«Қазақмыстың» жұмысшылары ереуілге шықты

Your browser doesn’t support HTML5

«Қазақмыс» жұмысшылары басшыларынан айлықты көбейтуді талап етіп отыр. (YouTube-тегі anirey1985 есімді қолданушының видеосы).

Сенбі күні Сәтбаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Анненский кеніші жұмысшылары ереуіл бастады. Шахтадағы кеншілер жалақыны өсіруді талап етіп, жер бетіне шықпай отыр.

Анненский кенішіне барып қайтқан Жезқазғандағы аймақтық басылымның тілшісі Берік Жағыпаровтың айтуынша, қазіргі кезде кенішке ешкімді кіргізбейді. Алдында корпорацияның арнайы күзет қызметі – ОМОН жасағы тұр.

- Әдетте кеніш алдында бірді-екілі ОМОН жүретін. Ал бүгін он шақты ОМОН жүр. Бұған дейін олар автомат ұстап тұр дегенді естіген едік. Бірақ біз барған кезде олардың қолдарында автомат болған жоқ, - дейді Берік Жағыпаров.

«ШАХТАДАН ШЫҚПАЙ ОТЫР»

Журналист Берік Жағыпаров Анненский кенішінде қазір жұмыс тоқтап тұрғанын, түнгі кезекте істеген жұмысшылардың жалақыларын өсіруді талап етіп, шахтаның ішінен шықпай отырғанын айтты.

- Түнгі кезек таңертең шығуы тиіс екен. Бірақ олар шықпай, қазір сонда отыр. Ал оларды ауыстыруы тиіс жұмысшыларды бүгін оларды шахтаға таситын автобус жұмысқа алмапты. Өз көліктерімен, таксимен келген адамдарды қайтарып жіберіпті. Қазір жұмыс тоқтап тұр кеніште, - деді Берік Жағыпаров сенбі күні Азаттық тілшісіне.

Осы шахтаның жұмысшысы Андрей Воробьев та таңертең жұмысқа бара алмай қалғанын айтады.

- Бүгін таңертең жұмысқа шығуым керек болатын. Таңертеңнен бері шахтаға апаратын автобус болмады. Қазір сағат 12-де барып көрмекпін. Ол жақта кенішті жауып тастап, ешкімді кіргізбей жатыр деп естігенмін. Қақпада ОМОН тұр дейді. Ал қазір ол жаққа кіргізе, кіргізбей ме - білмеймін, - дейді Андрей Воробьев.

Бүгін демалып жатқан жұмысшылардың айтуынша, қазір жер астында отырған жұмысшыларға хабарласу мүмкін емес.

«ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРЕМІЗ» ДЕГЕН УӘДЕЛЕРІН ӘЛІ ОРЫНДАҒАН ЖОҚ»

Анненский кенішінде машинист болып істейтін Бақытжан есімді жұмысшының айтуынша, шахтаның астында отырған жұмысшылар жалақыларының өскенін талап етеді. Оның айтуынша, наурыз айынан бастап жұмысшылар аттестациядан өткен.

Алайда «жалақыны өсіреміз» деген уәделері әлі күнге дейін орындалған жоқ» дейді машинист.

- Егер маған жоспар берсе, қолыма 150 мың теңге аламын. Және бұл тұрақты жалақы емес. Кейде 130 мың аламын. Бұл - аз. Қазір жарық, азық-түліктің бағасы -

"Қазақмыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

бәрі қымбаттап жатыр. Біздің жұмысымыз өте ауыр. Шахтаның астында ауа жоқ. Зиянды газдар бар. Басқа жерлерде бізден де көп алады, - дейді Бақытжан.

Оның айтуынша, ереуілге шыққан жұмысшылардың талабын басшылық негізсіз деп санап отыр.

- Қазір Анненский кенішіне № 65 шахтаның адамдары келеді деп жатыр. Келген де шығар. Сол сияқты басқа шахталардан да келеді деген. Шахтаның астында қаншама адам отыр. Үстінде қаншама адам күтіп тұр. Ал басшылық болса «біз шахтаны жабамыз» дейді. «Егер жұмысты тоқтатсаңдар, онда шахтаны жабамыз. Жұмыс істемегендерін шығарамыз. Сендер заңға қайшы әрекет етіп отырсыңдар. Сендердің талаптарыңның құжаттай негізі жоқ. Аяқ астынан ереуілге шықпастан бұрын бізге жазуларың керек еді. Алдын-ала ондай қағаз жіберген жоқсыңдар» деп отыр, - дейді Бақытжан.

Жұмысшы Андрей Воробьевтің айтуынша, аттестациядан кейін кейбір жұмысшылардың жалақысы тіпті азайып кеткен.

- Аттестациямен адамдарды қинап жіберді. Кейбір бөлімдер үш реттен тапсырды. Тасымалдаушы болып істейтін біздегі біраз жігіттер бұрындары 80 мың теңге алатын. Аттестациядан кейін 60 мың алатын болып қалды. Демек жалақыны арттырмақ түгілі керісінше қысқартып тастады, - дейді Андрей Воробьев.

Ереуілге шыққан жұмысшылардың саны әлі анық емес. Кейбір дерек олардың 150 мен 700 шамасында екенін айтады.

«ҚАЗАҚМЫС» «ЕРЕУІЛДІ СПЕКУЛЯЦИЯҒА АЙНАЛДЫРМАУҒА» ШАҚЫРДЫ

Ереуілге шыққан кеншілердің жүз қаралы адам екенін «Қазақмыс» корпорациясының баспасөз хатшысы Сандуғаш Сәрсембаева да растады.

- Түнгі кезекте жұмыс істеген 98 адам айлықты көбейтуді талап етіп, жер бетіне шықпай отыр. Ал таңертең күндізгі кезекке келгендер шахтаға түсуден бас тартты. Жұмысшылардың қандай талабы бар екенін анықтайтын комиссия құрылды.

"Қазақмыс" корпорациясы өндірісі. (Global Witness ұйымы ұсынған сурет).

Корпорация басшылығының ресми пікірі бүгін кешірек журналистерге жарияланады, - дейді Сандуғаш Сәрсембаева, Kazakhstan Today агенттігінің айтуынша.

«Қазақмыс» корпорациясының Анненский кенішіндегі оқиғаға байланысты таратқан мәлімдемесі ақпарат агенттіктерінде сенбі күні кешке таман жарияланды.

- Анненский кенішіндегі бір ауысымда өндірістік операция ұжыммен арадағы еңбек дауы шешілгенше тоқтатылды. Кеніштің жұмысын арнайы қызметтер атқарып жатыр. Кейбір ауысымның өндірістік процесте саботаж жасауына байланысты Сәтбаев қаласы прокуратурасының өкілдері жұмысшыларға заңның еңбек дауын шешу туралы бөлімін бұзғандарын түсіндіріп, бастамашы топты заңға сай әрекет етуге шақырды, - деп мәлімдейді «Қазақмыс».

Бұл талқылауға кеншілердің бастамашы тобы, Сәтбаев қаласының әкімшілігі мен прокуратурасының өкілдері, «Қазақмыс» тобының бас операция директоры Сергей Дяченко қатысып отырғанын айтқан корпорация:
«Қазақмыс» тобы бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықты келіссөз жасасушы барлық тараптарды сыйлауға, бұл мәселені спекуляцияға айналдырмауға шақырады.
Корпорацияның мәлімдемесінен.

- «Қазақмыс» тобы бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықты келіссөз жасасушы барлық тараптарды сыйлауға, бұл мәселені спекуляцияға айналдырмауға шақырады, - дейді.

Корпорацияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге қарағанда: «Кеніш жұмысшылары ресми талап қойған жоқ. Бірақ жұмысшылармен сөйлескен кезде басты талаптардың бірі - негізгі мамандардың (үңгуші, бұрғышы) айлығын көбейту екені мәлім болды».

«Қазақмыстың» бүгінгі мәлімдесінде «жұмысшылар жалақысы 2010 жылы 20 пайызға артқаны, 2011 жылдың ақпанынан бері 15 пайыздық қосымша қосылғаны, наурыздан бастап жаңаша есептеу жүйесі енгізілгені» жазылған.

Кеше Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай да «наурыз айынан бері 32 мыңнан астам жұмысшы аттестациядан өткенін, жұмысшылардың жалақыларын кемінде 20-30 пайызға өсіретінін» айтқан еді.

Әлемдегі табиғи ресурстарды қазу мен өңдеу саласындағы ірі компаниялардың бірі «Қазақмыс» мыс, алтын, мырыш, күміс және электр энергиясы өндірісі активтеріне иелік етеді.
Компания 2011 жылы 299 мың тонна катод мысын өндірген. Бұл - Қазақстанда өндірілетін барлық мыстың 90 пайызы.

Қазақстанда «Қазақмыстың» 18 кеніші, 10 кен байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту өндірістік кешені және 60 мыңдай жұмысшысы бар. Компания 2011 жылы қазған кенінен 299 мың тонна катод мысын өндірген. Бұл - Қазақстанда өндірілетін барлық мыстың 90 пайызы.

Компанияның Kazakhmys Mining бөлімі мырыш, күміс пен алтын өндіреді. 2011 жылы 140 мың тонна концентратты мырыш, 13 миллион унций күміс қорытқан бұл топ - әлемдегі ең ірі 10 мыс өндірушінің бірі.

«Қазақмыстың» Kazakhmys Power тобы - көмір жағу арқылы 2 мың 500 МВт (12 мың 697 ГВт/сағат) энергия өндіретін Екібастұз ГРЭС-1 электр станциясының 50 пайыз үлесінің иесі. Бұл компанияның қарамағында қосалқы көмір кеніштері мен электр станциялары да бар.