Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Ескі Иқан ауылындағы жекеменшік бауға биылғы мамырдың 8-і күні жергілікті тұрғындар осы ауылдың орталық көшесінің бойында 60 жыл тұрып, былтыр жазда «дауылдан құлаған» Сталин ескерткішін өз қаржыларына қайта тұрғызған еді.
Бір апта өтпей жатып бұл оқиға көптеген әлеуметтік желі қолданушыларының ашуына тиіп, қоғамдық талқылау тудырды. Қазақстан үкіметі Кремльден қалыспай Жеңіс күнінің 70 жылдығын барынша кең атап өтуге пәрмен беріп жатқан кезде бірқатар қазақстандық белсенділер аты көпке белгісіз, шалғайда жатқан Ескі Иқан ауылындағы Сталин ескерткішін дереу алып тастауды талап етумен болды.
Мамырдың 15-сі күні әкімдік ауыл тұрғындарының қарсылығына қарамастан ескерткішті алып тастады. Түркістан қаласына қарайтын Ескі Иқан ауылының әкімдігі «тұрғындардың бұл әрекеті – заңсыз» деп мәлімдеді. Бұл оқиға Қазақстан мен Ресейде сталинизмге қатысты қоғамдық пікірдің арасында айырмашылық барын да байқатты.
Даулы оқиға кезінде жергілікті БАҚ Ескі Иқандағы ескерткіштің әлеуметтік желілерде тараған суреттерін көшіріп басып жатты. Ауыл әкімімен телефон арқылы сөйлескендері де болды. Бұл арада Азаттық тілшісі Ескі Иқанға барып, ескерткішті ондаған жыл сақтап келген Сталинге құрмет көрсетуші тұрғындармен және оларды жауапқа тартпақ болып жатқан әкімдік өкілдерімен ауызба-ауыз сөйлесіп, мәселенің мән-жайын білді.
Зейнеткер Бахыт Зуппорхонов – ауылдың орталық көшесінде 65 жылдан бері тұрып, 2014 жылғы маусымның 6-сында «желден құлаған» Сталин ескерткішін жекеменшік бауына орналастыруға келісім берген Ескі Иқан ауылының тұрғыны.
- Ескерткіш құлаған соң қолды болмасын, сындырып тастамасын деп сақтадық. Сосын биыл ауыл тұрғындары ортадан 140 мың теңге ақша жинап, бір жарым ай жұмыс істеп, 6 мамыр күні ескерткішті бауға орнатып біттік. 5 метрлік бұл ескерткіштің 8 мамыр күні ашылу рәсімін өткіздік. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына (екінші дүниежүзілік соғыстың советше атауы – ред.) ауылдан аттанып, қайтыс болған жауынгерлердің рухына бағыштап, ас бердік, - дейді зейнеткер Азаттыққа.
Бахыт Зуппорхоновтың айтуынша, ескерткіш оның жекеменшік бауында бір апта тұрған. Жергілікті билік тексеріп, «жер телімінің нысаналы бағыты дұрыс емес екенін» анықтап, «шешімі бар да, актісі жоқ» деген қорытынды жасап, ескерткішті алып тастаған.
- Негізі ескерткіштің иесі – Мурод Набиев. Ол – Сталин ескерткішін 1949 жылы орнатқан колхоз басшысының баласы. «Әкемнің көзі» деп ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін еңбектенді. Енді, міне, бауда жатыр (15 мамырда ескерткіш ауыл әкімдігінің шешімімен бөлшектенген еді – ред.). Бөлшектенген ескерткішті Мурод үйіне алып кетеді ме, жоқ әлде осы жерде қалады ма, ол жағын білмедім. Сол кісі шешеді, - дейді Бахыт Зуппорхонов Азаттыққа.
Құлаған ескерткіш туралы видео:
Your browser doesn’t support HTML5
15 мыңға жуық тұрғыны бар Ескі Иқан ауылында этникалық өзбектер тұрады. Бахыт Зуппорхоновтың үйінің алдындағы бауы – ауылдың орталық көшелерінің бірінде, Сталин ескерткішінің бұрынғы орнынан шамамен 700 метрдей қашықтықта тұр.
16 мамыр күні Азаттық тілшісі ауылға барғанда үш бөлікке бөлінген Сталин ескерткіші жерде жатты. Ары-бері өтіп жатқан тұрғындарға ескерткіштің орны анық көрінеді. Тілші зейнеткермен сөйлесіп тұрған бір сағаттың ішінде құлаған ескерткіштің қасында суретке түсу үшін алты адамның келгеніне куә болды.
Сталин ескерткішін орталық көшелердің бірінде орнату туралы әуелгі бастаманы ауыл тұрғындары сөкет көрмейді. Тілші оннан аса тұрғынды сөзге тартқанда, олар: «Сталин ескерткішінің ауылда тұрғанына көп болған. Ешкімге зияны тимеген. Қайта орнатудың ешбір олқылығы жоқ еді» деп жатты.
Қайта орнатылған Сталин ескерткішін алып тастау кезінде істің басы-қасында жүрген Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергеновтің мамырдың 18-і күні Азаттыққа айтуынша, ескерткішті бауына орнатқан Бахыт Зуппорхоновпен жергілікті билік келіссөз жүргізген.
Ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін тұрғындар қала әкімдігіне өтініш түсіреді. Өтінішті облыс әкімдігі қарап, мәдениет министрлігіне жолдайды.Дәурен Тәңірбергенов
- Бахыт Зуппорхонов пен ауыл ақсақалдарына ескерткішті бау-бақшаға орналастыру заңсыз екенін түсіндіріп айттық. Тұрғын ескерткішті орнату үшін келісім алмаған. Оның үстіне жер телімі берілгені жөнінде шешім бар да, мемлекеттік акт жоқ. Жер тек абаттандыруға арналған, - дейді әкімнің орынбасары.
Дәурен Тәңірбергеновтің сөзінше, Сталин ескерткішін қайта орнатуға белсене араласқан 72 жастағы Мурод Набиев пен өзінің жер теліміне оны қоюға келіскен зейнеткер Бахыт Зуппорхонов заң бұзбаған болса, ескерткішті орнатуға ешкім қарсы келмес еді. Ол ескі ескерткіштің мәдени нысан ретінде тіркелмегеніне назар аудартады.
- Ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін тұрғындар қала әкімдігіне өтініш түсіреді. Өтінішті облыс әкімдігі қарап, мәдениет министрлігіне жолдайды. Мәдениет министрлігінен келісім келеді. Келісімге төраға ретінде министр қол қоюы қажет. Содан кейін жұмыс жасалады. Бұдан кейін де құжаттарды рәсімдемей, ескерткішті қайта орнатса, біз жер телімінің иесін сотқа береміз, - дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергенов.
Азаттық тілшісіне өз пікірін білдіру үшін Түркістан қаласынан Ескі Иқан ауылына келген Мурод Набиев 60 жылдан бері бір жеріне зақым келмей тұрған ескерткіштің былтыр бір түнде «желден құлағанына» да күмәнмен қарайды. Ол былтыр ескерткіш құлаған соң оны қайта қоятын жер іздеп сандалғанын, ауыл, қала әкімдігінен жер сұрағанын, алайда жергілікті билік келісім бермегенін айтты.
- Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына 35 күн қалғанда Сталиннің ескерткішін қайта орнатуға әрекет жасап, тұрғыздық. 70 жылдықтың қарсаңында қоюымыздың себебі, бұл соғыста жеңіске жетуге бұл адамның (Сталиннің – ред.) сіңірген еңбегі бар деп есептедік. Оны (Сталинді – ред.) «диктатор», «геноцид» дейді. Бәрі өтірік. «Қазақты аштықтан қырып жіберді» дейді. Бұл істеген емес. Бірақ осыған (Сталинге – ред.) жапқан, - дейді Мурод Набиев.
Мурод Набиев Сталин ескерткішінің бір де бір құжаты жоқ екенін Азаттыққа растады. Оның сөзінше, 1949 жылы Ескі Иқан ауылының тұрғындары ортадан ақша жинап ескерткішті 680 рубльге сатып алған.
- Мен 3-сыныптан бері «за Сталинмін». Қазақстан бойынша Сталиннің бүтін тұрған ескерткіші бір жерде ғана қалды. Осы Ескі Иқанда. Қалғандарын көмді, сындырды. Ал біздің ауыл сындыртқан жоқ. Сталиннің ескерткішін орнату біріншіден, әкеме құрмет, екіншіден, Сталинге құрмет, - дейді ол.
Зейнеткер алдағы екі айда Сталин ескерткішін қайта орнату үшін тиісті орындарға өтініш түсіретінін, «рұқсат берсін, бермесін Сталиннің ескерткішін қайта тұрғызатынын», бірақ «қайта құлатуға жол бермейтінін» қадап айтты.
Бірқатар жергілікті белсенділер 1930 жылдары Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргін мен аштық сияқты зұлматтардан сол кездегі СССР басшысы Иосиф Сталин һәм «хабардар болды», һәм ол науқандарды «әдейі ұйымдастырды» деп санайды. «Қазақстандағы Сталинге көзқарас» тақырыбын Азаттықтың "Еркін сөз" хабарында талқылаған тарихшы Гүлжауһар Көкебаева мен саясаттанушы Әзімбай Ғали мұндай пікірлерді академиялық зерттеу нәтижелеріне сілтеме жасай отырып дәйектеуге тырысты. Ғалымдар Қазақстандағы Сталиннің «көсем бейнесі» соғыс ардагерлері буынымен бірге келмеске кетіп бара жатқанын, сол себепті жаңа буынның советтік символдардың монументалдық пропагандасына деген қарсылығы күшейе беретінін айтты.
Қазақстан билігі сталинизмнің жаппай қудалау саясатын сынағанымен 1930 жылдардағы аштық пен екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі және одан кейінгі гуманитарлық апатқа қатысты ресми саяси баға берген емес.
Мақала әзірленіп жатқанда: Ескі Иқандағы Сталин ескерткішінің басын әлдекімдер "жарамсыз" етіп, сындырып кеткені белгілі болды. "Ескерткіштің иесі" делінген Мурод Набиевтің Азаттық тілшісініе хабарлауынша, оқиға 18 мамырға ауған түні болған. Кеше ол осы мәселеге орай аудандық ішкі істер бөліміне арызданған. Мурод Набиевтің айтуынша, ескерткіштің қалған бөліктері қазір Бахыт Зуппорхоновтың қорасында сақтаулы тұр.
"Қазақстандағы Сталинге көзқарас". Азаттықтың "Еркін сөз" хабары: