Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы елді мекені – Қарауылтөбе ауылында тұратын Телбаевтар өткен айда дүниеге келген сәбиге Азиада деген есім берді.
– Қытайдағы Гуаньчжоуда өткен жазғы Азиада ойындарына қатысқан спортшыларымыздың өнерін теледидардан тамашаладық. Ауылда болсақ та, олардың жеңісіне біз де сүйінеміз. Жанкүйеріміз ғой. Спортшылардың алтыннан алқа тағынғанын көріп бір қуандық. Әйелім Оралдағы перзентханаға түскенде, егер қыз болса, атын Азиада деп атаймыз, ал ұл болса, кіші балам Еламанға ұйқастырып қоямын ғой деп ойлап жүргенмін. Қызды болғанымды естігенде өз ойымды әйеліме СМС арқылы жазып жібердім, ол бұған қарсы болмады, – дейді шаңырақ иесі 45 жастағы Бисенбай Телбаев.
Қыздарына Азиада деп есім қойған ата-ананың айтқаны:
АЛТЫ АДАМҒА – 11 800 ТЕҢГЕ
Азиада – Телбаевтар отбасындағы бесінші бала. Бисенбай Телбаевтың бір ұл, төрт қызы бар. Тұрмыс құрған үлкен қызы қазір қалада тұрады. Ал қаладағы сауда орындарының бірінде жұмыс жасайтын ортаншы қызы жұмысынан қысқарып, ауылға қайтып келген.
Қазір Телбаевтар шаңырағындағы алты адам отағасының үкіметтен алатын 11 800 теңге (шамамен 80 АҚШ доллары) зейнетақысына қарап отыр. 1998 жылы Бисенбай Телбаевтың аяғына су құйылған бөшке құлап, содан ІІІ топтағы мүгедек болып қалған екен.
Соған қарамастан Қарауылтөбедегі жеке қожалықтардың бірінде көлік жүргізушісі болып еңбек еткен Бисенбай Телбаев осыдан бір жыл бұрын жұмыстан қысқарып қалған соң,
Бисенбай Телбаев қызы Мейрамгүлмен. Қарауылтөбе ауылы, Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы. 20 желтоқсан, 2010 жыл.
отбасының онсыз да шамалы табысы азайып кетіпті. Қазір отағасы да, оның зайыбы Бибігүл Телбаева да жұмыссыз.Қорасында екі бас ірі қарасы, он шақты ұсақ малы бар Бисенбай Телбаев ара-тұра жекеменшік ескі «ГАЗ-53» машинасымен жалданып, көрші-қолаң мен ауылдастарының шаруасын тындырады екен. Бірақ отбасындағылар қолындағы мал мен көлікке бола осыған дейін мектеп жасындағы екі балаға алып келген болмашы жәрдемақыдан да қағылғандарын айтады.
– Бұрын балаларымыз үшін мемлекеттен ай сайын 2 400 теңге жәрдемақы алатынбыз. Бірақ ауыл әкімдігіндегілер «отбасыңның табысы үкімет белгілеген шектеулі мөлшерден, яғни 8 000 мың теңгеден көп» дегенді желеу етіп, енді оны да бергізбей отыр. Сондағы олардың көпсінгені қорадағы азын-аулақ малымыз бен жүргенінен тұрғаны көп жекеменшік жүк көлігіміздің болғаны ма? Сонда 11 800 теңгеге қалай күн көреміз? Ай сайын ұнымызды, шай-қантымызды аламыз. Ал балалардың киіміне, оқу-құралдарына ақша жетпейді, – дейді Азиаданың анасы, 41 жастағы Бибігүл Телбаева.
Азиаданың анасы Бибігүл Телбаева:
Азиаданың дүниеге келгеніне айға жуықтаса да, нәрестенің туу туралы куәлігі әлі дайын емес. Ауылдық әкімдіктегілер бұл құжаттың кешігуін техникалық себептермен байланыстырып, жуық арада дайын болады дегенге сендіруге тырысады. Телбаевтар отбасы Азиаданың қажетті құжаттарын бір айдың ішінде әзірлеп өткізбесе, жаңадан туған сәбиге берілер жәрдемақыдан қағылып қалуы әбден мүмкін. Мемлекеттен бір рет берілетін 70 650 теңге (шамамен 470 АҚШ доллары) – бұл шаңырақ үшін демеу боларлық қомақты қаржы.
ТЕЛІБАЕВТАР ӘУЛЕТІ
Бибігүлдің енесі – 76 жастағы Раиса Телбаева он құрсақ көтерген. Қазір сегіз ұлынан 25 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Әжейдің өзі кенже ұлын 42 жасында босанғанын әзілмен еске алды. Қазір кенжесі ауылда тұрады, ол да жұмыссыз. Төрт баласы қалада жүр. Олардың ешқайсысында баспана жоқ, кісі есігінде күнелтіп жүргені де кейуананың көңілін құлазытады:
– Мына үйді алпысыншы жылдары тұрғыздық. "Балалар өскесін, оларға да енші беріп, осы көшеде Телбаевтар шаңырағы болып қанат жаямыз ба" деп қосағым екеуміз армандайтын едік. Ол да бір дәурен екен. Қиялымыздың ұйқы-тұйқысы шығып, бәрі де бытырап кетті. Заманның не болғанын да білмей қалдық. Қазір ұлдарымның жартысы ауылда, қалғандары қалада. Ауылдағылары әйтеуір қасымда ғой, қалғаны қалада пәтер жалдап, күн кешіп жүр, – дейді Раиса Телбаева.
Азиадаға әжесі бесік жырын айтады:
ШАЛҒАЙ АУЫЛДЫҢ ТІРЛІГІ
Қарауылтөбе ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 200 шақырым, ал аудан орталығы Чапаев селосынан 90 шақырым алыста орналасқан.
Бұл ауылдан Оралға тура жеткізетін төте жолға түсу үшін Жайық өзенінен пароммен өтуге тура келеді. Қыс түсіп, паром тоқтаған кезде жұрт тәуекелге бас тігіп, көлікпен мұз үстінен жүріп өтеді. Осыдан бір ай бұрын іргелес Базартөбе ауылындағы тұтас бір отбасы (ата-анасы мен бес жасар сәби) Жайық өзенімен жүзіп бара жатқан кезде қайығы аударылып, суға батып кеткен еді.
Ауыл клубы мен бұрынғы мектеп ғимараты былтыр жөнделіпті. Облыс бюджетінен бөлінген 55 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасалып, мектептің ескі ғимаратында «Нұрбақыт» деген атаумен қайта ашылған балабақшада елуге тарта бүлдіршін тәрбиеленді.
Қазір ауылда жұмыс істеп тұрған мекемелер - орта мектеп, АТС (автоматты телефон стансасы) және Қарауылтөбе орман шаруашылығы мекемесі. Ауыл әкімдігінің
Азиада дүниеге келген Телбаевтар отбасының үйі. Қарауылтөбе ауылы, Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы. 20 желтоқсан, 2010 жыл.
алдында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдайтын жалынды ұран жазылған үлкен билборд ілініпті.Бір кезде ауылдағы үш фермада төрт түлік те өсірілген екен. Бірақ өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бұл фермалардың бәрі де тарап кеткен соң тұрғындар күнкөріс қамымен аудан орталығын сағалап, қазір мал шаруашылығы тек жеке кәсіпкерлердің қолына көшкен. Содан бері ауыл тұрғындары тек қолдағы малға қарап отыр. Жастар кәсіп іздеп қалаға кетеді, бірақ ол жақтан да жұмыс таба алмай қайтып келгендер де бар.
Биыл қыста бір тонна көмірдің бағасы 8-9 мың теңгеге барды. Бірақ ауылда мемлекеттік ғимараттар болмаса, тұрғындардың көпшілігі отынды ауыл маңындағы тоғайдан алады. Алты айға созылатын қыста жұрт үйін тезек пен ағаш жағып жылытады.
«Қарашығанақ – Орал» газ құбыры жобасына сәйкес, алдағы жазда Қарауылтөбеге Жайықтың арғы бетінен газ келеді деген уәдені малданған тұрғындар "егер көгілдір отын желісі жүргізілсе, ауылда немесе аудан орталығында жаңадан жұмыс орындары ашылар ма еді" деп үміттенеді.