Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің 1 мың 80 тұрғыны егістік жерді 1998 жылы мемлекеттен 49 жылға жалға алған. Олар жерлерін 2002 жылы инвестор ретінде келген «Алтын дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігіне (ЖШС) 10 жылға жалға берген. Ол компаниямен арадағы шарт аяқталған соң облыстық әділет басқармасы жердің уақытша меншік иесі ретінде Қармақшы ауданы әкімшілігін тіркеген. Жерге ие болған аудан әкімшілігі оны «Ақтөбе и К» ЖШС-іне берген кезде бұл серіктестік пен «Оңталап» ЖШС арасында дау туған.
«АҚТӨБЕ и К»
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қармақшы ауданы әкімі Нажмадин Шамұратов 2015 жылы ақпанда Ақтөбе ауылдық клубында өткен жиналыста тұрғындарға тиесілі егістік жерді Нұрлан Ізбаев есімді адам басқаратын «Дөйт» шаруа қожалығына беруді ұсынған.
Бірақ тұрғындар ол бастамаға қарсы болған соң аудандық әкімшілік «Ақтөбе и К» атты серіктестік құрып, оған бұрынғы ауыл әкімі Сәрсенкүл Есқалиеваны басшы етіп, жерді сол ұйымға берген.
– Біз жергілікті жердің тыныс-тіршілігін, істің көзін біледі деп Сәрсенкүл Есқалиеваны өз өтінішімен әкім қызметінен алып, жаңадан құрылған серіктестіктің басшысы етіп тағайындаған едік, – дейді Қармақшы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов Азаттық тілшісіне.
Кейін Сәрсенкүл Есқалиева «Ақтөбе и К» басшылығынан кетіп, оның орнына Нұрлан Ізбаев келген. Бұл оқиғаның мән-жайын білмекке Сәрсенкүл Рысқалиеваға хабарласқанымызда, ол кісі «қазір өзінің «Ақтөбе и К» басшысы емес екенін, орнын Нұрлан Ізбаевқа бергенін» ғана мәлімдеп, жауап беруден бас тартты.
Ал «Ақтөбе и К»-нің жаңа жетекшісі Нұрлан Ізбаевтың сөзінше, ол бұл серіктестікке биыл сәуірде, «Сәрсенкүл Есқалиеваның шаруашылықты жүргізуге шамасы жетпеген соң» басшы болып келген.
– Оған дейін наурыздың 21-і күні аудан әкімі мен облыс әкімінің орынбасары қатысқан үлкен жиналыс өтті. Сол жиналыста [жерге иелік етуге] талапкер ретінде ауылдан төрт жігіт түскен. Алайда аудан әкімі барлық жерді «Ақтөбе и К» серіктестігінің меншігіне өткізу туралы хаттама толтырды. Ол хаттамаға жиналысқа қатысқан 375 адамның 80 пайызы қолдап қол қойды. Мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасымен бір жылға келісім-шартқа отырдым, – дейді Нұрлан Ізбаев.
«ОҢТАЛАП»
Бірақ ауыл тұрғындарының кейбірі егістік жерді «Ақтөбе и К» серіктестігіне берген аудандық әкімшілік шешіміне наразы. Тұрғындардың бірі Қаныгүл Бошайбекова «аудан тарапы біржақты шешім қабылдап отыр» деп біледі.
– Бұған дейін біз, 150 отбасы өзімізге тиесілі жер үлесімізді ауылдан шыққан Әбдіхамит Аралбаев басқаратын «Оңталап» серіктестігіне берген едік. Ақпанда ауыл әкімдігінде болған жиналыста Әбдіхамит пен Талғат есімді жігіттер көп дауыс жинаса да, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов «екеуің де басқармайсың» деп, билікті бұрын ауыл әкімі болған Сәрсенкүл Рысқалиеваға бере салды, – дейді Қаныгүл Бошайбекова.
«Оңталап» серіктестігінің жетекшісі Әбдіхамит Аралбаев Ақтөбе ауылындағы 1 мың 80 үлескердің 589-ы жер үлестерін өзіне бергенін айтады. Ол «Қармақшы ауданының әкімі бізге жер бермей отыр» деп шағымданады.
– Ресейде техниканың арзандағанын пайдаланып, 60 миллион теңгеге 10 «ХТЗ» бен 8 «МТ-80» тракторын, басқа да техникаларды сатып әкеп қойдым. Оған қоса 500 гектар жерге егеміз деп 650 тоннна күріш тұқымын алып қойдық. Алайда жер алу өте қиынға соғып отыр. Үш мәрте жиналыс жасап, хаттамасын аудан әкіміне жібергенімен, ешқандай жауап жоқ, – дейді «Оңталап» серіктестігінің жетекшісі.
«КІМ БОЛСА ДА ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІ ЖАҚСЫ»
Ал Қармақшы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов «Оңталап» серіктестігінің жетекшісі Әбдіхамит Аралбаевтың шағымын жоққа шығарады.
– Елдің сұранысымен хаттама толтырылып, жер «Ақтөбе и К» серіктестігіне берілген. Енді «Оңталап» сол серіктестіктен келісім-шарт арқылы жер алып, жұмыс істей беруге тиіс болатын. Бірақ олар бұл талапқа көнбей, «барлық жерді өзіміз аламыз» деп қиғылық салып отыр. Маған кім болса да жұмыс істегені жақсы. Мен ешкімге қарсы келіп отырған жоқпын, – дейді Қармақшы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов.
Азаттық тілшісі Ақтөбе ауылы тұрғындардың жерін 2002 жылы 10 жылға жалға алған «Алтын дән» ЖШС басшыларын іздегенмен таба алмады. Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Ерлан Бисембаевтың сөзінше, ол серіктестікпен жасалған келісім былтыр тоқтатылған.
– Бірақ «Алтын дән» осыдан 10 жыл бұрын ауыл тұрғындарына тиесілі жерді АТФ банкіне он жылға кепілге қойып ақша алған. Қазір Ақтөбе ауылының жері тұтас банкте кепілде тұр, өйткені ақшасы қайтарылған жоқ. Ал «Алтын дәннің» басшысы қайда екенін де білмейміз, – дейді Ерлан Бисембаев.
Бұл деректі АТФ банкінің Қызылорда облыстық бөлімшесінің аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкері де растады. Оның сөзінше, облыстық әділет басқармасы 2014 жылы «Алтын дәнмен» келісімшарт уақыты біткеннен кейін жердің уақытша меншік иесі ретінде Қармақшы ауданы әкімшілігін тіркеген.
– Қазір Қармақшы ауданы әкімшілігі сотқа «Алтын дән» мен АТФ банкінің арасында жасалынған келісімшартты заңсыз деп тану туралы талап-арыз түсіріп, сот оны қарап жатыр. Сол себепті банктің жерге қатысты қандай да бір іс әрекет жасауына тыйым салынған. Сондықтан ол жер жайлы дауға біздің ешқандай қатысымыз жоқ, – деп жауап берді АТФ банкінің Қызылорда облыстық бөлімшесі өкілі.
Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің дерегінше, кезінде «Алтын дәнге» 2 мың 837 гектар жер жалға берілген. «Ақтөбе и К» мен «Оңталап» серіктестіктерінің арасындағы дауға себепкер – осы жердің егін егуге жарамды 1 мың 929 гектары.