Қазақстандағы кришнаиттер

Жас жұбайлар Дмитрий мен Татьяна гүлдер өрілген «моншақты» бір-бірінің мойнына іліп жатыр. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.

Азаттықтың «Қазақстанның діни картасы» атты жаңа жобасының кезекті кейіпкері - «Кришна санасы» қоғамы. Негізінен Алматыда шоғырланған қоғамның 500-ден аса мүшесі бар.

Қазақстанда «Кришна санасы» қоғамы ресми түрде 1994 жылы тіркелген. Шағын кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Алайда онда құлшылық жасауға мүмкіндік болмаған соң, 1999 жылы қаладан 25 шақырым жерде орналасқан, көлемі 47 гектар болатын ферма сатып алды.

"Кришна санасы" қауымы тойға жиналып отыр. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.


Фермада құлшылыққа арналған храм, үлкен алмалы бақ пен оншақты сиырға арналған малқора орналасқан.

Ферманың маңын әдемі көл мен қоғам мүшелері тұратын оншақты шағын үйлер қоршаған.

Кришнаиттердің негізгі құлшықтары, оның ішінде үйлену тойлары осы фермада өтеді, ал әр жексенбі сайын тегін ас беріледі.

ТОЙ

Қарасай ауданындағы фермада жексенбі, тамыздың 12-сі күні қарағандылық Дмитрий мен Татьянаның үйлену тойлары өтті. Жастар бірнеше жыл бұрын үйленген. Дегенмен Кришнаны құдай деп танығаннан кейін, олар өз некесін «жаңа құдайдың» алдында қайта тіркеуді ұйғарған.

Тойға жүзге тарта адам жиналды. Әйелдер жағы негізінен түрлі-түсті сари (Үндістандағы әйелдер киімі – ред.) киген, ер адамдар ақ матаға оранған. Балалар да аз емес.

Күйеу бала Дмитрий осы сәтті тағатсыздана күтумен болды. «Дәстүр бойынша келіншегімді көруге болмайды» деген ол Азаттық тілшісіне «өзінің қатты қобалжып тұрғанынан» өзге ешнәрсе айта алмады. Себебі ол әлі рәсімнің қалай өтетіні жайлы «инструктаж» алуы қажет еді.

Неке қию рәсімі кезінде күйеу жігіт оң қолын қалыңдықтың жүрек тұсына қойып мантра оқиды, бұл – «сенің жүрегің менікі, ал менікі - сенікі» дегенді білдіреді. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.


Белгіленген уақытта барша жұрт киелі оттың маңына жиналды. Әдемі қызыл сари киіп, бетін жапқан қалыңдықты оның құрбысы алып келіп, күйеу жігітке табыстады.

Кришнаиттердің үйлену тойы жастардың бір-біріне гүлден жасалған «моншақ» кигізуімен, отты жеті рет айналып, көптеген мантраларды (киелі сөздер – ред.) қайталап, Кришнаны ұлағаттауымен ерекшеленеді.

Мантраның бірін күйеу жігіт оң қолын қалыңдықтың жүрек тұсына қойып оқиды, бұл «сенің жүрегің менікі, ал менікі - сенікі» дегенді білдіреді.

Жалпы кришнаит жастар ата-аналарының қалауымен қосылады. Екеуінің жұлдыздар бойынша сәйкестігі тексеріліп, сәйкес келсе құда түседі. Сосын үйлену тойға дейін бір жыл уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында жастар көпшілік алдында кездесіп жүреді. Егер осы мерзімде екі жас тіл табысса - той жасайды, егер жұбы жараспаса - той болмайды.

ҚҰЛШЫЛЫҚ

Кришнаиттердің құлшылығы күнделікті таңғы төрт жарымда «Мангал Арати» рәсімімен басталады. Азаттыққа түсініктеме берген «Кришна санасы» қоғамының жетекшісі Галина Голаус:

- Бұл - Құдайлармен сәлемдесу рәсімі. Алтарь ашылып, біз жарты сағаттай мантраларды айтамыз. «Мантра» сөзі ежелгі үндінің әдеби тілі – санскриттен аударғанда («Ман» - ақыл, «Тра» асқақтау) ақылдың асқақтауы деген мағына береді. Мантраның дұғадан ерекшелігі - оны әндетіп, ырғақпен айтады. Ол рухани жетілуге негіз болатындай адам санасына үлкен әсер береді, - деді.

«Кришна санасы» қоғамының жетекшісі Галина Голаус. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.


Сұхбаттасымыз «Рухани прогресс үшін, адамның ақыл-есі әлі тыныш қалыпта екенін ескере отырып, негізгі құлшылықтар таңертең жасалады» деді.

«Мангал Аратиден» кейін «Туласи-пуджа» рәсімі өтеді. Бұл қасиетті Туласи ағашына құлшылық ету. Бұдан соң таңғы бестен жетіге дейін «Джапа – мантра» және Құдай аттарын қайталау рәсімі өтеді.

- Бұл мұсылмандардың таспиһпен зікір тартқаны секілді. Бірақ оларда 33 сүйек болса, бізде 108 сүйек бар. Әр бір сүйекте Құдайдың атын 16 рет оқимыз. Осылайша 108 сүйекті толығымен айналдырып, бір шеңберді толтырамыз. Мұндай шеңбердің 16-сын толтыруымыз қажет. Осы арқылы біз Құдайға жақындап, миымызды тынықтырамыз, медитация жасаймыз. Нәтижесінде күні бойы сабырлы жүреміз, - деді Голаус.

Голаустың айтуынша, «Бұдан кейін тағы бір сағат құдайлар мен рухани ұстаздарға құлшылық ету рәсімі өтеді. Одан соң мұндағылар сағат тоғызға дейін санскрит тіліндегі 5 мың жыл тарихы бар негізгі кітаптарды оқып, талқылайды. Таңғы рәсімдер осымен тәмәм. Әр кім өз ісімен айналасады».

- Ал кешке тағы бір сағат «Арати» рәсімі өтеді. Кешкі сегізден кейін боспыз, - деді сұхбаттасымыз.

ДІН ДЕГЕНІМІЗ - ӨМІР

Кришнаиттер дінді «өздерінің өмірі» деп қабылдайды. «Құдайдың бар екеніне, оның әрдайым жәрдемдесетініне шынайы сенетін әр бір адам оған құлшылық етуі керек» дейді қоғам өкілдері.

Фермадағы тойға жиналған балалар Қасиетті Сиырмен серуендеп жатқан сәті. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.


- Құдай - барлығымызға бір. Тек оның аттары көп. Біз өз уағыздарымызда «егер сен Құдайға шынайы сенсең, оның айтқанын орындап, құлшылық етуің қажет» дейміз. Кімдікі жақсы, кімдікі жаман деген жоқ. Мәселен Үндістанда 33 миллион жарты Құдай (Полу Боги) бар. Халық олардың барлығына бірдей құлшылық етеді. Біздің дініміздің негізі қалыптасқан Үндістанды біз өте жақсы көреміз, өйткені онда барлық діндерге төзімділік бар. Үндістанда мешіт, шіркеу мен храмдар өте көп. Ол жақта сенің кімге сенетінің емес, жалпы діни сенімің болғанына мән беріледі, - дейді Галина Голаус.

Кришнаиттер төрт «реттеуші принципке» сенеді. Алғашқысы - олар ет, жұмыртқа және балық жемейді, яғни олардың барлығы - вегетариандар. Екіншіден, құмар ойындарға рұқсат жоқ. Үшіншіден, темекі, арақ, есірткі сынды заттарды да қабылдамайды. Төртіншісі - үйленгенге дейін жыныстық қатынасқа рұқсат жоқ.

ҚАРЖЫ

Галина Голаустың сөзіне қарағанда, «Кришна санасы» қоғамының фермасын күту, ондағы әр жексенбі сайын болатын мәдени шараларды өткізу үшін аз қаржы кетпейді. Дегенмен ол қаржы тек қайырымдылықтың арқасында жиналады екен.

Үйлену тойына дайындық. «Кришна санасы» қоғамы мүшелері киелі оттың жанына жеміс-жидек қойып отыр. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл.


- Біздің жазбаларымызда табысыңның 50 пайызын храмға беру керек деген бар. Әрине қазір 50 пайызын беріп қойып, қалған 50 пайызға өмір сүретіндей табыс тауып жатқандар шамалы. Сондықтан біз бұндай талапты қоймаймыз. Қайырымдылық – ерікті іс, кім қанша бере алады - сонша береді. Бізге келушілердің көпшілігі - жоғары білімдері бар, өмірде өз орындарын тапқан адамдар. Менің отбасым, күйеуім, екі ұлым мен келіндерімнің де жоғарғы білімдері бар. Барлықтарының қызметтері бар, олар табысының басым бөлігін храмға береді, дәл сол секілді қолы ашық жандар аз емес, - деген сұхбаттасымыз ай сайын нақты қанша ақша жиналатынын айтпады.

Әр жексенбіде фермада шамамен 300-400 адамға тегін ас беріледі. Галина Голаус «ас мәзірі жиналған ақшамызға қарай болады, егер қаржы көп болса тамақтың бірнеше түрінен дастархан жаямыз, егер аз болса екі түрлі тамақпен шектелеміз» дейді. Бұдан бөлек, «Кришна санасы» қоғамы балалар үйі мен мүгедектерге азық-түлік беріп, көмектесіп тұруды дәстүрге айналдырған.

Кришнаиттердің «Джанмаштами» фестивалі:

Кришнаиттердің «Джанмаштами» фестивалі