Интеллигенция Назарбаевты сақтануға шақырады

Егістік алқабында тұрған Назарбаев. 1992 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық сайттарда жарияланған «Шетелдіктерге қазақ жерін сатпауға» шақыратын ашық хатқа қол қойды деген кейбір тұлғалар «мәтінмен таныс емес екендерін, бірақ қолдайтындарын» айтады.

Үкіметтің аукцион арқылы жер сату жоспары соңғы бірнеше апта бойы қазақстандық интернет кеңістікте белсенділердің бұрынғы наразылығын қайта тудырды. Атыраулық белсенділер бұл мәселеге қатысты биліктен халық пікірімен санасуды талап етіп, митинг өткізуге өтініш тапсырды. Мұндай реакциядан соң ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков арнайы мәлімдеме жасап, жерді тек қазақстандықтар мен жергілікті компанияларға сатуға болатынын айтқан. Бірақ бірқатар белсенділер бұл сөзге илана қоймады. Қазақстандық қолданушылар шетелдіктерге жерді сату мен жалға беру мәселесін әлеуметтік желілерде қызу талқылауға кірісті.

Your browser doesn’t support HTML5

Интеллигенция хаты. Аудиоподкаст.

АШЫҚ ХАТ

Шетелдіктерге жер сату мен жалға беру мүмкіндігі қайта туады деп алаңдаған бір топ зиялы қауым өкілінің атынан жуырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен билік институттарының атына ашық хат жарияланды. Сәуірдің 11-інен бастап Ult.kz, Dalanews.kz және Qamshy.kz бастаған бірнеше вебсайтта жарияланған «хатқа қол қоюшылардың» ішінде мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, академик Әбуғали Қайдаров, отставкадағы полиция генерал-майоры Мұрат Қалматаев пен эколог Мэлс Елеусізов сияқты ондаған танымал тұлға бар. Үндеудің «Қазақ жерін шетелге сату немесе жалға беру туралы» деген бөлімінде: «Жер мемлекеттің негізі болғандықтан ол жалпы сатылмайды немесе өз азаматтарынан басқаларға жалға берілмейтіндігі - аксиома. Ол туралы бұрынғы жер туралы заңда көрсетілген. Халық жерді сатуды – елді сату деп түсініп соңғы кезде қатты толқып, әртүрлі ұйымдар құрып, біздің дерек бойынша облыстарда 50 мыңнан астам қол жиналды. Егер жер сатылып, не шетелге жалға берілетін болса, халық оған қарсы төтенше наразылыққа (кейбір нұсқада «көтеріліске» - ред.) шығуға дайын екенін ескертуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп санаймыз. Біз осы іске қатты алаңдап, ел болашағын ойлағандықтан, билік пен қоғамды ескертіп отырмыз» деп жазылған.

Азаттық тілшісі хатқа қол қойды деген адамдардың бірнешеуіне хабарласқан еді. Әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев «хат мәтінімен толық таныс емес екенін, бірақ естігенін» айтты.

- Қазір мен Астанада ауруханада жатырмын. Хатпен танысып үлгерген жоқпын. Бірақ үндеу хаттың жариялануына қарсы емеспін, - деді ол.

Атпен тау аралап жүрген эколог Мэлс Елеусізов. Алматы, 9 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Эколог Мэлс Елеусізов «Ашық хат мәтінімен толық таныс екенін, қол қойғанын» айтты.

- Ашық хатты биліктің қалай қабылдағаны белгісіз. Бірақ мен жердің сатылуына қарсымын. Халықтың жері ешқашан ешкімге сатылмауы керек. Хатта айтылған нәрсенің бәрі дұрыс. Халықтың билікке деген көңілі дұрыс. Сондықтан ғой әзірге үндемей отырғаны. Ашық хатымыздан бір шешім шығады деген үмітіміз бар, - деп жауап берді эколог.

Ал генерал Мұрат Қалматаев:

- Жердің сатылуына тек мен ғана емес, Генералдар кеңесінің мүшелері де қарсы. Қазір денсаулығыма байланысты ауруханада жатырмын. Хат мәтінімен толық таныспасам да, естіп жатырмын. Сол себепті хатты қолдаймын. Елдің үнін үкімет те ескеруге тиіс, - деді.

«НҰРЕКЕ, САҚ БОЛ!»

Ашық хатқа қол қойғандардың бірі, саясаттанушы Әзімбай Ғали жердің сатылуын, бірақ тек қазақстандық орта шаруаларға сатылуын қолдайтынын айтады.

- Хатты көрдім, оқыдым. Ішінде менің де атым бар екен. Жігіттер «Әзімбай қолдайды» деп сыртымнан жазып жіберіпті. Әрине, жерді шетелдіктерге сатуға қарсымын. Сондықтан қолдаймын, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен әңгіме барысында саясаттанушы «іс жүзінде жерге жеке меншік бұрыннан бар екенін» ескертіп отырды. Оның ойынша, ауылшаруашылығына жарамды жерлер дәулетті адамдардың алып-сату объектісі болып тұрмауы қажет, шетелдік инвесторларға да сатылмауы тиіс, «тек орта шаруаға берілуі керек».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы фермерлерімен кездесуге барған кезі. 27 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мен әлеуметтік желіде жаздым: «Нұреке (президент Нұрсұлтан Назарбаев – ред.), сақ бол. Мынаның арты революцияға әкетіп қалмасын» деп. Қазақ қазір эмоционалды. Неше түрлі болып кетуі мүмкін, - дейді саясаттанушы.

«Жер кодексіне» сәйкес шетел азаматтарына Қазақстанда жер телімі мүлдем сатылмайды, ауылшаруашылық жерлері жалға да берілмейді, шетелдіктердің тек құрылыс пен қызмет көрсету саласына тиісті жер учаскелерін жалға алуға хақы бар. Әйткенмен белсенділерді алаңдататын жайттардың бірі – «Жер кодексінің» 20-бабының 2-тармағындағы жер учаскелерінің жеке меншік құқығының субъектілері туралы екіұштылау заң мәтіні. Бұл тармақта: «Осы кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi — азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады» деп жазылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір белсенділер өздері қол қойған үндеу хат биліктің жерді аукцион арқылы шетелдіктердің иелігіне пайдалануға беру туралы шешімін өзгертуге әсер етті деп ойлайды. Ауылшаруашылық министрінің соңғы мәлімдемесін сол өзгерістің нышаны деп болжайды.

Сәуірдің 14-і күні ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Астанада өткен брифингте «Қазақстанда шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлері сатылмайды» деп мәлімдеген. Министрдің сөзінше, жерді тек Қазақстан азаматтары мен жергілікті компанияларға сатуға болады.

2016 жылғы наурыздың 30-ы күні Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылғы шілденің 1-інен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 миллион гектар жерді аукцион арқылы саудалайтынын ресми түрде мәлімдеген. 2015 жылғы қарашада қабылданған «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда ауыл шаруашылық жерлері аукцион арқылы сатылымға шығатыны бекітілген болатын.

Қазақстанда жер мәселесіне қатысты ірі наразылық акцияларының бірі 2010 жылғы қаңтардың 30-ы күні Алматыда өткен еді. Ол уақытта оппозиция бастаған жұрттың шеруге шығуына «үкімет Қытайға 200 мың гектар жерді жалға бермек» деген сыбыс түрткі болған.