5
16 пәтерлі үйдің екі отбасы жатаханаларға орналастырылған. Қалғандары уақытша туыс, таныстарының үйін паналаған.
Айнұр Садықованың отбасы өрт басталды деп болжанған үйдің иесі, өрт кезінде мерт болған Виталий Захаровпен қабырғалас пәтерде тұрған. Айнұрдың күйеуі Фархад сол түні Захаровтың пәтеріндегі үлкен газ баллонын сыртқа шығарып үлгерген. Айнұр мен Фархадтың үш қызы бар. Олар да жатахананың бір бөлмесін 50 мың теңгеге жалдап тұрады.
Айнұр Садықованың айтуынша, құрылысшылар үйді іргетасымен бірге бұзуды ұйғарған.
- Үйлердің құрылысы әзірше басталған жоқ, бәріміз сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Әкімдік үйі өртенгендердің бәріне 35 мың теңгеден таратты, бірақ бұл ақша жатахананың бір бөлмесін жалдауға толық жетпейді. Бір рет берілетін көмек көрсетеміз деп уәде еткен, бірақ әзірше ешкімге оны төлеген жоқ. Әкім «үйлерің кірпіштен қаланады, төбесі мен шатыры монолит болады, үйлеріңді қысқы суық түскенше бітіріп береміз» деп уәде беріп отыр. Ал мердігерлер «үйлеріңді бұрынғы қалпына келтіруге тапсырма берді, яғни қамыстан соғамыз» дейді. Өрттен бері жарты ай өтіп кетті, үйімізге тезірек оралсақ болды, - дейді Айнұр Садықова.
Мейрамгүл Әйтиеваның отбасында сегіз жан бар. Өрт кезінде оның мысығы мен иті жанып кеткен. Өрттен кейін бұл отбасы әкімдік төлеген 35 мың теңгеге жатахананың шағын бөлмесін жалдап тұрып жатыр.
Мейрамгүл Әйтиева өрт кезінде жанып кеткен жеке куәлігінің орнына тамыздың 29-ы күні жаңа құжат алатынын, ал өрттен зардап шеккен тұрғындардың мектепте оқитын балаларының бәрі (60 тұрғынның 18-і бала) қыркүйектің 1-іне қарай жаңа мектеп формасын, аяқ киім, рюкзак және оқу-жазу құралдарын тегін алатынын айтады.
- Өрт болған түні ішкөйлекшең, қолымда бір қорап сигаретпен ғана қалдым. Кішкентай ұлдарым далаға трусишең, ал қызым жалғыз көйлекпен қашып шықты. Бір жақсысы, екі қызым лагерьге кеткен болатын. Басқа ештеңе қалмады. Қала тұрғындарына алғысым шексіз. Жас-кәрі демей қолдап, көмектесті. Еріктілерге рахмет. Мына бөлмеде көріп тұрғаныңыздың бәрін адамдар әкеліп берді, - дейді Мейрамгүл Әйтиева.
Үйі өртенгеніне жарты ай болған тұрғындар енді ғана ес жиып, «тым болмаса желтоқсанға дейін үйімізге оралып, қиындықтан құтыламыз, жұрт қатарлы күн көреміз» деген үмітпен өмір сүріп жатыр.
Азаттықтың тамыздың 7-сі күні түсірген видеосы:
Your browser doesn’t support HTML5