Жұмыссыз мүгедек еңбек жәрмеңкесінен құр қайтты

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбек жәрмеңкесі. Астана, 27 наурыз 2014 жыл.

Мүгедектерге арналған еңбек жәрмеңкесі екі сағатқа ғана созылды. Ұйымдастырушылар бос орын аз дейді. Мүгедектердің көбі бұл шара «жұртқа көз қылу үшін өтті» деседі.
Астана қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін наурыз айында өткен еңбек жәрмеңкесіне 800-ге жуық компания қатысып, 300-ден аса жұмыс орнын ұсынады деп хабарланған еді.

Бірақ іс жүзінде жәрмеңкеге қатысатын жұмыс берушілер де, олардың мүгедектерге арнайы ұсынатын бос жұмыс орындары да аз болып шықты. Жұмыс берушілердің көбі жәрмеңке аяқталмастан, екі сағат бұрын стендтерін жинап кете бастады.

Астана әкімдігінің өкілі Азаттық тілшісіне «бұл компанияларда бос жұмыс орны аз екен, олар қажет еткен адамын жинап алған соң ертерек кетті» деп түсіндірді. Бірақ жәрмеңкенің соңын күтпестен кетіп қалған мұндай компаниялар көп болды.

ЖҰМЫС ІЗДЕУ

Астана қаласының 50 жастағы тұрғыны Абдул Сүлеймен балдаққа сүйеніп жүреді. 10 жыл бұрын жол апатына түсіп, аяғын мертіктіріп алған соң екінші топтағы мүгедек қатарына қосылған. Бұрын көлік жүргізушісі болған Абдул «денсаулығым

Еңбек жәрмеңкесіне келген қала тұрғыны Абдул Сүлеймен. Астана, 27 наурыз 2014 жыл.

жараса, кез келген жұмысқа тұруға әзірмін, бірақ қолайлы жұмыс таппай жүргеніме талай жыл болды» дейді.

Абдул Сүлеймен еңбек жәрмеңкесін аралап, жұмыс берушілердің бәрімен сөйлескен, бірақ ыңғайлы жұмыс таппады.

Ол жәрмеңкеге қатысқан жеке меншік компаниялардың біріне қажет диспетчерлік қызмет ету қолынан келер еді деп ойлайды. Бірақ компьютерлік бағдарламаларды білмегендіктен ол жұмысқа сай болмай шықты. Жұмыс беруші үйретсе, бір ай стажировкадан тегін өтуге даяр.

"Қақпаны ашып-жауып немесе бақылау камерасын қарап отыратын вахтер немесе қарауыл болу қолымнан келер деп ойлап едім. Мұнда келген компанияларда ондай да жұмыстар бар екен. Бірақ «бізге бір орында отырмай, ары-бері жүгіріп тұратын күзетші керек» деп алмады. Ондай күйім болса, жұмыс іздеп мұнда келер ме едім?! Өзім де тауып алар едім ғой. Маған қолайлы жұмыс табылмайтынына көзім жетті. Жұртқа көз қылып өткізген жәрмеңке ғой бұл" дейді Абдул Сүлеймен.

«КӨБІН ЖҰМЫСҚА АЛҒАН СОҢ ШЫҒАРЫП ЖІБЕРЕДІ»

Мүгедектерді жұмыспен қамту қоғамдық бірлестігінің белсендісі Жаңбырбай Сәрсенбаевтың айтуынша, еңбек еткісі келіп, жұмыс іздеген адам ширақтық танытуы тиіс. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарға көбінесе жалақысы мардымсыз, ауыр жұмыстар тиеді де, бір жыл істегеннен кейін олардың 70 пайызын жұмыстан шығарып жібереді дейді ол.

Белсендінің есебінше, бұл – Астана қаласында өткізіліп отырған екінші жәрмеңке. Бірақ жәрмеңкелерден әзірше үлкен нәтиже шықпай тұр. Жаңбырбай Сәрсенбаев осындай жәрмеңке арқылы орналасқан жұмысында табысқа жеткен үш адамды ғана біледі. Бірлестік тізіміне жұмыс іздеген 300 мүгедек тіркелген.

"Бұрын жәрмеңкенің бәрін қағаз жүзінде ғана, жүрдім-бардым өткізе салатын. Әйтеуір компаниялардың өкілдері келіп, бір көрінетін де кетіп қалатын. Ал қазір мемлекет арнайы квота белгілеп, талап қойған соң кәсіпорындар да ыңғай таныта бастағаны байқалады. Мысалы, әр 33 жұмыс орнының біреуін, яғни үш пайызын

Астана қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап өткізілген еңбек жәрмеңкесі. 27 наурыз 2014 жыл.

кәсіпорын мүгедекке беруі тиіс. Енді заңды орындамаса айыппұл төлейтінін біліп, кәсіпорындар мүгедектерді жұмысқа алатын болды" дейді Жаңбырбай Сәрсенбаев.

Белсендінің айтуынша, кәсіпорындар жұмыс орнының жалпы санының 3 пайыз квота көлемінде мүгедек жандарға жұмыс ұсынуға міндетті деген заң ережелерін іске асырудың тиімді тетігі ойластырылмаған. Жұмыс берушілерге арналған бұл шарт Қазақстанда 2005 жылдан бері бар, бірақ мүгедектердің көбі заң толық орындалмайды деп шағымданады.

Астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, қаладағы мүмкіндігі шектеулі 18 мың тұрғынның 10 пайызы еңбек етуге қабілетті жаста. Бірақ оның үш жарым мыңға жуығы ғана жұмыс істейді.

Жәрмеңкеден кейін 70-80 мүгедек жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Ал кәсіпорындар нақты қанша адамды жұмысқа шақырғаны туралы хабарланбады. Бірақ өзіне жұмыс таппаған Абдул Сүлейменнің айтуынша, мұнда келгендердің көбі құр қол қайтқан.

Абдул Сүлеймен мүгедектігі үшін алатын 23 мың теңге (125 АҚШ доллары шамасында) зейнетақысы ештеңеге жетпейтінін айтады. Ол қосымша жұмыс істеп, ақша тауып, әрі үйде қамалмай жұртпен араласқысы келеді.