Accessibility links

Облыста мешіт пен әкімшілік арасындағы қарусыз күрес жалғасуда


Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы баспасөз хатшысы Оңғарбек қажы Өмірбекұлы журналистермен кездесуде. Атырау,11 сәуір, 2009 жыл.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы баспасөз хатшысы Оңғарбек қажы Өмірбекұлы журналистермен кездесуде. Атырау,11 сәуір, 2009 жыл.

Жергілікті «Атырау» газеті арқылы облыстың бас имамы Қазыбек қажының атына айтылған айыптауларға байланысты Атырауға арнайы келген Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы баспасөз хатшысы Оңғарбек қажы Өмірбекұлы мен кадр бөлімінің бастығы Байзақ қажы Бекмұратов журналистермен кездесіп осындай түйін айтып кетті.

Әңгімені басынан бастасақ, 5 наурызда «Атырау» газетінде «Имамнан өнеге кетсе, елден береке кетеді» деген 9 адам қол қойған хат жарияланған еді. Онда хат ауторлары облыстың бас имамы Қазыбек қажы Ахметовке жамағатпен бірге таң намазын оқымайды, намаз уақытын дұрыс белгілемейді, жаратқан иемізге қатысты күпір сөз айтады, Алланың харам еткен затын мойындамайтынын жазған «Таһарат» кітабын сатуын тоқтатпайды, мешітке түскен садақаны желге шашты, өзіне даңғарадай үй салды, жергілікті мамандарды қудалайды, басқа әйелдермен зинақорлық жасайды, бұрын да Қарағанды да жас қызды жүкті етіп, мерез ауыруын жұқтырған деген айыптар таққан.

«Біз бұл хатты зерттей келе қол қойған адамдардың үшеуінің шын мәнінде жоқ адамдар екенін анықтадық, - деп мәлімдеді Оңғарбек қажы Өмірбекұлы. - Ал барының бірі Ганюшкин ауылындағы құрт аурулары ауруханасында жатыр екен. Онымен телефон арқылы сөйлескенімізде ол аты-жөнінің хат тізіміне қалай түскенін білмейтін де болып шықты. Қалғандары өздерін алдап қол қойдырғанын айтып отыр. Тек Ғибарат Сұлтанғалитегі деген азамат қана хатты жазуға қатысы барлығын мойнына алды».
Хат ауторларының бірі Ғибарат Сұлтанғалитегі мешіттің жертөлесін көрсетіп тұр.


Баспасөз жиынына арнайы келген хат ауторы Ғибарат Сұлтанғалитегі болса өз айтқанынан қайтпайтынын жария етті. Бірақ хатты облыс әкім Бергей Рысқалиевтың атына жазған және одан хаттың Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусинге жолданғаны жайлы жауап та алған екен.

- Біз хаттың газет редакциясына қалай барып түскенін білмейміз, - дейді Ғибарат Сұлтанғалитегі. - Әрі хат мәтіні өзгертіліпті. Мәселен, Қазыбек қажының үйі, мешіттегі қаржы талан-таражысы, Қазыбектің Қарағандыдағы хикаялары жайлы білсек те жазбаған едік. Себебі, пенде ғой, қатесін түсініп тәуба еткен болар дескенбіз.Ал жауапты әкімшіліктен күтіп жүргенбіз.

Азаттық тілшісіне арнайы жолыққан Ғибарат Сұлтанғалитегі бұдан басқа Қазыбек қажының мешіт шаруашылығына дұрыс қарамай отырғандығы жайлы да ақпарат берді. Оның сөзін қоштаған хат ауторларынының бірі Әбдусамат Қасымов:

«Иманғали Тасмағамбетов бұл мешітті 600 адамға арнап салған. Әлі күнге дейін дәрет алатын жерде 4-ақ кран ғана жұмыс істейді. Подвалды су басып кетті», - деген дәйектемелер келтірді.

Алматыдан келген Діни басқарманың өкілдері болса Қазыбек қажы Ахметовке «білімді әрі тәжірибелі имам» ретінде баға берді. Жарияланған хатты жала деп тапқан олар, оның облыс әкімшілігі кеңсесінен газет редакциясына қалай түскені біз шеше алмаған үлкен жұмбақ болып қалды, дейді. Олардың айтуынша, хаттың мәтінін өзгертіп, газет арқылы жариялауға әкімшілікте мүдделі шенеуніктер бар.

Аты-жөнін айтқысы келмеген мешіттің кейбір өкілдері Азаттық радиосының тілшісіне осындай мүдделі шенеунік ретінде облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялар мен діни бірлестіктер бөлімінің бастығы Оразбек Қасымовты атады.

- Ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Оразбек Қасымов мас күйінде бізді жиі мазалап, мешіт көлігін жөнсіз сұраумен болды. Бас тартуға қорықтық. Себебі, бізді балағаттап, қоқан-лоқы көрсететін. Ең соңында, Ганюшкин ауылында тұратын інісінің үйлену тойына сұраған 100 мың теңге ақшасын бере алмай, облыс әкіміне шағымданған едік, - деп түсіндірді олар.

Айтқан сөздеріне сілтеме ретінде қолымызға Оразбек Қасымовқа қатысты Атырау ішкі істер басқармасы бастығы А.Айжігітов қол қойған хабарлама хатты ұстатты. Ол хатта шенеунікке қатысты фактінің расталғаны жазылыпты. Бірақ, Оразбек Қасымов бұл жайлы мүлде хабары жоқтығын айтып, аталған фактілерді теріске шығарып отыр.

Сондай-ақ Қазыбек қажы Ахметов өзінің аталмыш хатқа қарсы жазған терістеме материалын облыстық газет редакторы бірден қабылдамағанын айтты. Ол газеттің әкімшілік рұқсатынсыз артық қадам баспайтын ресми басылым болғандықтан әкімшіліктегілердің келісімінсіз жариялануы мүмкін емес деген күдігін де жасырмады.

«Атырау» газетінің редакторы Нұрлан Қабылов та Азаттық тілшісіне аталмыш хатты жарияламас бұрын әкімшіліктегілермен, ішкі саясат басқармасы қызметкерлерімен ақылдасқанын айтады.

- ҰҚК өкілдері облыста ваххабизм және басқа секталардың көбейіп кетуіне имам кінәлі деп санап отыр. Мұны облыстық ішкі саясат басындағылар да қолдады. Хаттағы фактілерді салмақтап қарағанымызда бәрі дұрыс секілді болғасын жарияладық. Жалпы авторлар пікірі редакция пікірін білдірмейді ғой. Бірақ имамды ешқашан жамандап көрмеген едік. Енді үнсіз кетіп қалса да болады емес пе? - деп түпкі ойынан хабар бергендей болды.

Бас имам да, Алматыдан келген діни басқарманың өкілдерінің де ойынша хаттағы айыптаудың екінші жағында протекционизм салқыны бар. Қазыбек қажының оңтүстіктен келуі жергілікті азаматтарға ұнамай отыр, сондықтан билікпен бірігіп оны кетіруге мүдделі деседі.

Алайда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Баянова бұл жайға «жеке имамның әрекетіне сай қозғалған мәселе» деп баға бергенімен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері өздерінің бұны ел арасына іріткі салу деп ұғатындарын баяндады.

Облыстық мешіттің тағдыры да журналистерді қызықтырды. Өйткені, 8-ші сәуірде терроризм мен діни экстремизмге қарсы құқық қорғау органдарымен бірлесе өткізілген жиында Атырау облыс әкімі Бергей Рысқалиев мешітті әкімшіліктің коммуналдық меншігіне айналдыруды ұсынған еді.

Әкімнің осы ұсынысы жайлы діни басқарманың кадр бөлімінің бастығы Байзақ қажы Бекмұратов былай деді:

- Діни басқарманың өз жарғысы, ережелері бар. Ол жарғы төралқа, кеңейтілген мұсылмандар құрылтайында бекітіледі. Ал мешіт – діни басқарманың филиалы. Сондықтан, әкім билігі бұған жүрмейді.

Мамандығы жағынан әрі заңгер Байзақ қажы Бекмұратовтың сөзіне сүйенсек, әкімнің әлгі айтқан сөзі атыраулық мұсылман қауымның қатты ашу-ызасын тудырған көрінеді.

«Егер біз басу айтпағанда мешітке келген жамағат әкімшілікті төңкеріп жіберуге дайын еді. 83 жасар бір қария әкімнің бұл пікірін өздерін мазақ ету ретінде түсінетінін ашына айтты. Етқызумен әкімшілік ғимаратына бармақ болғандарды сабырға шақырдық», - деседі діни басқарманың өкілдері.

Бас муфтидің баспасөз хатшысы Оңғарбек қажы Өмірбек осы мәселеге байланысты әкімнің орынбасары Серік Аманғалиевке жолыққанын, оның бұл іске асыру үшін айтылмаған ұсыныс екенін түсіндіргенін айтты.
Атыраудың бас имамы Қазыбек Ахметов,


Газетте жарияланған фактілерді толық терістеген облыс бас имамы енді сотқа дайындалып жатыр. Қазыбек қажы Ахметов осы хатты жазған ауторларды сотқа беріп, моральдық және материалдық шығын талап етпекші.

- Шығынның көлемін әлі айта алмаймын, - дейді бас имам. - Ол мәселе әлі қарастырылу үстінде. Ал Қарағандыдағы жағдай жайлы айтсам, оны ешкім іс жүзінде дәлеледей алған жоқ... Газет кешірім сұраған материал жариялады. Онда да мені жақтырмаған жеке адамдардың араздығына тап болдым. Үй салғаным рас. Бірақ, ол қаланың ортасындағы зәулім хан сарайы емес. Жерді де өз бетімше басып алғаным жоқ. Әкімшіліктің рұқсатымен алдым. Үйді тұрғызуыма көптеген кәсіпкер азаматтар жәрдемдесті.
XS
SM
MD
LG