Қазақстандық алты құқық қорғаушы ұйым - Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы, құқықтық саясат зерттеулері орталығы, «Халықаралық құқықтық бастама», «Қадір-қасиет», «Адам құқықтары үшін хартиясы» ұйымдары және «Әділ сөз» қоғамдық қоры мамырдың 21-і күні елде бірнеше қалада азаматтарды көшеден ұстаған полицияның іс-әрекеті жайлы талдау есебін жариялады. Бұл құжатта азаматтарды ұстаған кезде полиция іс-әрекетінің заң талаптарына қаншалықты сай болғандығына құқықтық баға берілген.
Your browser doesn’t support HTML5
ЖАППАЙ ҰСТАУ
Мамырдың 31-і интернетте жарияланған құжатта құқыққорғаушылар елдің барлық аймағында дерлік азаматтардың 21 мамырда бейбіт митинг және пикеттер өткізуіне биліктің рұқсат бермегені айтылған. «Көптеген қалаларда орталық алаңдар мен көшелер жабылып, көшеге арнайы жасақ шығарылған. Құқық органдары өкілдері арасында журналистер де бар жүздеген адамды ұстап әкеткен. Оларды аудандық немесе қалалық ішкі істер бөлімдерінен шығармай бірнеше сағат бойы ұстаған. Ұсталғандардан түсіндірме жазуларын талап еткен, кейбір азаматтардың саусақ таңбаларын алып, фотосуретке түсірген. Азаматтардың, соның ішінде журналистердің мобиль телефондары, видео және фотоаппараттарын тартып алып, ондағы деректерді жойған немесе оларды жоюға ұсталғандарды мәжбүрлеген» деп жазылған есепте.
Құқыққорғаушылар полицияның 21 мамырдағы іс-әрекетін «негізсіз және заңсыз әрі ол үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға жатады» деп бағалаған.
Алматыда Республика алаңы маңында ұсталғандар:
Your browser doesn’t support HTML5
Сараптама авторлары Қазақстан конституциясы мен мемлекеттің халықаралық келісімдер бойынша алған міндеттемесінде азаматтардың бейбіт жиын, митинг, шеру және пикеттер өткізу құқығына кепілдік берілгенін еске салған. «Бұл құқық (конституциядағы) баптың екінші бөлігінде көрсетілген мақсатта шектелуі мүмкін, бірақ азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз ету – мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады» делінген есепте.
Құқыққорғаушылар 2016 жылы 21 мамырда Қазақстан территориясында немесе оның жекелеген аумағында, соның ішінде Алматы қаласында ешқандай төтенше жағдай жарияланбағандығын еске салады. Сонымен бірге олар, егер бейбіт жиын өтпеген болса, онда адамды бейбіт жиынға баруға немесе қатысуға ниет білдіргені, тіпті заңсыз жиынды ұйымдастырмақ болғаны үшін жауапкершілікке тартуға болмайтынын атап көрсеткен. Заңгерлер сол күні Алматыдағы жабық тұрған орталық алаңға өте алмаған жүздеген адамды, солардың арасында көшеде өтіп бара жатқан кездейсоқ азаматтарды да ұстап әкеткен полицияның ісін «заң бұзу» деп атаған.
Құқық қызметкерлерінің «ерекше жағдай туралы еш жерде ресми жарияланбаған әлдебір ішкі бұйрықты алға тартып, азаматтардың құқығын шектеген іс-әрекеттері заңсыз әрі ол үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке» тартылуы тиіс деп санайды құқыққорғаушылар.
Алматыда алаңға беттеген адамдарды полицияның ұстауы:
Your browser doesn’t support HTML5
21 мамырда ұсталған кейбір азаматтардың өздерін не үшін ұстағаны жайлы қойған сауалдарына жауабында полиция өкілдері ішкі істер министрлігінің көпшілікке беймәлім «ведомстволық бұйрығына» сілтеме жасағаны туралы хабарланған еді.
Сонымен бірге полиция ұсталғандардың кейбірінің саусақ іздерін алып, суретке түсірген кезде «жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және дербес деректер мен оларды қорғау туралы» заң талабын бұзып, «билікті және лауазымдық өкілетін асыра пайдаланған» дейді құқыққорғаушылар.
Алматы көшесінде ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгендер:
Your browser doesn’t support HTML5
Құқыққорғаушылар 21 мамырда полиция жүздеген адамды ешқандай әкімшілік хаттама толтырмай, оларға құқықтары мен міндеттерін (соның ішінде түсіндірме бермеуге құқығын) түсіндірмей, туыстары мен қорғаушыларын хабардар етпей ұстап, «әкімшілік заң талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс» деп санайды.
Сондай-ақ азаматтарды полиция бөлімінің ауласында немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін, терезелері жабық, орындығы жоқ, кейде электр жарығы болмаған бөлмелерде, ас-су алдыртпай бірнеше сағат бойы ұстауын да әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң ережелерін бұзу деп бағалаған құқыққорғаушылар.
БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ БӨГЕТ ЖАСАУ
Есеп авторлары қандай да бір құқықбұзушылыққа қатысты күдікке ілінбеген азаматты «алдын алу мақсатында» ұстап, полицияға апару – ол адамның құқығын көрнеу бұзатын заңсыз әрекет болып табылатынын айтады. Заңгерлердің сөзінше, 21 мамырда полиция кей адамдарды үйінен шыққан бетте ұстап әкеткен. Мәселен, Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаны үйінің маңындағы автобус аялдамасынан ұстаған полиция қызметкерлері оның смартфонын тартып алып, полиция көлігіне мәжбүрлеп отырғызып алып кеткен. Журналисті бірнеше сағат полиция бөлімінде ұстап, не себепті ұстағаны туралы еш түсініктеме берместен босатқан. Сол күні Орал қаласында Азаттықтың Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Санат Орын Әлиді де полиция көшеден алып кетіп, полиция бөлімінде жеті сағаттан астам уақыт бойы ұстаған.
Азаттық тілшісі Санат Орын Әлиді полицияның ұстаған сәті:
Your browser doesn’t support HTML5
Құқыққорғаушылар 21 мамырда полицияның БАҚ өкілдерін ұстауын «журналистің қызметіне кедергі қою» деп бағалаған. «Әділ сөз» қорының дерегі бойынша, сол күні Қазақстанда 50-ден астам журналист ұсталған. Азаттықтың сегіз тілшісі полиция бөліміне жеткізілген. Кейбір журналистердің фото және видеокамераларын полиция тартып алған. Құқыққорғаушылар полиция өкілдерінің «қылмыстық кодекстің «Журналистің кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасау» және «Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» баптарында көрсетілген іс-әрекеттерге барғанын айтады.
Астанадағы алаңнан азаматтар мен журналистерді ұстау:
Your browser doesn’t support HTML5
Мамырдың 21-і күні Қазақстанның бірқатар қалаларында жер реформасына қарсы шеруге шықпақ болған азаматтарды полиция күшпен таратып, кейбірін ұстап әкеткен. Құқыққорғаушылардың есебі бойынша, сол күні жүздеген адамды ұстап, полиция бөлімдеріне апарған. Көпшілігін сол жерде бірнеше сағат ұстағаннан кейін босатқан. Елде митингілер мен шеру өткізу заңын бұзған деген айыппен сотқа тартылған отыздан астам азамат әкімшілік қамауда отыр.
Өткен аптада Қазақстан бас прокуратурасы «21 мамырда жаппай тәртіпсіздіктер жасауды жоспарлаған арандатушылар» туралы мәлімдеме жасады. Прокуратура жекелеген азаматтар «қоғамдық-саяси ахуалды шайқалтып, ұлтаралық араздық қоздыруды және билікті басып алуды» көздеген деп санайды. Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) кеңсесі полиция мен прокуратура 21 мамырда «қолданыстағы заң аясында» әрекет еткен деп мәлімдеді.
24 сәуірде Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.