«Шаң ауыл», «Бай ауыл» және «Арам ауыл»

Жаңаөзен қаласындағы әскерлер қоныстанған орын. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жаңаөзенде «Шаң ауыл», «Бай ауыл», «Арам ауыл», «Сыған ауыл», «Жыңғылды» деген ауылдар бар» дейді жергілікті тұрғындар. «Шаң ауыл», «Сыған ауыл», «Жыңғылды» атауларының мағынасын тәптіштеп түсіндірген олар «Бай ауыл» мен «Арам ауылдың» қайдан шыққаны атынан-ақ көрініп тұр емес пе?» дейді.
Ақтау қаласындағы «Полицейлер соты», «37-нің соты» мен «Теміровтің сотына» Жаңаөзен қаласынан келген жәбірленушілер мен куәгерлер сот алдындағы жауаптарында қала ішіндегі ықшам аудандардың бейресми атауларын жиі қолданды.

Азаттық тілшісі сәуірдің 28-і күні Жаңаөзен қаласына барған сапарында осы бейресми атаулармен, яғни халықтық топонимдермен өзі де біршама таныс болып қалды.

«ОН АЛТЫНШЫ ЖЕЛТОҚСАН...»

Былтыр желтоқсанның 16-сында оқ атылған Жаңаөзен алаңын айналып өтіп, арғы қапталына шыққанымызда өртенген екі үлкен ғимараттың жанында ескі «Опель» көлігін сүртіп жатқан егде кісі мен оның жанында 50-60 жас шамасындағы тағы екі адамның әңгімелесіп отырғанына көзіміз түсті.

Дәулет Тоғжанов пен Жалғасбай Төлебаев (оң жақта) Жаңаөзеннің «ауылдарын» сызып көрсетіп отыр. Жаңаөзен, 28 сәуір 2012 жыл.


- Мұнайшымыз. Ереуілге тек үш күн ғана қолдау көрсеттік. Өйткені біздікі басқа бұрғылау компаниясы болатын, - дейді үш адамның бірі Жалғасбай Төлебаев.

Әуелі өзіміз көздеген ықшам ауданға қалай жетуге болатынын сұрадық. Бірақ олар біздің қай ауылды айтып тұрғанымызды түсініңкіремей қалды. Сонан кейінгі әңгіме Жаңаөзен қаласындағы ықшам аудандардың бейресми атауларына қарай ойысты.

«Жаңаөзенде тұрып келе жатқаныма 30 жылдан асты» деген Жалғасбай Төлебаев, Дәулет Тоғжанов пен Есет Беретамановтар қаланың бейресми атауларын таныстырып шықты.

Олардың айтуына қарағанда, Ақтау қаласы секілді Жаңаөзен де ықшам аудандардан тұрады. Ал оның төңірегінде кейіннен бой көтерген аудандарды жергілікті тұрғындар «ауыл» деп атайды. Соның бірі - өз алдына кент болғанымен, Жаңаөзенге қарайтын Теңге ауылы. Жаңаөзен оқиғасында оққа ұшқандардың біразы осы Теңге ауылының зиратына жерленген.

2011 жылы 16 желтоқсанда оққа ұшқан Шадияр Аязовтың қабірі. Жаңаөзен, 28 сәуір 2012 жыл.


Азаттық тілшісі осы әңгімеден кейін Теңге зиратына жерленген Шадияр Аязовтың басына ағасымен және желтоқсанның 16-сы кеңірдегін оқ тескен Нұрлыбек Нұрғалиевпен бірге барып қайтқан еді. Біз барардан бір күн бұрын ғана марқұмның басы қарайтылып, тамы көтеріліпті. Былтырғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде 34 жасында оққа ұшқан Шадиярдың құлпытасындағы жазу:

«Жақсы да едің адамға,
Ізгілік мол санаңда,
Он алтыншы желтоқсан
Жазықсыз кеттің алаңда» деп басталады.

«АТЫНАН-АҚ КӨРІНІП ТҰР ЕМЕС ПЕ?»

«Жаңаөзенде «Шаң ауыл», «Бай ауыл», «Арам ауыл», «Сыған ауыл», «Жыңғылды» деген ауылдар бар» деді бізбен әңгімелескен жергілікті тұрғындар. «Шаң ауыл», «Сыған ауыл», «Жыңғылды» атауларының этимологиясын тәптіштеп түсіндірген үшеуі:

- «Бай ауыл» мен «Арам ауылдың» қайдан шыққаны атынан-ақ көрініп тұр емес пе?» деп тоқтады.

Олар соңғы екеуінің ресми атауларын білмейтін де болып шықты.

Жаңаөзеннің байырғы тұрғыны Есет Беретаманов. Жаңаөзен, 28 сәуір 2012 жыл.


- Өкіметтің қойған аттарын білмейді ешкім. Білсе де айтпайды. Көшеде такси тоқтатып, «Арам ауылға» десеңіз болды, әкете береді, сөзге келмейді. «Арам ауылда» тұратындардың барлығы – бастықтар. Мекеменің техникасын пайдаланып, тегін салып алған үйлер. Соған жергілікті халықтың ызасы келіп қойған аты бұл, - деді Есет Беретаманов.

Мұнайшылардың сөздеріне қарағанда, қалалық әкімшілік тұрған жерден бастап әрі қарай «Арам ауыл» деп аталады. Жоспар бойынша «Арам ауылда» кемі екі қабатты үй, яғни коттедж салынуы керек екен.

- «Арам ауыл» толды қазір. Төрт қазық жер орынның (жер участогының - ред.) бағасы өте қымбат, шашың жетпейді. 3 миллион мен 5 миллион теңгенің арасында. Ең қымбат жер осы «Арам ауыл» мен «Бай ауылда», сосын «Шаң ауылда». Ал Жаңаөзен шетіндегі кедейлер тұратын 1, 2, 3 және 4-саяжайлардан 500-600 мың теңгеге жер орын алуға болады, - деді олар.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен мұнайшылар «жергілікті халық Жаңаөзенде кімнің қандай жолмен үй салып жатқанын білетінін» айтады.

Жаңаөзендегі көпқабатты үйлердің бірі. 17 ақпан 2012 жыл.


- Біз «Арам ауылда» үй сала алмаймыз. Отбасымда алты адам бар, үкіметттің үйінде, «малосемейкада» отырғанымызға 30 жыл болды. 2007 жылы үй сұрағанымда, тізімге алған. Ол тізім де жойылып кетіпті,- деді Жалғасбай Төлебаев.

«Ақшаңыз болса, «Арам ауылдан» үй салар ма едіңіз?» деп сұрадық біз. Жалғасбай Төлебаев бастапқыда ойланып қалса да:

- Саламын. Неге салмаймын? Жұрттар да тұрып жатыр ғой, - деп жауап берген еді, қасындағылар «Е, сонан кейін бұл да арам болып шығады» деп бір күліп алды.

- Ол жерден үй салу – қиял. Біз қиялдап-қиялдап біткенбіз. Ол жерді армандамаймыз да, - деді ақыры үшеуі де.

«ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРДЫҢ ДҮНИЕСІ АМАН ҚАЛДЫ»

Мұнайшылар жанымызда тұрған өртенген ғимараттардың иесі Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев екенін айтады.

Жаңаөзен шенеуніктерінің бірінің үйі. Жаңаөзен, 28 сәуір 2012 жыл.


- Қарапайым адамдардікі аман қалды. «Нұр Отан» партиясының ғимаратына аз ғана зақым келтірді. Өртеуге үлгермей қалды-ау, - деді олар.

Мұнайшылар «Нұр Отаннан» өтініш жазып шығып кеткендерін де айтты.

- Партияда болсақ, айына 50 теңге төлейтін едік. Қазір онысын алмайтын болды. Президент Назарбаев келгенде бізді жолатқан жоқ. Көшеге солдат қойып тастады, - деп қосып қойды Дәулет Тоғжанов.

Мұнайшылармен әңгіме аяқталып, қайтып бара жатқанымызда Жаңаөзеннің кейбір жастары «Бай ауылдағы» шатыры таяуда ауыстырылғаны байқалып тұрған үйдің иесі «бұрынғы әкім Орақ Сарбөпеев екенін» айтты.

Ал ауылдардың ресми атауын сұрастырғанымызда, олардың бірі «Бай ауыл» – «Астана», «Шаң ауыл» - «Арайлы», «Арам ауыл» – «Мұнайлы» деп аталатынын айтты.

- Ал анау тұрған алаң - Тәуелсіздік алаңы, - деді олардың бірі 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні оқ атылған Жаңаөзен қаласының орталық алаңын көрсетіп.