Астана мен Алматы күре жолы бойында, Балқаш қаласынан 50 километрдей жерде жатқан Гүлшат ауылында екі шолақ көше ғана бар. Бұрын төселген асфальттың тозығы жеткенімен, кей тұстары біршама тегіс - ауылдағы бірен-саран ескі көлікке әлі де бірас шыдас беретін сияқты.
«РЕСЕЙ ЖҰЛДЫЗЫ ТАТЬЯНА БУЛАНОВАНЫҢ АУЫЛЫ»
Маусымның 26-сында полицияның арнайы операциясы кезінде осы ауылдың 27 жастағы азаматы Жақсылық Махмұтов «өзін-өзі жарып жібергеннен» кейін тұрғындардың сырттан келіп жөн сұраушыларға күдікпен қарайтыны байқалады. Тұрғындар «ол күні Гүлшатта болмаған» не «ауылда болса да ештеңе байқамаған» боп шығады.
ВИДЕО: Азаттықтың Гүлшат ауылынан түсірген сюжеті
Your browser doesn’t support HTML5
Ер адамдар камера мен диктофонға сөйлеуден қашқақтаса, егде жастағы кей әйелдер «бізді де біреулер жарып кетуі мүмкін» деп қауіптенеді. Олардың айтуынша, «жарылыстан соң ауылды торуылдаушылар көбейген». Бірақ Азаттық тілшісі ауыл жанындағы күре жолдың бойында күн ұзаққа тұратын полиция көлігінен басқа «торуылдаушыларды» көре алмады. Ары-бері өткен көліктерді де тоқтатып, құжаттарын тексеріп тұрған жол полициясы қызметкерлері Азаттық тілшісіне «осы ауылдағы жағдайды бақылап жүргендерін» айтты.
Оқи отырыңыз: «Өзін-өзі жарған» жігіттің соңғы жылы қатты өзгергенін айтады
Азаттық тілшісімен сөйлескен ауыл тұрғындары ондағы халықтың санын көбейтіп айтқанды ұнатады. Кейбірі «500-ге жуық тұрғын бар» десе, кейбірі «30 шақты ғана үйелмен бар, қалғандары – Балқаш пен Астанаға жұмыс іздеп кеткен, бірақ әлі есептен шықпағандар» деп турасын айтады.
Ауыл шетіндегі ескі үйлердің бірінде тұратын зейнеткер Қанатбек Тезекбаев совет өкіметі кезіндегі Гүлшатты сағына еске алады.
- Кезінде бес фабрика болды, шахта болды. Мал шаруашылығымен айналысатын ірі совхоз еді, – дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, 1993 жылдары совхоздарды таратқанда ауылдағы балабақша мен ауыл совет үйін, қойманы, тағы да басқа іліп алар мүлкі бар ғимараттарды көпшілік бөліске салған. Бірі есік-терезесін алса, енді бірі еденін жекешелендірген. Қазір ауыл әкімдігінің жанында, ауылдың тура ортасында аңғал-саңғал болып тұрған үйді «баяғыда балабақша болған еді» дейді. Біз көргенде ішінде жылқы үйездеп тұрды. Ауыл-үй арасында тұрған ескі-құсқы техникалар да бір кездері жекешелендірудің белгісіндей көрінеді. Кей үйде тракторды, кей үй трактордың тіркемесін жекешелендіргенге ұқсайды.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: «Өзін-өзі жарған» жігіттің ауылы (суретті басыңыз)
Үйінде жалғыз тұратын зейнеткер Рымжан Рақымберлинова да Гүлшаттың байырғы тұрғындарының бірі. Ол кезінде совхоздың озат сауыншысы болып, сол үшін компартия қатарына қабылданғанын айтады.
- Бұл ауылда екі мектеп бар еді. Бала сыймайтын. Жанымыздағы әскери бөлімдерден орыс офицерлерінің әйелдері мұғалім боп келетін. Мектепте орыс кластары да ашылған. Мәдениет үйлері де бар еді. Кешкісін көшеде қыдыратын едік, – дейді ол.
Бұл сөзді ауыл мектебінің тәрбиешісі Роза Мұсабекова да растайды. Қатарлас салынған екі мектептің бірінің терезелері тақтаймен шегеленген, ал екіншісі аздап жөнделген. Тәрбиеші Роза Мұсабекованың айтуынша, он оқушысы бар шағын жинақты бастауыш мектептің ашылғаны былтыр ғана. Мектеп ішінде 1960-жылдары жаппай қолданыста болған оқушы парталары тұр. Тәрбиеші «осы мектепті бітірген, қазір республикаға танымал адамдар көп» деп мақтанышпен айтады.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Гүлшаттан шыққан танымал адамдардың бірі – Ресей эстрадасының 1990 жылдардың соңындағы жұлдызы Татьяна Буланова. Бірақ жұрт Буланова бұл ауылдан кеткелі қайта келді ме, жоқ па – оны естеріне түсіре алмады. Буланованың интернетте жарияланған өмірбаянында Гүлшат туралы айтылмаған, тіпті Қазақстан туралы да сөз жоқ. Алайда тұрғындар «осы ауылдың қазір шетелдерде тұратын басқа тумаларының кейбірі анда-санда Гүлшатқа келіп, туған жерлерін ұмытпай жүргенін» айтып, ризашылық білдірісті.
«СОВЕТТІК ҚАЛҒАН БАЙЛЫҚТЫ» ТЕРІП КҮН КӨРУ
Гүлшат ауылында Балқаш көлінен балық аулайтындар да бар. Бірақ оған да жыл бойы рұқсат етіле бермейді. Қанатбек Тезекбаевтың сөзінше, сондықтан жұмыссыздық кесірінен ауылда жастар тұрақтамайды. Ол кісінің Балқаш қаласына жұмыс іздеп кеткен қыздары пәтер жалдап тұрады екен. Әкелері зейнетақысынан оларға да жәрдем беруге мәжбүр. Қанатбек Тезекбаев 9 сиыры екі-үш жыл бұрын Гүлшат ауылының 49 сиырымен бірге қолды болғанын айтып мұңаяды.
Гүлшат ауылының Азаттық тілшісі сөйлескен енді бір тұрғыны Сұлтан «Қытайдан келген оралманмын» деп танысты.
- Әуелі Талдықорған жаққа келіп мал бақтым. Жердің бәрінің иесі бар екен. Осы ауылдың төңірегі кеңдеу болған соң көшіп келдім, – дейді Сұлтан.
Азын-аулақ мал ұстайтын Сұлтан да Гүлшаттың өзге тұрғындары секілді ескі көлігімен төңіректегі бұрынғы шахталар мен әскери қалашықтардың темір-терсектерін жинап, арзанға болса да амалсыз өткізеді екен.
Тұрғындар темір-терсек жинайтын жерді орысшалап «Девятка» деп атайды. Олардың айтуынша, маусымның 26-сында «өзін-өзі жарып жіберген» Жақсылық Махмұтов та осы ауылдың өзге балалары секілді жасынан қоқыс арасынан темір-терсек жинап өткізіп, шешесіне жәрдемдесіп өскен.
Азаттық тілшісінің «Ол қандай таусылмайтын темір-терсек?» деген сұрағына ауыл тұрғындары «советтен қалған байлық» деп жауап береді. Гүлшаттықтар Азаттық тілшісіне «Девятканы» көрсетуге ықыласты болмады. Өйткені «Ресейдің әскери нысаны» болып саналатын ол жерде Жақсылық Махмұтов өзін-өзі жарғаннан кейін күзет күшейтілген. Ал бұрын жергілікті тұрғындар еркін кіріп, жерді кейде трактормен, кейде қолмен қазып темір жинаған.
«Девятканы» көруге құмартқан Азаттық тілшісі Балқаштағы таксистердің бірінен сол жаққа апаруды сұрамақ болып жолға шықты. Арт жағымызда тұрғындары болашақ жоспарларынан гөрі өткен күндерін жиі айтатын Гүлшат ауылы қалып барады. Ауыл ортасындағы алаңқайда тұрған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадамын» насихаттайтын үлкен билборд та бірте-бірте көзден таса болды.