Қазнеттің «қолбала» блогерлері

Көрнекі сурет.

Британ зерттеушісі Лука Анчески Азаттыққа берген сұхбатында «Қазақстанның блогсфера және әлеуметтік медиа сияқты бейсаяси цифрлық БАҚ-тары авторитарлық режим билігін күшейтуге көмектеседі» дейді.

Ұлыбританияның Глазго қаласы университетінің Орталық Азия елдері бойынша зерттеулері оқытушысы Лука Анчески мырза «Авторитаризм уысындағы БАҚ: қазақстандық цифрлық БАҚ-ты шектеу» деген ғылыми зерттеуін жариялады.

Автордың жазуынша, Қазақстан азаматтары бұрынғыға қарағанда, интернетті еркін пайдалана алады, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаев режимі онлайн-тұтыну саласын неосаяси бағытқа бұру арқылы жергілікті веб-сайттарда саяси талдау сипатындағы мақалаларды жариялауды дүркін-дүркін шектеп отырады. Зерттеуші Лука Анческидің пікірінше, Қазақстандағы қазіргі интернет-кеңістік авторитарлық режимге билікті сақтап қалуға көмектеседі.

Азаттық: - Қазақстан үкіметіне Қазнетті саясаттан оқшаулаудың сәті қалай түскенін түсіндіріп беріңізші. Қандай технологиялар пайдаланды? Мүмкін интернет қолданушылардың тұтыну құрылымы табиғи жолмен өзгеріп, әлдебір айла-амалдарға ешкім жүгінбеген шығар?

Ұлыбританияның Глазго қаласы университетінің Орталық Азия елдері бойынша зерттеулері оқытушысы Лука Анчески.

Лука Анчески: - Қазақстанда интернет режим өз билігін нығайтып алған кезде кең тарай бастады. 1990 жылдары телевизия мен радио билікпен қатар дамыды, сондықтан баспасөзде салыстырмалы түрде болсын еркіндік болды. Бірақ Назарбаевтың ықпалы күшейген кезде, режим бұл саланы қуғын-сүргін, цензура арқылы уысында ұстады. Ал интернетте бәрі басқаша болып шықты. Режим күшейіп алған кезде пайда болғандықтан, Қазнетте еркіндік жоқ.

Инфрақұрылымға «Қазақтелеком» монополиясын орнату, блог жазу мен оқу, пікірталас жүргізу дәстүрінің жоқтығы сияқты факторлар тым маргинал блогсаланы қалыптастырды. Ақыры үкімет көнбіс, зердесіз интернет-кеңістік қалыптастырып алды. Қазнет пайдаланушылары бұқаралық мәдениетке әуес.

Бір жағынан алғанда, интернет-кеңістікті саясаттан оқшаулау - елдегі авторитарлық жүйенің нәтижесі, ал екінші жағынан алғанда, интернетті басқару үшін үкімет қолданатын тәсіл болып отыр.

Азаттық: - Елдегі негізгі ақпарат құралдары сияқты Қазнетте де биліктегі режим мүдделі контент басым ба?

Лука Анчески: - Иә. Қазір Қазақстандағы дәстүрлі және цифрлық БАҚ арасында айырмашылық жоқ, режим екеуіне де монополия орнатып алған. Баспадан шығатын басылымдар сияқты, интернетті де режим бақылайды. Бірақ интернетке бақылау орнату онша қиын емес, өйткені инфрақұрылымға мемлекеттік монополия орнаған. Сондықтан кейбір сайт, ресурстарды оңай бұғаттап, цензурамен тұншықтырып, жауып тастауға болады.

Қазір жұрт интернетті авторитарлық контексте пайдаланып, түсінеді. Қазақстандағы интернет бұрыннан авторитарлық контекст аясында реттелетін, бұл жерде үкіметтің ықпалымен бір жағынан бейсаяси, екінші жағынан маргиналды тұтыну құрылымы шоғырланды.
Лука Анчески.

Қазір жұрт интернетті авторитарлық контексте пайдаланып, бәрін авторитарлық контексте түсінеді. Қазақстандағы интернет бұрыннан авторитарлық контекст аясында реттелетін, бұл жерде үкіметтің ықпалымен бір жағынан бейсаяси, екінші жағынан маргиналды тұтыну құрылымы пайда болып, шоғырланды.

Азаттық: - Ал белгілі блогерлер мен журналистердің Қазнет пайдаланушыларының көпшілігінің тұтыну құрылымын, талғамын, сұранысын қалыптастырудағы және жалпы қоғамдық пікірді өз ыңғайына қарай икемдеудегі рөлі қандай?

Лука Анчески: - Жаңазен оқиғасынан кейінгі Қазақстанда режим белгілі бір блогерлер мен жолдар арқылы интернет және цифрлық БАҚ-ты өз билігін нығайтуға пайдалануға болатынын түсінді. Қазақстандық интернетке бақылаудағы ақпарат түседі. Режимнің интернетте адамдарға достық пейілдегі ақпарат жариялау арқылы жұрт санасын бақылауға болатынын түсінгеніне Жаңаөзен оқиғасынан кейін (2011 жылдың желтоқсанында) Маңғыстау облысын ақпарттық тұрғыдан оқшаулау мысал бола алады.

Назарбев пен оның айналасындағыларға тиімді ақпаратты тарату - пассивті ғана емес, белсенді механизм. Қазір интернет әсіресе «қанды блогерлердің» арқасында режимнің белсенді сыбайласына айналып бара жатқанын байқаймыз. Режим Жаңаөзен оқиғасынан кейін интернетте жарияланатын жазбаларға үлкен мән бере бастады. Әйтпесе ол жаққа «қанды блогерлерді» аттандырмас еді.

"Агента.маil.ru" чатындағы блогер Жанболат Мамышев пен bnews.kz сайтының бас редакторы Дмитрий Ким арасындағы әңгіме деп болжанған скриншот.

Азаттық: - Сіз 2011 жылы желтоқсанның 16-сы және 17-сі күндері болған оқиғаларға байланысты Жаңаөзенге барып келгеннен кейін жазған посттары мен блогтары негізінен ресми болжаммен сәйкес келген, «қанды блогерлер» атанған блогерлерді айтып өттіңіз. Жалпы, азаматтық қоғам мен қоғамдағы демократиялық процестердің дамуы үшін қолбала блогерлер мен қолбала журналистер қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

Лука Анчески: - Түптеп келгенде, бұл - қазақстандық интернеттің жергілікті телевизия, радио және өзге БАҚ-қа ұқсайтын тұстары. «Қанды блогерлер» немесе 2015 жылы президент сайлауы орнына ел президенті өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді ұсынған блогерлер альянсы болсын, контентті билік мүддесіне қарай ауыстырып, «Казахстанская правда» газеті мен ұлттық телевизия сияқты рөл ойнайды. Олар режимге бүйрегі бұратын ақпарат құралына айналады.

Соңғы 15 жыл бойы баспасөздің күйі осындай болды, ал интернет бұл күйге тіпті тез түсті, қазақстандық режим 4-5 жыл ішінде интернеттің көп бөлігіне бақылау орнатып алды.
Лука Анчески.

Соңғы 15 жыл бойы баспасөздің күйі осындай болды, ал интернет бұл күйге тіпті тез түсті, қазақстандық режим 4-5 жыл ішінде интернеттің көп бөлігіне бақылау орнатып алды. Мұның мысалы – «қанды блогерлер» мен блогерлер альянсының құрылуы. Мұны мен қауіпті құбылыс демес едім, бірақ Қазақстанда интернет аз уақыт ішінде телевизия мен радио сияқты құралға айналды.

Қазақстанда цифрлық БАҚ-тың мазмұнын үкімет реттейтін болғандықтан осындай жағдай қалыптасты. Ол авторитарлық контекст аясынан шыға алмайды; цензура, өз-өзін цензуралау, бұғаттау сияқты қысымға түскен; блогерлер қауымының көп бөлігінің кооптациясы да пайда болды. Ақыры биліктің шамына тиетін ақпаратты тарату цифрлық баспасөзге де қиынға айналды.

Мен зерттеуімде «саясаттан оқшаулау себеп пе, салдар ма?» деген сұраққа жауап іздедім. Меніңше, екеуі де сияқты. Бақылау орнату интернетті бейсаяси құралға айналдырып, жұрт саясатпен айналыспайтын, оған қызықпайтын болды.

Азаттық: - Саясаттан тыс болу құбылысы орыс және қазақ тілді блогсаланың екеуінде де байқала ма?

Лука Анчески: - Мен тек орыс тіліндегі сайттарды ғана зерттедім. Бірақ Қазақстанда орыс тілді және қазақ тілді блогерлермен сөйлестім. Екеуінің арасынан үлкен айырмашылықты байқамадым. Меніңше, орыс тілді блогерлерге қарағанда, қазақ тілді блогерлердің бүйрегі билікке көбірек бұрады. Бірақ ондайлар өте аз, мұның өзі үкіметтің елде сылбыр әрі қызықсыз интернет қалыптастырып алғанын анық көрсетеді. Жұрт пікір таластырғысы келмейді. Бәрі атақты адамдардың өмірі, гламур тақырыптардан аспайды, бұл интернет қолданушыларға да жеңіл.

Азаттық: - Интернетті саясаттан оқшаулаудың ақыры неге ұласуы мүмкін?

Лука Анчески: - Меніңше, алдағы 10 жылда ештеңе өзгере қоймайды. Қазақстандағы интернет-кеңістік қазіргі қалпынан қатты өзгереді деп ойламаймын. Үкімет интернетке үлкен еркіндік беріп қоймасы анық, сондықтан еркін ойлы саяси блогтар пайда болады деп ойламаймын.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.