Жезқазған тұрғыны Толымбек Жарқынбековтің айтуынша (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді - ред.), соңғы үш-төрт ай ішінде осы қаланың тұрғыны Бағлан Салықов пен осы қалаға қарасты Кеңгір ауылының тұрғыны Ержан Дәніханов «Сирия мен Ирак аумақтарында қаза болған».
«ҚЫРҚЫН БЕРУ»
Өзін Бағлан Салықовтың әйелінің туысы ретінде таныстырған Толымбек Жарқынбековтің сөзінше, Бағланның асын беріп, қырқын өткізгелі бірер ай болған. Салықовтың Жезқазған қаласында тұратын анасы Құралай Нұрмағамбетова Азаттық тілшісімен қысқа сөйлесті, баласының өлімі туралы ақпаратты терістеген де, растаған да жоқ.
Азаттыққа бұған дейін «Сириядағы ұлымды қайтара алмай келдім» деп сұхбат берген ол 26 жастағы ұлын «екі баласы мен мүгедек бауырын есіне салса да, кері қайтпауға бекінгенін» айтқан еді. Бұрын Азаттық тілшісімен сөйлескен Бағлан Салықовтың зайыбы Жәзира Жұмабекова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) да сөйлесуге құлықсыз болды.
Биыл тамызда екінші баласын босанған ол ажырасуға бел буғанын, әкесі Бағлан Салықов екі баланы өзіне аманаттағанын айтқан. Жәзира Жұмабекованың туысы Толымбек Жарқынбековтің айтуынша, асыраушысынан айырылған жиендеріне мемлекет тарапынан жәрдемақы алу қиын шаруаға айналған.
- Әкесіз қалған сәбилерге мемлекет тарапынан жәрдемақы берілуі керек. Бірақ ол үшін әкесінің қайтыс болғанын растайтын құжат қажет. Ондай құжатты кім береді? Бұл тек Жәзира Жұмабекованың басындағы жағдай емес, өйткені күйеуі Сирияда қаза болып, балалары әкесіз қалған басқа да отбасылар бар, - дейді ол.
Толымбек Жарқынбеков «Сирияда қаза болғандар» қатарында атаған Кеңгір ауылының тұрғыны Ержан Дәніхановтың ата-анасымен сөйлесудің сәті түспеді. Былтыр Иракқа кеткен баламды көріп келдім деп Азаттыққа сұқбат берген әкесі Мұхамедқали Дәніханов оның Ирак аумағында жүргенін айтқан еді.
«ІЗДЕУ САЛСА, ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛАР ЕДІ»
Азаттық тілшісімен сөйлескен Кеңгір ауылының тұрғындары «Ержан Дәніханов биыл сәуірде қайтыс болды» деген хабарды оның туыстары хабарлағанын айтады. Өзінің де күйеу баласы – Кеңгір ауылының тұрғыны Жанат Сақтағановтың Сирияға кеткен бұрын Азатттыққа айтқан Игенбай Ермағанбетов те Дәніхановтың қазасы туралы бейресми мәлімет бар екенін растады.
Кеңгір ауылының бұрынғы имамы Медет Естауов «Ержан Дәніханов қайтыс болды» деген хабардан кейін Сирияға барған әкесі Мұхамедқали Дәніханов келіні мен үш немересін Қазақстанға әкете алмағанын естіген.
Алайда ауыл ішінде тараған мұндай ақпаратты Кеңгір ауылының әкімдігі ресми түрде растаудан бас тартады. Осы ауыл әкімдігінің бас маманы Дәмелі Дыбысова «Дәніханов қаза болды» деген хабарды естіген, бірақ оны «растайтын ресми құжат келмегенін, ондай құжатты кім беретінін білмейтінін» айтады.
Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекованың жауабы да осыған ұқсас шықты. «Бағлан Салықовтың қаза болғанын естімедім» деген ол «Ержан Дәніханов өлді деген ел аузында ақпарат барын растады».
Мереке Мырзабекованың айтуынша, әзірге «күйеуі Сирия мен Ирак аумағында қаза болып, асыраушысынан айырылғаны жөнінде көмек сұрағандар шықпаған.
- Бұл діни бағытта жүргендердің отбасылары да өз мәселелерін ашық айтқанды қаламайды. Мәселен, күйеуінің хабарсыз кеткені туралы ішкі істер бөліміне шағым түсіріп, іздеу салса, заңда көзделген уақыттан кейін ол отбасыға жәрдемақы тағайындалар еді, - дейді ол.
«ӨЗІН ӨЛДІ ДЕП ЖАРИЯЛАУ»
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті құпия ақпарат деп санайтын мәселеге ұқсас жайт жөнінде маусымның 29-ы күні Тәжікстан құқық қорғау органдары тосын ақпарат таратқан. Кейбір азаматтарының «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында жүргенін жиі мәлімдейтін Тәжікстан билігі«олардың кейбірі ұрыс кезінде өлгені туралы жалған ақпаратты әлеуметттік желілер арқылы әдейі тарататынын» хабарлады.
Тәжікстан бас прокуратурасының айтуынша, өзінің өлгені туралы жалған ақпарат тарату арқылы содырлар Тәжікстанда қалған туыстарының құқық қорғаушылар тарапынан сұралып, тергеуге алынуынан сақтап қалғысы келетіні байқалады. Мұндай болжамға қарағанда «жиһадшылар» қатарында жүрген тәжік азаматтарының үстінен қылмыстық іс қозғалғанда олардың туыстары да сұралып, тергеуге алынады. Ал «өлді» деген хабар тарап, туыстары ас берген соң құқық қорғау органдары олардың отбасына баруды доғарады.
Бірақ Тәжікстанның бас прокуратура қызметкерінің айтуынша қазірге дейін Сирия мен Ирак аумағыдағы ұрыс кезінде кем дегенде 150-ден астам тәжік азаматы өлген. Азаттық тілшісі «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында жүр делінетін қазақстандық азаматтардың қаншасы қаза болғаны жөнінде» нақты ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де сұраған. Бірақ ҰҚК «мұндай «жабық» мәселеге тек хат арқылы жауап беретінін» хабарлады.
Сирияда қаза тапқан Қазақстан азаматтары туралы хабар 2013 жылы қазан айында YouTube желісінде «Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар» видеосы жарияланғаннан кейін көп ұзамай-ақ шыға бастаған, Жезқазған қаласының кейбір тұрғындарының азалы ас бергені туралы сөз тараған.
Маусымның 29-ы күні ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев таратқан мәліметке қарағанда «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында 150-ден астам қазақстандық бар. Олармен бірге содырлардың әйелдері мен жесірлері, жалпы саны 200-ден астам әйел мен бала жүр.