Gallup Organization зерттеу институты Қазақстанның 4 өңірінде елдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты тұрғындар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. Ол бойынша оңтүстік тұрғындарын саясаттан гөрі азық-түлік бағасы көбірек толғандырады екен.
АЙМАҚТАРДА "НҰР -ОТАН" ПАРТИЯСЫН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ
Қазақстанның оңтүстік аймағында елдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы тұрғындардың пікірін білген Gallup зерттеу орталығы төмендегідей қорытындыға келіп отыр. Елде партиялардың танымалдылық рейтингісі бойынша, тізімнің басында «Нұр-Отан» партиясы тұр. Десе де, бұл тұста сарапшылар аймақ пен қала тұрғындарының жауабында айырмашылықтар барын айтады.
- Біз мұнда халықтың партияларға көзқарасын білу үшін емес, олардың ақпараттандыру деңгейін білу үшін сұрақ қойдық.
«Сіз тұратын жерде қандай партия жұмыс істейді? деген сұраққа Алматы қаласындағы тұрғындардың 54 пайызы «білмеймін» деп жауап берсе, 34 пайызы «Нұр-Отан» деп жауап берді. Ал аймақтарда жағдай мүлде басқаша. Мұнда халықтың басым бөлігі «Нұр-Отан» партиясын, сонан соң «Ақжолды» атаған. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Бұл басқа сұрақ, – дейді Gallup зерттеу орталығының профессоры Раса Алисаускиене.
Мұндай айырмашылықтың себебі екі нәрседе болуы мүмкін деп болжайды сарапшы. Біріншіден, бұл жерде ақпарат құралдарының орнын ескермей кетуге болмайды. Себебі, халық елдегі жағдайды ақпарат құралдарынан естіп, оқып біледі. Екіншіден, өзге партиялардың белсенділігінің төменділігі. Себебі, мәселен, мал шаруашылығымен айналысып жүрген адам ешқашан өз бетінше саяси партиялардың жұмысына қызығушылық танытып өздігінен бармайды дейді Раса Алисаускиене.
"СІЗ МАҒАН АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ТІЗГІНІН БЕРІҢІЗ, МЕН СІЗДІ ТАНЫМАЛ ҚЫЛАМЫН!"
Елдегі президенттік партияның танымалдылығын сарапшылар әрқалай түсіндіреді. Ең әуелі, оппозициялық партиялардың пікірін білсек. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:
- Біздің Қазақстанда ең танымал партия «Нұр-Отан». Таңертең теледидар қоссаң - «Нұр-Отанның» жарнамасы, кешке қоссаң – Қазақстанда «Нұр-Отанның» арқасында балалар туылып, дүниеге сәбилер келіп жатқан сияқты, соның арқасында сұлулық конкурсы өтіп жатқан сияқты әсер қалдырады. Танымалдылықтың екінші жағы бар: кезінде Гитлер де, Маркс та танымал болған. Танымалдылық бұл халықтың қолдауына ие, халықтың көңілінен шығып отыр дегенді білдірмейді.
Партия өкілінің айтуынша, мұның үстіне аймақтарда оппозициялық партиялардың еркін жұмыс жасауына тосқауылдар бар.
- Егер де ертең біздің партияның болмаса басқа партиялардың демократиялық тұрпаттағы басшылары облыстық, қалалық ақпарат құралдарына шықса, онда мен бүкіл сөзімді қайтып алам. Өйткені, сіз одан ешқашан да «Нұр-Отанның» басшыларынан басқа, ешбір бөтен ойлы, баламалы ойлы ұйымның басшыларын көрмейсіз,- дейді Әміржан Қосанов:
Аймақтарда оппозициялық партиялардың жұмысына тосқауыл бар деген пікірге қосылатын «Жұмысшылар» қозғалысының төрайымы Сақып Жаңабаева дегенмен оның себебін тереңнен іздейді:
- 2005 жылы президенттік сайлаудан кейін оппозиция халықпен жұмыс жасауды қойды. Оның үстіне оппозиция көсемдері өлтірілген соң, оппозициядан мүлде береке кетті. Қазір оларда қорқыныш бар, қандай да бір қадамдар жасаудан сескенеді.
Партиялардың жұмысы төңірегінде Алматы қаласының тұрғыны Жамал Әлсейітқызы былай дейді:
- Меніңше, қай партия болсын, ешқайсысы да жауапкершілікті мойнына алмайды. Қазіргі таңда партиялардың істеп отырған нәрселері бұдан мүлде алшақ жатыр. Қазір шынын айтқанда, халықтың жүйкесі тозған. Олар кімге сенерін білмейді.
ЕЛДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ПІКІРІН АШЫҚ БІЛДІРМЕЙДІ
Сауалнамадағы қызықты тұстың тағы бірі - халықтың елдегі кезек күттірмес мәселелерге қатысты көзқарасы. Бұл тұста сарапшылар тағы да қала мен аймақ халқының жауабындағы айырмашылықтарды атап көрсетеді. Мәселен, қала мен аймақ тұрғындарының пікірінше, кезек күттірмес ең бірінші мәселе - жұмыссыздық болса, неге екені белгісіз әсіресе, Жамбыл өңірі халқын балабақшалар мәселесі қатты алаңдатқан.
Ал Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстары тұрғындары үшін бірінші кезектегі мәселе – сумен қамтамасыз ету және жұмыссыздық, тұтыну тауарларының бағасы екен.
Сонымен қатар сауалнамада қамтылған сұрақтардың бірі «Қазақстанда тұрғындар саяси көзқарасын ашық білдіруге қорқа ма?» деген сұраққа 30 пайызы «басым бөлігі қорқады» деп жауап берген.
Аталмыш сауалнама Қазақстанның 4 өңірінде, атап айтқанда Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында жүргізілген. Сәуірдің 13-і мен 22-сі аралығында жүргізілген сауалнамаға барлығы кәмелетке толған 827 оңтүстік аймақ тұрғындары қатысқан.