Accessibility links

Сириядағы «жиһадшы қазақтар» туралы тағы бір видео тарады


Шамда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Шамда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Интернетте өздерін «Сирияда соғысып жүрген жиһадшылармыз» деп таныстырған қазақтар туралы видео жарияланды. Видеода олардың кейбірі «шахид» болғаны жазылып, суреттері берілген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті 20 шілде күні Азаттыққа «Сирияда (Шамда) соғысып жүрген жиһадшы қазақтар» туралы интернетте тараған видеоға қатысты әзірше ешқандай түсініктеме бере алмайтындарын айтты.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде шілденің 16-сы күні жарияланған видеода қолдарына қару алып, үстіне зеңбірек орнатылған автокөліктің жанында тұрған 16 адам бейнеленген. Олардың кейбіреуі бет-жүзін тұмшалап алған, ал жүздерін жасырмағандардың бет-әлпеті олардың азиаттықтар екені білдіреді.

Қарулы топтың ортасынан Әбу Әниса деп аталатын біреуі Қазақстандағы жұртқа арнап, орысша сөздерді араластырып қазақ тілінде сөйлеген сөзінде Сирия жерінде «Башарға, шииттерге, кәпірлер мен демократтарға қарсы» соғысып жатқандарын айтып, қарулы «жиһадқа» қосылуға шақырған. Видеода оның сөздері ағылшын және орыс тілдерінде титрмен берілген.

Сириядағы соғысқа Қазақстаннан барып қаза тапқан «жихадшы» Әбу Әниса. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Сириядағы соғысқа Қазақстаннан барып қаза тапқан «жихадшы» Әбу Әниса. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Видеоның соңына қарай онда көрсетілген адамдардың Ахмад, Әбу Айша, Әбу Ахмад сияқты кейбіреулерінің соғыста «шахид» болғаны, яғни қаза тапқаны туралы жазылып, денелерінде жарақат белгісі бар суреттері берілген. Қаза болғандардың арасында видеода үндеу жасаған Әбу Әниса да бар екені айтылады.

Бас-аяғы 8 минуттан асатын бұл видео мен ондағы суреттердің нақты қашан және қай жерде түсірілгені белгісіз. Видеодағы адамдардың кім екендігін анықтау да әзірше мүмкін болмай отыр.

Сирия мен Ирактағы соғысқа исламшыл күштер қатарында Орталық Азия елдерінен, оның ішінде Қазақстан азаматтары да қатысып жатқаны туралы бұған дейін хабарланған еді.

Биыл мамыр айында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Сириядағы «террористік топтың қызметіне араласып, қарулы жиһадқа қатысқаны» үшін айыпты деп тапқан жергілікті тұрғын 29 жастағы Камил Абдулин жеті жарым жылға сотталды. Сот материалдарында оның Сирияда көп ұлттан құралған «Көне Түркістан» тобының құрамына кіріп, соның базасында әскери дайындықтан өткені айтылады.

Шамда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Шамда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Наурыз айында Екібастұз қаласының екі тұрғыны Азамат Қазыбаев пен Абдусалам Мурзубаев (екеуі де 23 жаста) «Сириядағы соғыста лаңкестік топ ісіне қатысқан» және «лаңкестікті насихаттаған» деген айыптармен сот үкімі бойынша жеті жылға бас еріктерінен айырылып, мүліктері тәркіленген еді.

Былтыр қарашада Лондонға барған сапарында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «қазақстандық жиһадшыларды» елге қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеген. Министр «елде исламдық радикалдық жағдайдың бой көрсетуін» «ешкім күтпеген таңғаларлық жағдай» болғанын айтқан.

Былтыр күзде интернетте «Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топ» туралы видео тараған болатын. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтаған еді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG