Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында қазанның 22-і күні өткен «Ақтастағы Ахико» деректі драмалық шығарманың премьерасын тамашалауға келген зал толы көрермендер арасында мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлова мен өнер иелері және Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата, үшінші хатшысы Марико Цунокаке болды.
Қазақстандағы жапон тұтқынының қилы тағдырынан алдын-ала хабардар болған көрермендер асыға күткенімен, спектакльдің бас кейіпкері, бұрынғы жапон әскери курсанты, қазір Қазақстанның Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұратын Ахико Тецуроның өзі премьераға келмеді.
Деректі драма авторы Мәдина Омарованың айтуынша, жасы тоқсанға таяған Ахико Тецуро денсаулығына байланысты Алматыға жете алмаған.
«ЖАПОН ТЫҢШЫЛАРЫ»
Сахна шымылдығы жапон халқы қастерлейтін сакура ағашы мен бұтақтарына ақ шүберек байланған қарағаштың фонында ашылды. Драмалық шығарманың өне бойынан жапон және қазақ мәдениетіндегі параллель ұғымдар аңғарылып тұрды.
Әкесінен жапон қылыштасу өнерін үйреніп, бейқам жүрген бозбала Ахико Тецуроның өмірі 1945 жылы Совет одағы Жапонияны соғыста жеңіп, Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарын меншіктеп алғаннан кейін күрт өзгереді. Екі аралдың тұрғындарын ішкі Жапонияға шұғыл көшіргенде әскери училищеде оқып жүрген бозбала Ахико көштен қалып қояды. Совет әскері курсант киімінде жүрген Ахиконы тұтқындап, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды қамайтын ірі лагерьлердің бірі - Қазақстанның Қарағанды облысындағы «Карлагқа» жөнелткен.
Не үшін тұтқындалғанын түсінбеген бозбала Ахико лагерьдегі азаптаулардан кейін «жапон тыңшысы» деген айыпты еріксіз мойындап, айдаудағы өмірге мойынсұнады. Спектакльде Ахиконың лагерьге қамалған сәтін бейнелейтін көріністе шымылдық орнына сахнаны толығымен жауып тұратын темір тор төмен түседі.
Шығарма авторлары «жапон тыңшысы» деп айыпталған Ахико Тецуромен бірге 1937-38 жылдары «халық жауы», «жапон тыңшысы» атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының азапты тағдырын да қатар көрсетуге тырысқан. Сахнадағы көріністерде «жапон тыңшысы» деп айтылған қазақ тұтқындардың кейбірі Жапонияның қайда екенін де білмейді.
Сталин өлгеннен кейін совет өкіметі саяси тұтқындарды түрмеден босата бастағанда 25 жастағы Ахико да лагерьден босап шығады. Салмағы небәрі 24 келі тартатын, әбден азып-тозған Ахиконы НКВД қызметкерлері атып тастағалы тұрған жерінен қазақ кейуанасы құтқарып қалады. Бір кездері осы әйелдің ақын ұлы Ахметті тұтқындаған НКВД офицерлері өздерін танып қойған кейуанадан қаймығып қалғанымен, қайта келетіндерін айтып жөніне кетеді.
Әлінен айырылған Ахиконы қазақ әйелі өз ұлы Ахметтей көріп асырап алады. Одан өзге қазақ әйелінің қолында неміс қызы да бар. Сахнада Еділ бойынан ауып келгенін айтқан неміс қызы советтік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған халық өкілі ретінде сипатталған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңда және соғыс кезінде Совет өкіметі Еділ бойын мекендеген этникалық немістерді де Орталық Азия мен Қазақстанға күштеп көшіргені мәлім.
Оқи отырыңыз: «Сенімсіз халықтар» паналаған мекен
Қуғын-сүргінге ұшыраған бейкүнә жастарды бауырына басқан қазақ әйелі арқылы көркем шығармада талай азаматтың, тұтас халықтардың тағдырын тәлкекке салған советтік зорлық-зомбылық пен қатыгездік бейнеленген. Спектакль кезінде сол бір қасырет пен азапқа толы кезең жайлы ауыр көріністерді көргенде көзіне жас алған көрермендер Ахиконың бақытты сәтіне де куә болды.
Арада ұзақ жылдар өткенде Жапониядан, әкесінен хат алғанда Ахико ерекше тебіренеді. Ахиконы жапон халқы ұлттық батыр деңгейінде қарсы алған сәті бейнеленген деректі видео спектакль кезінде үлкен сахна артындағы экраннан қосымша көрсетіледі. Жарты ғасырдан кейін туған жеріне қайтадан табаны тиіп, туған-туысқандарымен қауышқан Ахико әкесінен рұқсат сұрап, өмірінің көп бөлігі өткен Ақтасына қайта оралады.
«АХИОНЫҢ ТАҒДЫРЫ - ЖАПОН ЕЛІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫ»
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабатаның Азаттық тілшісіне айтуынша, ақтық демі Отанынан алыстағы қазақ жерінде таусылып, осында жерленген жапон тұтқындарының кейбірінің аты-жөні әлі күнге анықталмаған. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстанға тұтқын ретінде еркінен тыс әкелінгендерден көзі тірісі жалғыз Ахико Тецуро ғана.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы жапон әскери тұтқындары
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жапон тұтқындарының сүйегі мен күліне дейін туған еліне әкеткен Жапония тағдыр тәлкегіне ұшыраған жерлестерін жат жерде қалдырмауға тырысатынын байқатқан.
Азаттық тілшісімен спектакльден кейін сөйлескен Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Марико Цунокаке қойылымға ризашылық білдірді. «Спектакль дайындығына өзім де бірнеше ай қатысып, жапон мәдениетіне байланысты көріністердің сәтті шығуына қол ұшын бердім» дейді ол.
Жапон дипломаттарының айтуынша, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда премьерасы өткен «Ақтастағы Ахико» спектаклі қазақ-жапон мәдени қатынастары барысында Жапония театрларында қойылуы да мүмкін. Театр директоры Ерлан Біләл мұндай мүмкіндік советтік зұлмат кезеңін жаңа деңгейде көрсетуге ықпал етеді деп санайды.
Бір кездері Ахико Тецуроны ұлт қаһарманы ретінде қарсы алып, құрмет танытқан Жапония үшін Ахиконың туып-өскен жері мен тағдыры әлі күнге саяси және маңызды мәселелердің бірі.
1945 жылы мамыр айында Германия капитуляцияны мойындағаннан кейін тамыз айында Жапонияға соғыс жариялап, екі аптада жеңген Совет өкіметі Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарын өз аумағы деп жариялаған. Совет өкіметінің бұл шешімімен келіспеген Жапония әлі күнге екі аралды жапондардың байырғы атамекені деп санайды. Қазақстанда сахналанған Ахико Тецуроның тағдыры бұл тұрғыда Жапонияның аумақтық тұтастығымен үндесіп жатқандай болып көрінеді.