Араб тілінде діни әндер «жариялаған» Кибировтің соты басталды

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Кибировтің соты басталды

Алматыда араб тіліндегі діни әндер тыңдап, оларды әлеуметтік желіде «қайта жариялаған», «діни араздық қоздырды», «терроризмді насихаттады» деп айыпталған Шухрат Кибировке қатысты сот процесі басталды. Адвокат оның сотқа дейінгі тергеуінен соң 20 күн бойы санкциясыз абақтыда отырғанын айтады.

Сот қыркүйектің 26-сы күні кешкі 17:00-ге тағайындалғанымен, сағат 19:00-ге ауа зорға басталды.

АДВОКАТТЫҢ ҚАБЫЛДАНБАҒАН ӨТІНІШТЕРІ

Шухрат Кибировке тағылған айыптарға себеп ретінде тергеушілер 2014 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт жариялаған араб және шешен тіліндегі діни әндерді алған. Мемлекеттік айыптаушы Арман Оразбақов «Вконтакте» желісіне «Алим Ахметов» деген логинмен Кибировтің тіркелгенін», логинді тіркеу үшін ол өзінің «мобильдік телефонын пайдаланғанын» айтты. «Вконтактедегі» «Алим Ахметовтің» парақшасында төрт араб және бір шешен тіліндегі нашидтердің (діни әндердің) аудиожазбасы жарияланған болатын.

Мемлекеттік айыптаушы Арман Оразбақовтың сөзінше, «Шухрат Кибиров 2014 жылдың қазанынан бері радикалдық теріс діни ағым ықпалында жүріп, араб тілін терең меңгерген». Прокурор сөзіне дәлел ретінде «Алим Ахметовтің» (тергеушілер оны Кибировтің аккаунты деп біледі – ред.) «Вконтакте» парақшасында жарияланған араб тіліндегі әлгі діни әндерді атады.

Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов Кибировке тағылған айыптармен келіспейді. Ол мемлекеттік айыптаушыдан аудиожазбалардағы қандай сөз діни араздық қоздырып, терроризмді насихаттап тұрғанын нақты көрсетуді сұрады.

- Мен айыптауға негіз болған фразаларды атауды сұраймын. Себебі сот соны негізге алып не ақтау, не айыптау үкімін шығарады,- деп өтініш білдірді ол.

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Шухрат Кибировтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 26 қыркүйек 2017 жыл.

Алайда прокурор бұл талапқа қарсылық білдірді. Арман Оразбақовтың сөзінше, айыптау актісінде бұған қатысты сарапшы маманның тұжырымдамасы көрсетілген. Істі жүргізіп отырған судья Бейнекүл Кайсина прокурор уәжін қолдады.

Азаттықтың Кибиров ісі туралы ертеректегі мақаласында адвокат Ғалым Нұрпейісов оның араб тілін білетінін теріске шығарып:

- Айыптауға еш негіз жоқ. Нашидтердің қай телефон не компьютерден қашан және қайдан жүктелгені тәрізді тікелей дәлелдердің бірде-бірі жоқ. Кибировті [терроризм мен экстремизмді] насихаттады деп айтуға болар еді, егер ол араб тіліндегі әуенді аударып, қазақ не орыс тілінде жарияласа. Ол араб тілін екі ай ғана оқыған, түсінбейді. Қазақстанда қоғамда қолданатын тіл емес, жұрт оны білмейді. Заңгер ретінде араб тіліндегі әуенді насихат деп санамаймын. Сонда бұлар оны арабша ән тыңдады деп айыптап отыр, - деген болатын.

Оқи отырыңыз: Интернетте діни әндер жариялау қалай сотқа ұласқан?

Сот отырысында адвокаттың Кибировтің араб тілін білмейтінін, тек орыс, ал шет тілдерінен ағылшын тілін оқығанын көрсететін аттестат, яки басқа құжаттарды іске қосуды сұраған өтініші де қабылданбады.

«САНКЦИЯСЫЗ ҚАМАУДА ОТЫРУДЫҢ ДАУЫ»

Адвокат Ғалым Нұрпейісов сотта қорғауындағы Шухрат Кибировтің сотқа дейінгі тергеуі аяқталған соң 20 күн бойы ешқандай санкциясыз қамауда отырғанын мәлімдеді. «Себебі тамыздың 18-і ұлттық қауіпсіздік департменті сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Одан кейін бес күн ішінде іс сотқа түсіп, оның қамау мерзімі ресми түрде ұзартылуы тиіс болатын. Бірақ белгісіз себептермен 20 күн бойы ешкім істің қайда екенін білмеді» деді ол.

- Бұл - оның конституциялық құқығы тапталып отырғанының дәлелі. Прокурор менің өтінішіме қарсы. Адамды сот санкциясынсыз қамауда ұстау прокурор позициясы тарапынан заңды болып саналып отыр, - деген адвокат қорғауындағы азаматқа туыстарымен кездесуге рұқсат ету жайлы өтініш те айтты.

Кибировтың санкциясыз қамауда отыру мәселесін қарау туралы адвокат өтінішіне қарсы шыққан прокурор Арман Оразбақов судьяға қарата «өтінішті қанағаттандырмауыңызды сұраймын» деп мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы Арман Оразбақов.

Ал судья Бейнекүл Кайсина «Санкциясыз қамау туралы өтінішті ашық қалдырамын əзірге. Ал туыстарымен тілдесуге рұқсат ету соттың міндетіне жатпайды» деді. Осылайша алғашқы сот отырысында адвокат жасаған бірнеше өтініштің ішінде 32 жастағы Кибировтің «үш бірдей жас баласы бар екенін ескеру» туралы өтініш қана қабылданды.

«КІНӘМ ЖОҚ»

Сот залынан конвоймен алып кетіп бара жатқанда Шухрат Кибиров Азаттық тілшісіне «өзінің кінәсі жоқ екенін», «бес ай бойы туысын да, прокурорды да көрмегенін» айтты.

- Мен прокурорға бірнеше мәрте өтініш түсірдім, - деп айқайлады ол кетіп бара жатып.

Оның соңынан жүгірген анасы прокурордан баласымен сәл тілдесуге мүмкіндік беруді сұрап жылағанымен, оған мән берген ешкім болмады. Ал әкесі Әділжан Кибиров баласымен бір рет қана көріскенін айтады.

- Ол қамаудағы уақыт ішінде бір рет қана кездесе алдық. Адвокат оның тергеу аяқталған соң заңсыз қамауда отырғанын айтты. Егер кез келген адамды қамай берсе елде не болады? - дейді ол.

Судья сот процесінде үзіліс жариялап, оның қазанның 16-сы күні жалғасатынын хабарлады.

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Шухрат Кибировтің сотын жүргізіп отырған судья Бейнекүл Кайсина. Алматы, 26 қыркүйек 2017 жыл.

Алматы тұрғыны Шухрат Кибировті 2017 жылы сәуірде қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) өкілдері қамауға алған. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) айып тағылып отыр.

Бұған дейін адвокат Кибировті айыптауға себеп болған діни әндерді тергеушілердің орыс тіліне аудартқанын айтқан болатын. Ал Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы уағыз-насихат бөлімі басшысы Ершат Оңғаров нашидтер туралы «Діни өлеңдер. Аллаға деген мінәжат, пайғамбарға мадақ ретінде айтылатын арабтардың діни өлеңдері. Оны экстермистік бағыттағы роликтерге де қолданады» деген.

Қазақстанда қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) сотталған ондаған, кей мәліметтерде жүздеген адам қамауда отыр. Кей заңгерлер олардың кейбірін жазықсыз санайды.