Қостанайда «Полицей мен тұрғындар қақтығысы» соты басталды

Полицейлер ұлттық баспасөз клубы ғимаратының алдында тұр. Алматы, 30 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қостанай облысында бес азамат «полицейді ұрып-соқты» деген айыппен сотқа тартылды. Бірақ олар «жәбірленуші ретінде танылған полицей үшеуімізді атты» дейді.
Ақпанның 11-і күні Қостанай облысы Жетіқара аудандық сотында полицей мен бірнеше азамат арасында болған кикілжіңге қатысты сот басталды. Өткен жылдың мамыр айында болған ол оқиға кезінде полицей атқан оқтан үш азамат ауыр жарақат алған еді.

БІР ОҚИҒАНЫҢ ЕКІ ТҮРЛІ СИПАТТАМАСЫ

2012 жылы мамырдың 5-інен 6-сына қараған түні Жетіқара қаласында болған оқиғаның қалай туындағанын екі тарап екі түрлі айтады.

Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесінің дерегіне қарағанда, сотқа дейінгі құжаттарда айыпталушылар да, жәбірленушілер де өздерін кінәсіз етіп көрсеткен.

Айыпталушылар мен олардың туыстарының сөзінше, оқ атқан полицейдің өзі айыпталушылардың біріне тиісіп, төбелеске шақырған. Ол атқан оқтан үш азамат ауыр жарақат алып, реанимация бөліміне түскен.

Ал Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, «сол түні қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген екі полицей көшедегі төбелесті байқап, жанжалды тоқтатуға

Айыпталушы Стивен Блажко. 2012 жылдың мамыр. (Фотоны Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесі берді)

тырысқан. Алайда жанжал шығарушылар полицейдің бірін балағаттап, жабылып ұрып-соққан. Полицейдің курткасын басына кигізбек болып, қаруын тартып алмақ болған. Олардан бұрын қаруын алып үлгерген полицей өміріне қауіп төнгеннен кейін ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болған. Екінші полицей көмекке әріптестерін шақырып, қосымша күш келген соң бұзақы топты қамауға алған».

Полицейдің бірі басынан соққы алып, екіншісі жеңіл-желпі жарақаттанған.

ӘРКІМ ЖӘБІРЛЕНУШІ ӨЗІ ЕКЕНІН АЙТТЫ

Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 321-бап 2-бөлімі («билік өкіліне күш қолдану») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сегіз айдан кейін сот басталды.

Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесінің қызметкері Евгений Цепенниковтың айтуынша, 11 ақпан күні басталған алғашқы сот отырысына екі тарап толық келген.

Бұл істе полиция лейтенанты Руслан Көшербаев пен қатардағы

Айыпталушы Вадим Хабибулин. 2012 жылдың мамыры. (Фотоны Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесі берді)

қызметкер Нұржан Хәлелов (республикалық аттестациядан кейін жұмыстан шығарылған) жәбірленуші ретінде танылып отыр. Көшербаев жабық түрдегі ми-бас жарақатын алған. Хәлеловтің де денесіне зақым келген. Нұржан Хәлелов ол оқиғадан кейін, аттестациядан өте алмай жұмыстан шығарылған. Руслан Көшербаевқа аттестацияда қызметіне лайық деген баға берілген.

Ал айыпталушылар - Жетіқара тұрғындары Виталий Мельхер, Стивен Блажко, Вадим Хайбулин, Евгений Ройт, Иван Алехин. Олар сол кезде ауруханаға оқ тиіп, жарақатпен түскен. Виталий Мельхерді дәрігерлер жан сақтау бөлімінде өлім аузынан алып қалған. Қазір оларды бес адвокат қорғап жатыр.

- Бүгін түске дейін жәбірленушілер сұралды. Оқтың қалай атылғаны, жәбірленушілерге қалай шабуыл жасалғаны, полицейді қанша адам ұрып-соққаны сияқты мәселелер талқыланды, - деді Евгений Цепенников Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, жәбірленуші полицей «өзіне бұзақы топ жабылған соң қару қолдануға мәжбүр болғанын» айтқан.

Айыпталушы Виталий Мельхердің анасы Ирина Козыреваның айтуынша, «сот процесі жәбірленуші тараптың мүддесіне қарай ойысып кеткен». Бүгін

Айыпталушы Виталий Мельхер. 2012 жылдың мамыры. (Фотоны Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесі берді)

жәбірленушілермен қатар куәгерлер ретінде өзге полицейлер мен бір азамат сұралғанын айтқан Ирина Козырева қорғау тарабының куәгерлеріне сөз берілмегенін баяндады.

Бұл іс бойынша келесі сот процесі ақпанның 12-сінде өтуі тиіс.

«ПОЛИЦЕЙДІҢ ҚАРУ ҚОЛДАНУЫНА АЛАҢДАЙМЫЗ»

Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесінің жетекшісі Анастасия Миллердің айтуынша, «бұл іс қоғамда ірі толқу туғызып, қызу талқыланды».

- Әлеуметтік желіде қару қолдануға қарсы тұтастай қауымдастық құрылды. Газеттерде де көп ақпарат болды. Облыстық, аудандық газеттер де жазып жатты, - дейді ол.

Анастасия Миллердің айтуынша, әлеуметтік желідегі талқылауларда жұрттың көбі полицейлердің бейбіт уақытта қарусыз азаматтарға қарсы оқ атуын айыптаған.

- Полицейлердің азаматтарға қарсы қару қолдануы барлық адамды алаңдатады. Бүгін сонда полицейлер өздері қорғауға міндетті азаматтарды керісінше оқ атып, жаралап жатыр, - дейді Миллер.

Вконтакте желісінде құрылған «Атуды тоқтатыңдар!» қауымдастығына 99 адам мүше болған. Онда оқиғаға қатысты видеолар, суреттер, түрлі пікірлер бар.

«ПОЛИЦЕЙДІҢ ҚАРУ ҚОЛДАНУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР»

Бірақ полицейлердің қару қолдануына қатысты өзге де пікірлер бар. Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров "Полицейлердің өміріне қауіп төнген немесе біреу оның қаруын тартып алуға әрекеттенген жағдайда, қорғанудың басқа амалы қалмаған сәттерде олардың қару қолдануға құқығы бар" екенін айтты.

Жаңаөзен қаласының көшесінде тұрған полицей. Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


- Біріншіден, полицей өзін-өзі қорғай алуы керек. Полицейді кез-келген бұзақы ұрып кетпейтін болуы тиіс. Оның билігі бар ғой, заң соның жағында. Ол - билік өкілі, форма киіп жүр. Бұзақылықты тоқтатайын десе, оған шабуыл жасайды, - дейді Қайдаров.

Оның айтуынша, «Қазақстан тәуелсіздік алғалы 1 мың 200 полицей мен ішкі әскер сарбазы қаза тауып, 2 мың 400 тәртіп сақшысы жараланған. Көбі мүгедек болып қалған».

Генерал Қайдаров пікірінше, полицейлердің қару қолдану мәселесі бойынша АҚШ тәжірибесін зерттеу қажет.