Совет ақыны Маршактың өлеңіндегі зауыт, газеттері мен кемелері бар алпауыт миллионер, банкир мистер Твистер мен Кеңес Рақышевтің сипаттамасында ұқсастық көп сияқты. Рас, 36 жастағы бизнесменнің жеке меншік газеті жоқ. Бірақ қазір Рақышев медиа-активтерге ден қоя бастаған тәрізді. Былтыр жыл аяғында қазақстандық БАҚ Рақышев «Жетінші арнаның» 100 пайыз акциясын сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны жайлы хабарлаған.
Кеңес Рақышев – Қазақстанның сауда-өнеркәсіп палатасын 14 жылдан аса басқарған Хамит Рақышевтің ұлы. Хамит Рақышев қайтыс болған кезде қазақстандық сайттар марқұм «көп жылдар тұтынушылар одағы жүйесінде, президент аппаратында және үкімет құрамында жауапты қызметтер атқарған» деп жазған.
Кеңес Рақышев қазіргі қорғаныс министрі әрі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың байырғы серігі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы екені мәлім. Кеңес Рақышев оның үлкен қызы Әсел Тасмағамбетоваға үйленген.
Қазкоммерцбанктің дерегінше, Кеңес Рақышев атқаратын қызметтер тізімі қомақты: ол – SAT & Compan өнеркәсіп холдингі директорлар кеңесінің басшысы, акциялары Nasdaq биржасында сатылатын Net Element International технологиялық компаниясының тең қожайыны, Ресейдің «Выборг кеме жасау зауыты» мен «Астрахань кеме зауыты» кәсіпорындарының директорлар кеңесінің мүшесі, Central Asia Metals plc компаниясының атқарушы емес директоры.
Қазақстандық Forbes журналының жазуынша, Кеңес Рақышев – отандық Magnum Cash & Carry сауда желісінің инвесторы әрі Standard сақтандыру компаниясының тең қожайыны. Былтыр Forbes оның капиталын 684 миллион доллар деп бағалаған.
БТА АРҚЫЛЫ ҚАЗКОММЕРЦБАНККЕ КЕЛУ
Қазақстанның ең ірі банктерінің бірі Қазкоммерцбанктің бақылау пакетіне Кеңес Рақышев былтырғы жылдың аяғында ие болған. Желтоқсанда ол Қазкоммерцбанктің 28 пайыз акциясына иелік еткен «Альнаир» инвестициялық тобының бас компаниясын меншігіне сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтаған. Ал бұдан ертеректе Қазкоммерцбанкті құрылған сәттен басқарып келген бизнесмен Нұржан Субханбердин банктің 2,82 пайыз қарапайым акциясын Кеңес Рақышевқа сатқан болатын.
Ал өткен аптада Қазкоммерцбанк «Нұржан Субханбердин мен «Орталық Азия инвестициялық компаниясы» (ОАИК) акционерлік қоғамынан банктің қарапайым акцияларын банктің ірі акционері Кеңес Рақышев сатып алатын болды» деп хабарлады. Сөйтіп Рақышевтің бақылауына өткен акциялардың жалпы үлесі 71,23 пайыз болды. Ал оппозициялық басылымдар «Қазкоммерцбанктен Нұржан Субханбердинді күшпен ығыстырды, ал Кеңес Рақышев – біреулердің акциялары атына жазылған жай атаулы тұлға» деп мәлімдейді.
Кеңес Рақышев Қазкоммерцбанке өзге банк – 2009 жылдың ақпанына дейін Мұхтар Әблязовтің иелігінде болып, кейін мемлекет меншігіне өткен БТА банк арқылы келді. Әблязов қазір өзі «Қазақстандағы оппозициялық қызметім үшін кек алу» деп санайтын айыптаулар бойынша Ресейге экстрадициялауды күтіп Франция түрмесінде отыр. Бірнеше қайта құрылымдаудан өткен БТА банкін бизнесмен Рақышев пен Қазкоммерцбанк менеджменті бірнеше жыл бойы проблемалық банкті сатып алушыны таба алмаған «Самрұқ-Қазына» қорынан 2014 жылы сатып алды. БТА-ны сатып алғаннан кейін Рақышев директорлар кеңесінің төрағасы болды, кезінде бұл орында Әблязов отырған.
Интергациялық процесті 2015 жылдың жазында аяқтаған Қазкоммерцбанк пен БТА әлгі мәміледен кейін көп ұзамай екі банктің біріккенін хабарлады. Біріккен банк актив көлемі жағынан Қазақстандағы ең ірі банкке айналды. Кеңес Рақышев Қазкоммерцбанк басқармасы, кейін директорлар кеңесі құрамына енді.
Былтыр жыл аяғында Кеңес Рақышев кезінде Мұхтар Әблязовтің активтерінің бірі болған Украина-БТА банкінің 50 пайыздан көп акциясын сатып алу үшін Украинаның монополияға қарсы ведомствосының рұқсатын алған.
КЕҢЕС РАҚЫШЕВТІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Кеңес Рақышевтің ресми өмірбаянындағы деректерге сенсек, оның 1990 жылдары университет бітірген түлектер арасында сәнге айналған заңгер әрі экономист деген дипломы бар. Қазкоммерцбанк сайтындағы ақпаратта ол Oxford Saïd Business School мен London Business School бизнес мектептерін бітірген деп айтылған. Еңбек жолын 1998 жылы «қарапайым маман» ретінде бастаған.
Ашық ақпарат көздерінде ірі компаниялардың басшысы мен акционеріне айналғанға дейін Кеңес Рақышевтің қандай қызмет сатыларынан өткені туралы деректер мүлде жоқ деуге болады. Рақышев алғашқы миллионын нақты қай салада еңбек етіп тапқаны да белгісіз.
2012 жылы TechCrunch Moscow форумындағы үзіліс кезінде берген, YouTube сайтында жарияланған сұхбатында Рақышев өз активтерін диверсификациялау жайлы ойланып жүргенін айтқан. Бизнесменнен өндіруші өнеркәсіптен бастап хайтекке дейінгі қилы салаларға инвестиция салу себебі жайлы сұраған журналистке Рақышев «Инвестор ретінде мен үшін диверсификация өте маңызды нәрсе. Мен мұны Lehman Brothers күйрегеннен кейін металлургия саласы ауыр зардаптарға ұрынып, ал ретейл мен интернет шапшаң өсе бастаған кезде жете түсіндім. Сондықтан мен үшін активтерімді диверсификациялау маңызды болды» деп жауап берген. Әлгі мәлімдемесіне қарағанда, Рақышев ірі инвестициялармен кемі 2008 жылдан бері, яғни 29 жасынан айналысады.
Digital October орталығы сайтында жарияланған материалда Кеңес Рақышевтің TechCrunch Moscow форумында сөйлеген сөзі келтірілген. Оның айтуынша, кедендік одақ (Еуразия экономикалық одағы құрылғанға дейін жұмыс істеген) «бір нарық болғандықтан, Ресей, Қазақстан, Украина және Беларусті бөліп-жаруға болмайтынын» көрсетті. Бұл мәлімдемесін ол 2012 жылы Украина, Батыс елдері мен Ресейдің арасы суымай тұрған кезде айтқан.
МЕЦЕНАТ, «БАУЫР» ЖӘНЕ «КНЯЗЬ»
Кейінгі жылдары қазақстандық БАҚ-та Кеңес Рақышевтің есімі оның жұбайы басқаратын «Сәби» қорының қайырымдылық істеріне байланысты жиі аталады. Былтыр қыркүйекте ақпарат агенттіктері «Қазкоммерцбанк пен Алматы әкімдігі арасындағы меморандумға қол қою кезінде Рақышев «Сәби» қайырымдылық қоры Наурызбай ауданында 1200 бала оқитын мектеп құрылысын қаржыландырады деп айтты» деп хабарлаған. Биыл наурызда Рақышев пен «Сәби» қоры сомасы 20-25 мың доллар болатын сегіз грант бөліп, «Өз кәсібіңді баста» деген кәсіпкерлік жобалар конкурсына демеуші болған.
Өктем тәсілмен басқару стилімен танылып, құқық қорғаушылар жиі сынайтын Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров былтыр Instagram желісіндегі аккаунтында Кеңес Рақышевті туған күнімен құттықтап, оны «өте діндар адам» ретінде сипаттап әрі «бауырым» деп атаған. Шешенстан басшысы құттықтауында Рақышевті «халық князь деп атайды» деп мәлімдейді, бірақ қандай халық екенін нақтыламаған. Қадыров бұған қоса Рақышев «Қазақстан президенті, шешен халқының досы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл бастамаларын қолдайды» және «Кеңес Хамитұлы әлемнің көрнекті саясаткерлерімен достық байланыста» деп жазған.
Кеңес Рақышевтің карьерасында туыстық байланыстар мен саясаткерлермен таныстығы қандай рөл атқарды? Рақышев өзін табысты адамдар санатына жатқыза ма, жалпы «табысты адам» деген сөз тіркесін қалай түсінеді? Азаттық осы және тағы бірнеше сұрақты Қазкоммерцбанктің баспасөз қызметі арқылы бизнесменнің өзіне жолдаған еді. Банк өкілдері комментарий болмайтынын хабарлады.