Тергеу болжамы бойынша, Алматы облысы Қапшағай қаласының 34 жастағы тұрғыны тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Жанна Өмірованың анасы қызының әлгі жазбаларды таратпағанын, тек әлеуметтік желідегі парақшасында құр сақтағанын айтудан танбайды. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты бейсенбі күні бұл істі қарай бастады.
Егер сот жазасын өтеуді кішкентай екі баласы өскенше кейінге қалдырмаса, әйелге түрме жазасын кесуі мүмкін. Бірақ балалар онсыз да әкесіз өсіп жатыр, терроршы деп танылған отағасы түрмеде жазасын өтеп жатқанына көп болды. Жанна Өмірова биыл қаңтарда тұтқындалып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы департаментінің тергеу абақтысына қамалған, үстіндегі мұсылман киімін мәжбүрлі түрде шешкізген. Анасының сөзінше, денсаулық жағдайына байланысты кейінірек оны Алматы қаласының №1 тергеу абақтысына ауыстырған.
Жас келіншекті қамауға "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған діни мазмұндағы аудиожазбалар түрткі болған. Ол парақшада аудиожазбалар тұрғанына Азаттық тілшісі де көз жеткізді. Жүргізілген сараптама ол жазбалар - "Солтүстік Кавказда әрекет ететін террорлық топтардың мүшесі болған Саид Бурятскийдің үндеуі" деп санайды.
Осы істегі тағы бір маңызды жайт – Жанна Өмірованың терроризм айыбымен 25 жылға сотталған күйеуі Жақшыбек Бимурзаев қазір жазасын түрмеде өтеп жатыр. Қазақстандық БАҚ-тар оны "Орталық Азиядағы моджахедтер жамағаты" ұйымының ("Ислам жихады" тобы) қазақстандық бөлімшесін басқарған деп сипаттаған. Күләш Өмірованың сөзінше, тұтқындалғанға дейін қызы Қарағанды облысында түрмеде отырған күйеуіне алты ай сайын барып жүрген.
ЖАПСАРЛАС БӨЛМЕДЕГІ ТЕЛЕФОН ШЕБЕРХАНАСЫ
Күләш Өмірованың сөзінше, қызы тағылған айыпты жоққа шығарған, ал "Мой мир" желісінде жариялаған аудиожазбаларды "өзімің жеке пікірім, оларды ешкіммен бөліскен де, насихаттаған да жоқпын" деп санайды. Күләш Өмірова "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі әлгі лекциялар қызының жеке пікірі екенін айтады, "ол ешкімді үгіттеген жоқ, оларды ешқайда жолдаған жоқ, тыңдап алғаннан кейін өшіруді ұмытып кеткен" дейді. Анасының сөзінше, қамалғанға дейін қызының жанында өзін "жетіммін" деп таныстырған жас қыз пайда болып, қызы оны ұялы телефон жөндейтін бизнесіне көмекші етіп алған.
- Студенттер арасында жарнамалау үшін қызым әлгі қызға ұялы телефоны мен ноутбугін берген, бірақ бір жарым ай өтпей жатып оның кім екені білінді... Біз оны әдейі жіберген адам деп ойлаймыз. Жарнама жариялаған кезде ол "Мой мир" парақшасын ашып көрген секілді, әйтпесе ноутбукті ақтарып, 2013 жылдың жазбасын іздеу кімнің ойына келер еді, - дейді Күләш Өмірова.
Күләш Өмірованың айтуынша, қызы діндар болған, хиджаб киіп жүрген, кейінгі төрт жыл бойы бірінші қабаттағы пәтердің балконына жапсарлас бөлмеде ашқан шеберханасынан шықпай, томаға-тұйық өмір сүрген. Бұған қоса анасы "қызым ешкіммен араласпайтын, ешқандай діни топқа мүше емес, тек намазға жығылып, Құран оқитын" дейді.
Қапшағай қаласында тұратын Күләш Өмірова қызының жоғары білімі барын, "бір жыл "госразведуправление" мекемесінде, облыстық ішкі істер департаментінде есеп-қисап бухгалтері болып жұмыс істегенін, ал кейін өз кәсібімен айналысуды ұйғарып, ұялы телефон жөндеу шеберлерін даярлайтын курс ашқанын және өзі де телефон жөндегенін" айтады.
Күләш Өмірова қызының "үнемі әкімдікке барып, оқығанын - "Бизнестің жол картасы - 2020" үкімет бағдарламасы аясында аймақтық даму министрлігі мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге арналған қысқа мерзімді курстан өткенін" айтады.
- Әр тоқсан сайын кірісінен салық төлеп жүрсе де, оны жұмыссыз деп жазып қойыпты, - дейді Күләш Өмірова.
34 жастағы келіншектің бес және 12 жастағы екі баласы қазір нағашы әжесі Күләш Өмірованың қолында. Зейнеткер анасының айтуынша, қызы қамалғаннан кейін отбасы оның 40 мың теңге зейнетқысына қарап қалған, бұрын бүкіл отбасын қызы шағын бизнесінің көмегімен асырап отырған. Күләш Өмірова қызы қамауда отырған төрт ай ішінде қарызға батқанын, "арзандау бірдеңе немесе саяжай сатып алу" үшін әрі қарыздарын қайтару үшін енді Қапшағайдағы бәрі бірге тұратын пәтерді сатып жатқанын айтады.
АУДИОЖАЗБАЛАР МЕН САРАПТАМА
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының тергеу судьясы Р.Құсайыновтың биылғы ақпанның 2-сінде шығарған қаулысында "күдікті Ж.Ж.Өмірова кінәсін мойындады, бірақ қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруге қарсылық білдірді" деп жазылған. Жанна Өмірова қамауда отырғаннан бері тергеушілер бірнеше сараптама өткізген.
"Зерттеуге ұсынылған нысандарды контент-талдау файлдардағы <...> шахид бейнесін дәріптеу, қарулы жихадты құдайдың өзі қолдайтыны туралы, терроршылардың әрекеттерін ақтау туралы мәлімдемелер оларда діни экстремизм мен оның құрамдас бөлігі терроризмді насихаттау белгілері барын көрсетеді" делінген сараптамада. Ол дәрістердің авторы - бір кездері Кавказ бен Қазақстанның батыс аймақтарын емін-еркін аралап, салафизм идеологиясын уағыздаған, 2010 жылы Кавказда қаза тапқанға дейін сол жақтағы қарулы экстремистер қатарында болған атышулы Саид Бурятский. Ресей билігі оны "қарулы қарақшылардың астыртын тобының жетекшісі" деп атайды.
"Жалған аналогияны пайдаланып, тарихи контекстен жырып алған хадистерге сүйенген С.Бурятский мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар мен оның серіктерінің заманындағыдай "кәпірлерге қарсы жихадқа" қатысуы қажет деп уағыздаған. Қарастырылып отырған жағдайда жихад деп Кавказ территориясындағы радикал топтардың Ресей федерациясының үкімет әскеріне қарсы террорлық іс-әрекеттері айтылған" делінген сараптамада.
Бұған қоса, зерттелген файлдардан сарапшылар "діни өшпенділікті, алауыздықты қоздыру, байыпты мұсылмандардың діни сезімдерін қорлайтын, исламның радикалды діни ілімінің артықшылығы мен ұстамды исламды кем санауды насихаттау белгілерін" тапқан. Сарапшылар зерттеуге ұсынылған материалдар "ваххабиттік түсініктің салафиттік бағытына жататын идеологиялық жұмыстың үлгісі болып саналады және "Мұсылман бауырлар қауымдастығы" идеологиясын ұстанушыларға тән діни көзқарастарды радикалдандыру жағына қарай ойысқан" деген ұйғарым жасаған. Бұған қоса, жазбалардың бірінен сарапшылар қарулы "жихад" пен діни ұстанымы жолында өзін құрбан етуді уағыздайтын идеяларды анықтаған.
Азаттық тілшісі "Мой мир" әлеуметтік желісінде Жанна Өмірова жариялаған Саид Бурятский есімімен де белгілі Саид әбу Саадтың шахидтер туралы аудиожазбаларының бірінен орыс тілінде сөйлеген ер адамның дауысын естіді.
Биылғы сәуірдің 10-ы күні Азаттық тілшісі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне Жанна Өмірованың ісіне қатысты ресми сауал жолдаған еді, бірақ мақала жарияланар сәтке дейін жауап сол күйі келмеді. БАҚ туралы заңға сәйкес, журналистердің сауалына үш күн ішінде жауап берілуі тиіс.