Accessibility links

ИМ сапында қазақстандық 150 әйел бар


Болжам бойынша, ИМ содырлары қара туларын көтеріп тұр. Фото Twitter-ден алынды.
Болжам бойынша, ИМ содырлары қара туларын көтеріп тұр. Фото Twitter-ден алынды.

Қазақстан барлау қызметі дерегіне қарағанда, Ирак пен Сирияда соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының құрамында 300-ге тарта Қазақстан азаматы бар. Олардың жартысы – әйелдер.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаев Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының құрамында «300-ден астам» Қазақстан азаматы өз жасағын құрып (жамағаттарын) алған деп мәлімдеді.

Нұртай Әбіқаев бұл мәліметті Астанада өткен ТМД елдері қауіпсіздік органдары мен арнайы қызмет басшыларының кеңесінде айтты.

300 АДАМ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

YouТube-ке жарияланған "Сириядағы қазақ жиһадшылар" видеосынан алынған скриншот. Видеоның қашан, қайда түсірілгені белгісіз.
YouТube-ке жарияланған "Сириядағы қазақ жиһадшылар" видеосынан алынған скриншот. Видеоның қашан, қайда түсірілгені белгісіз.

ҰҚК «Ирак пен Сириядағы террористердің арасында 300 қазақстандық жүр, олардың 150-і – әйелдер» деген деректі 2013 жылы қарашада интернетте жарияланған Сирияда түсірілді деген 150-дей қазақ «жиһадшысы» видеосынан алуы әбден мүмкін.

Ол видеода өзін «Сайфаддин әл-Қазақи» деп таныстырған жігіт «жиһадқа қатысу – әр мұсылманның борышы» деген пікір айтады. Артынан сөз алған басқа содырлар Қазақстаннан Сирияға әйел, бала-шағасымен келгендерін айтқан.

"САҚАЛ МЕН ҚЫСҚА БАЛАҚ..."

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына Қазақстаннан барып қосылып жатқандардың елге төндірер қаупі төңірегіндегі үрейлі болжамдар ақпарат құралдарында жиі айтылады. Мұны айтқанда «ваххабист» мұсылмандардың қаупі алдымен сөз болады.

Сондай бір репортажда Сергей Стрельников есімді Алматы тұрғыны қаладан «ваххабистерге ұқсас бір топ адамды көргенін» айтады.

«[Көшеде] досымды күтіп тұрған едім, кенеттен ваххабистер жинала бастады. Сақалды, қысқа шалбар киген әр жастағы адамдар. Неге жиналып жатқандарын түсінбедім. Ұзын саны 40-тай мығым денелі жігіттер, біразы көлікпен жүр... тіксініп қалдым» дейді Сергей Стрельников «Таң» телеарнасына берген сұхбатында.

«Таң» тілшісі «ИМ экстремистері әдетте 29-ға толмаған жас жігіттер болатынын» айтып, «Ресми деректерге қарағанда, радикалдардың көбі – жасы 29-ға толмаған жас жігіттер. Бұл - соғысуға жарайтын, манипуляцияға оңай ұшырайтын топ» дейді.

«Таң» телеарнасы ИМ-нен үлкен қатер барын дәлелдеу үшін саяси сарапшы Досым Сәтбаевты сөзге тартқан. Сарапшы ИМ экстремистік тобының қатарына қоғамнан өз орнын таба алмағандар (маргиналдар – ред.) ғана емес, кез келген адам өтіп кетуі мүмкін» деген пікір айтады.

«Қазір үшінші толқын жүріп жатыр. «Ислам халифатын» құру жолында соғысқан содырлар елге қайтып оралып жатыр. Енді олар Қазақстанда диверсиялық әрекеттермен айналысуы мүмкін. Бұрын олардың қатарына шет аймақтардағы білімсіз, жұмыссыз, қылмыс жасаған адамдар ғана кірген болса, енді содырлар құрамы сапа жағынан да өзгеріп жатыр» дейді Сәтбаев.

ҮЛКЕН ҚАУІП ТУРАЛЫ

«Сақалды ваххабистер» туралы қорқынышты лақаптардан бөлек, Қазақстанда (Орталық Азияда аймағында) ИМ-нен қатты үрейленетіндер де баршылық. Бұл экстремистік ұйым елдегі мұсылмандарды радикалдандырып жібере ме деген қауіп күшейген.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев.

ҰҚК хабарламасында «ТМД елдері қауіпсіздік органдары мен арнайы қызмет басшыларының кеңесінде «Ислам мемлекетінің» басты қаупі – олар мұсылман сүнниттер арасынан қатарына көптеп адам тартуға қауқарлы» деген пікір айтылғаны» жазылған.

Нұртай Әбіқаевтың пікірінше, ИМ Қазақстан жастарының санасына радикалдық ой-пікірлерді сіңіріп, оларды Сирия мен Иракта соғысуға азғыруы мүмкін. Бұған қоса, олар интернетте жарияланған дүниелерді оқып, өз бетінше де радикалдануы ықтимал.

Ресей федералдық қауіпсіздік бюросының (ФСБ) директоры Александр Бортниковтың айтуынша, бұл елден «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының қатарына өткен адамдардың саны бірнеше айдың ішінде 1100-ден 1500-ге көбейген.

ТМД елдері қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшылары кеңесінде «мұсылмандардың радикалдану қаупі тек ТМД аймағымен шектеліп тұрмағанын, бұл процестің бүкіл әлемде жүріп жатқаны» туралы да айтылған.

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ

ҰҚК таратқан ақпаратқа қарағанда, ТМД елдері қауіпсіздік ұйымдарының басшылары ИМ ықпалымен болуы мүмкін ішкі терроризммен күрес шараларын қолға алу туралы уағдаласқан.

Ресей Сирияға соғысқа аттанып жатқан азаматтарының жолын кесу мақсатында өз заңдарына өзгерістер енгізіп үлгерді. Ресей парламенті 2013 жылғы қарашада Сириядағы ИМ сияқты түрлі террорлық ұйымдардың қатарында соғысып келгендерді қоғамнан оқшаулау үшін «Терроризммен күрес туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Соның негізінде «басқа бір мемлекеттің аумағында сол мемлекет заңды деп танымаған қарулы топтың құрамында Ресей мүдделеріне қайшы келетін мақсатпен соғысқа қатысу» қылмыс санатына жатқызылды. Мұндай қылмыс жасаған азаматтар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қазақстан және ТМД-ның басқа мемлекеттері заңдарына осындай өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатыр.

Бұған қоса, кеңес жиынында Сирия мен Иракта соғысып қайтқан азаматтарды анықтап, ұстау шараларын жүргізу туралы да айтылды. Ресей, Қазақстан және ТМД-ға мүше басқа мемлекеттер осы мақсатта барлау ақпараттарымен алмасып отырмақ.

Бортниковтың айтуынша, барлау қызметтері Сириядағы соғысқа қатысып, елдеріне қайтып оралған азаматтардың жүріс-тұрысын жіті бақылап, олардың ішкі қауіпсіздікке төндірер қатерін бағалап отыратын болады. Ресейдің қауіпсіздік қызметі қазірдің өзінде ИМ-нің құрамында болған бірқанша содыр мен қарулы топтардың мүшелерін қолға түсіріп үлгерген.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG