Астанада үй салатын жер жоқ

Көпқабатты ғимараттың қасындағы жер үйлер. Астана, 16 қараша 2011 жыл.

Үй салғысы келетін 96 мыңнан аса адам Астанада жер телімін алу кезегінде тұр. Астана әкімдігі мемлекет уәде еткен 10 сотық (мың шаршы метр) жер 2013 жылы да берілмейтінін хабарлады.

Astana.kz сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Астанада жерге деген сұраныс қаланың жер қорының мүмкіндігінен алты-жеті есе көп. Астана қаласы бойынша жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, биылғы жылдың он айында ешкімге жер берілмеген. Негізгі себеп – қажетті инженерлік-коммуникациялық желінің жоқтығы.

«САТЫП АЛҒАН ОҢАЙ»

Астана қаласының тұрғыны Сәкен Оспанов жер алу кезегінде төрт жыл тұрыпты. Күтуден шаршап, төзімі таусылған ол үй салу үшін жерді енді Астанадан емес, Ақмола облысының Ақкөл ауданынан іздеп жүр екен. Оның айтуынша, ол жақта жер арзандау, ал Астанадан үй салуға ақшасы жетпейді. Сәкен Оспанов үй салуға 60 мыңға жуық доллар жұмсамақ.

– Меніңше, әкімдікке үміт артып қажеті жоқ, ұзақ күтіп, текке шаршайсың. Ақыры қолды бір сілтедім. Мен арыз бергенде ондағылар «жер алуыңыз неғайбіл» деп ескерткен. Қазір кезектің қай тұсында екенімді де білмеймін. Болып қалар деген үмітпен күтіп едім, – дейді Сәкен Оспанов.

Ол мемлекеттен бөлінетін 10 сотық жерді ешбір коммуникациясыз-ақ алмақ болыпты. Бірақ Астана әкімдігіндегілер «заң жүзінде ондай жерді беруге болмайды» депті. Сәкен Оспанов Ақкөл ауданынан тұрғызбақ үйіне автономды коммуникация тартпақшы.

– Бастапқыда жерді Астананың ішінен іздедім. Бірақ бағасы удай, неше түрлі хабарландыру бойынша телефон соқсам, жер сататындар бір адам болып шығады. Шамасы, біреулер жолын тауып, жер алды да, енді сатып жатыр, – дейді Сәкен Оспанов.

Астанадағы жер үйлер. 16 қараша 2011 жыл.


Тағы бір астаналық тұрғын Арман Қалиев Азаттық тілшісіне мемлекеттен тегін жер алам деп үміттенбегенін де, кезекке де тұрмайтынын айтты. Бұл кісі де үй салу үшін жер қарап жүр екен.

– Жерді таныс риэлтор тауып беремін деген. Қазір іздеп жатырмыз. Әзірше, Гольф-клуб маңынан 15 мың долларға 10 сотық жер табылды. Қосшы кентінде мұндай жерді 20 мың долларға табуға болады. Ал Оңтүстік-Шығыс жақта 20-25 мың долларға жерлер бар. Бірақ әлі барып көрген жоқпын. Біреулер жері нашар болғандықтан, ол жақтың бағасы төмен екенін айтты, – дейді Арман Қалиев.

Әңгімелескен үш адамның ішінде Фархад Әлиевтің ғана жолы болыпты. Осыдан екі жыл бұрын ол мемлекеттен жер алып, қазір салған үйінде тұрып жатыр екен. Айтуынша, үйін салуға 40 мың доллар жұмсапты. Фархад мемлекеттен жерді қалай алғаны туралы құпияны ашудан бас тартты. Тек «бір кездері көмектескен адамдар қол ұшын берді» деумен шектелді.

ЖҰРТ ҮМІТТЕНІП ЖҮР

Жұрт Астана әкімдігіне хат жазып, жеке үй салу үшін қалай жер алуға болатыны жайлы сауалдар жолдап жатыр. Астана тұрғыны Ләззат Ғаббасова да осы айдың басында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке осындай сауал жолдапты.

Астана әкімдігі оған жер телімін алу үшін қала басшысының атына өтініш, жеке куәлігі пен салық тіркеуші номерінің көшірмесін тапсыру қажет екенін, өтініші қаралған соң шешім қабылданатынын айтыпты.

Бірақ жауаптың соңында «қала аумағында инженерлік-коммуникациялық желі тартылған дайын алаң жоқ болғандықтан, қазіргі уақытта жеке үй салуға жер телімдері берілмейді» деген ескерту жазылған.

«2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БӨЛІНЕР»

Астана әкімдігі сайтындағы ақпаратқа қарағанда, жер телімдерінің берілмеуінің тағы бір себебі бар.

«Жұрт қала аумағы көрші облыстың Астана іргесіндегі жерлері есебінен кеңейтілгенін жақсы біледі. Сондықтан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың бұрынғы иелерінің жерлерін үй салатын жеке меншік иелеріне алып беруге қала әкімдігінің құқы жоқ. Оның үстіне республика астанасы ретінде Астана қалалық инфрақұрылымды дамытуы тиіс. Қанша тырысқанмен, Қазақстанның бүкіл азаматтарына қала ішінен жер бөле алмайды» деп жазылған сайтта.

Қаланың жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Назымбек Кенжебаевтың айтуынша, Астана аумағында 2030 жылға дейін үй салуға арналған 44 мың 700 жер телімін бөлу жоспарланған.

– Қазіргі уақытта оның 29 мың 454 телімі бар. Қалған 15 мыңға жуық жер телімі 2030 жылға дейінгі кезеңде бөлінуі мүмкін, – деді ол.

Бұл мақаланы Светлана Глушкованың Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.