Тұрғындар мешіт салуға сұраған бос жерге сауда кешені салынуда

Жаңа мешіт салуға сұраған жерге сауда кешені салынады. Қостанай, мамыр, 2009 жыл.

Қостанайлық бір топ тұрғын облыс орталығында жаңа мешіт салу туралы өтінішпен бұдан бір жыл бұрын Қазақстан президентіне хат жолдаған еді. Бірақ олар сұраған жерге енді сауда кешені салына бастады. Қазір Қостанайда үш шіркеу, бір синагогтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
МЕШІТКЕ ОРЫН СҰРАП ЖАЗЫЛҒАН ЕКІ ХАТ ТА АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Биылғы жылы ынталы топтың бастамасымен Қазақстан діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі мен Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына тағы да хат жолданып, онда мешіт салуға жер бөлінуге өтініш жасалған.

Хатта облыс орталығындағы ескі мешіттің жанында бұрынғы «Қостанай» кинотеатры ғимараты орналасқан жердің екі жылдан бері бос тұрғаны, осы орын Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Петр Нефедов мырзаға арзан бағаға сатылып кеткені айтылып, сол бағаға аталған жерді жаңа мешіт құрылысы үшін қайтарып алу туралы мәселе қойылып, өтініш хатқа қаланың құрметті азаматтары, зейнеткерлер, қажылар, мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, барлығы 150-ден астам адам қолдарын қойған. Хатта ескі мешіттің мұсылман қауымына тарлық етіп отырғаны, сондықтан да облыс орталығына үлкен еңселі мешіттің ауадай қажет екені айтылған.

Ынталы топтың жетекшілерінің бірі, Қазақстан Парламентіне екі мәрте депутат болған қоғам қайраткері Ысқақ Есіркепов:

«Облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов қол қойған жауап хатта барлық дәлелдер мен ұсыныстардың қаралғаны айтылып, хаттағы сұралған орын жеке меншік иесінен қайтып алынбайтыны, оның есесіне Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің атына бекітілген жер телімі жаңа мешітке лайықты екені, Білім және ғылым министрлігіне осы жер телімін бөлу жөнінде өтініш білдірілгенін жазыпты Бірақ, бұл ұсынысты оқу орнының басшылары да, мешіттің бас имамы Ертай Балахмет те қолдап отырған жоқ» – дейді.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ШАҒЫМ ДЕП ҚАБЫЛДАП, ЖҰРТТАН ТҮСІНІКТЕМЕ АЛҒАН

Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова Азаттық радиосы тілшісіне хатқа қол қойған кісілерді әкімдікке қарасты барлық басқармалар мен департаменттер басшылары жеке-жеке шақырып әңгімелескенін, «облыс әкімі үстінен жазылған шағымға неге қол қойдыңдар?» деп қысым жасалғанын айтты.

Халық ақынының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы «Сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес мешітке орын беру секілді көпшілікпен ақылдасып шешілетін мәселелер дөңгелек үстел басындағы бас қосуларда немесе алқалы жиындарда талқылануы керек. Әсияның айтуына қарағанда, оны да, хатқа қолдарын қойған, тура сөйлеп жүрген ондаған азаматты да әкімдікке арнайы әңгімеге шақырмаған. Шенеуніктер болса хатқа қолдарын қойған кейбір кісілерге түсініктеме жаздыртып алған.

КУЛАГИН КЕЛГЕЛІ БЕС ШІРКЕУ САЛЫНДЫ

Облыстық әкімшіліктің шенеунігі Анатолий Твердохлебов болса "облыста діни конфессияларға ешқандай шек қойылмаған, жеке кәсіпкерлер өз қаржысына діни ғибадатханалар салып жатыр" - дегенді алға тартады.

Облыс әкімі орынбасарының жауап хатындағы мәліметтерге жүгінсек, облыс әкімі Сергей Кулагин Қостанай облысына әкім болып келген бес жылдан бері Қостанай қаласындағы үлкен шіркеудің құрылысы аяқталып, жаңадан бір шіркеу салынған. Облыста қазіргі уақытта үш шіркеудің, синагоганың құрылыстары жүргізілуде.

"Қостанайдағы синагога құрылысы колледж жанындағы спорт алаңында салынып жатыр. Білім ордалары есебінен діни ғимараттар салу үйреншікті әдет болып кеткен сыңайлы", - дейді Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова.

Мақала дайындалып жатқанда, Қостанай қаласындағы екі жарым жыл бос тұрған, жоғарыда айтылған мешітке сұралған жерде құрылыс басталғаны белгілі болды. Бұл арада көп қабатты сауда кешені тұрғызылмақ. Ал жаңа мешіттің жобасына тапсырыс берілмеген. Өйткені, оны салатын орын әлі анықталмай тұр.

Биыл шілденің 1-2 күндері Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III сьезі өтпекші.