Қазақстан: 2010 жылдың елеулі оқиғалары

Жұмыссыздар халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараты алдында. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан үшін 2010 жылғы қандай оқиғалар елеулі болды? Саяси шешімдер институтына жиналған мамандар мен сарапшылар осы сауалдың жауабын іздеді.


2010 жылдың назарға іліккен басты оқиғаларын атап өткен сарапшылар зерттеу жүргізу барысында ұлт көшбасшысы туралы заңның қабылдануы қоғамда теріс пікір туғызғанын алға тартты. Сонымен қатар қазақстандықтардың басым бөлігі елде атом банкін құруға қарсылық білдірген.

Сарапшылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен саммиттің өтуі халық арасында көп пікірталас туғызғанына көз жеткізгендерін айтады. Бірақ сауалнама барысында сұралғандардың 75 пайызы саммитке оң баға берген көрінеді.

Сонымен қатар саяси шешімдер иниститутының 2010 жылға қатысты ұсынған зерттеу қорытындысында 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламаға Қазақстан халқы үлкен мән бергендігі жазылыпты. Олар "халық елдің болашағы мен оның даму үрдісі қатты алаңдатады, сондықтан да ондай бағдарламалар қабылданғанымен, іске асатынына күмәнмен қарайтындар көп" дейді.

Экономика саласындағы зерттеулерде Қазақстан қаржы дағдарысынан шықты делініп, оң баға берілген. Ал әлеуметтік салада Қызылағаш оқиғасына байланысты пікір білдірушілер "бұл мәселе жүйелі түрде шешілмейтін болса, ондай оқиғалар қайталана береді" дейді.

Ұлттық зерттеу институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, қазақстандық жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі 2010 жылдың маңызды оқиғаларының біріне айналып отыр.

"Жылдың басты оқиғалары қандай болды?" деген тақырыптағы талдау хабарымызды "Уақыт бедері" айдарынан толық тыңдай аласыздар.