Қазақстандағы орыс-славян қауымдастық өкілдері 138 адамның мемлекеттік тілді қолдауға қатысты билікке жазған ашық хаты «елдегі ұлтаралық келісімге сызат түсіргенін» айтады.
Қазанның 13-і күні Алматыдағы «Достық үйінде» орыс-славян қауымдастық өкілдері өткізген арнайы жиында Қазақстандағы орыс қауымының жетекшісі Юрий Бунаков «ұлтаралық келісімсіз мемлекеттің гүлденуі мүмкін емес» екенін айтты.
«ҚОҒАМНЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫН БҰЗҒАНДАР»
– Бұл адамдар (хатқа қол қойған 138 адам – Азаттық) өздерінің хаты арқылы қоғамды тұрақсыздандырып, тыныштығын бұзды, – дейді Юрий Бунаков.
Оның пікірінше, «ұлтшыл-патриоттар мемлекеттік тілді саяси спекуляция құралына айналдырып отыр». Юрий Бунаков қазақ тілінің дамуына республикада ешкімнің қарсы еместігін, алайда «орыс тілін қолдануға қатысты конституциялық құқықтарының» бұзылатындығына наразы екенін сөз етті.
Қазақстандағы орыс қауымының жетекшісі билік тарапынан бұл хатқа ешқандай ресми жауап болмағанына, «тіпті президенттің өзі де ешқандай реакция танытпағанына» қынжылды.
– Бұл мәселеде соңғы сөзді Нұрсұлтан Назарбаев айтуы керек тиіс еді, алайда ол ештеңе деген жоқ, – деді Юрий Бунаков.
Қазақстандағы орыс, славян және казак қоғамдық ұйымдары қауымдастығының өкілі Анатолий Чесноков та Юрий Бунаковтың пікірлерін жақтап, «орыс тілінің қоғамдық маңыздылығын» айтты.
ОРЫС ТІЛІ ЖӘНЕ КЕДЕН ОДАҒЫ
Ал жиынға келген Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ахметжан Шардинов «тіл мәселесінен трагедия жасаудың қажеті жоқ екенін» айтты. Оның пікірінше, «орыс тілі қоғамда қағажу
Ассамблея төрағасының орынбасары Кеден одағы, Еуразиялық қауымдастық жайлы айтып, жиналғандарды сабырға шақырды.
– Қазақстан, Ресей, Беларустің қазір кедендік одаққа енгенін жақсы білесіздер. Қаңтардың 1-інен бастап бәріміз ортақ экономикалық кеңістікке кіреміз. Мұны да жақсы білесіздер. Еуразиялық қауымдастық құру туралы Путиннің бастамасын да білесіздер, – деді Ахметжан Шардинов.
Ол «Қазақстан билігі «138-дің хатына» ешқандай жауап берген жоқ» деген Юрий Бунаковтың сөзін жоққа шығарды.
Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасарының айтуынша, президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев пен сенат спикері Қайрат Мәмидің пікірлері - биліктің пікірі.
БІРІНШІ ПУНКТ... ЕКІНШІ ПУНКТ...
Түрік мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов «орыс тіліне қауіп төнді» дейтін орыс-славян қауымдастығы өкілдерінің негізсіз алаңдап отырғанын айтып, басым бөлігі орыс тілінде өтетін жиындарды мысал
– Қазақ тілін үйренбей жүрген азаматтарды елден ығыстыру мәселесі жоқ. Бірақ қазақ тілін үйренетін мезгіл де жетті ғой, – деді Қазақбай Қасымов.
Әзербайжан мәдени орталығының басшысы Асылы Осман жиындарда орысша сөйлеп жүрген Юрий Бунаковтың өзін сынады.
– Конституцияның 7-бап 1-бөлігінде бірінші «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Олай болса неге біз бірінші пункті орындамай, екінші пункті орындауға тиіспіз? – деді Асылы Осман.
Конституцияның 7-бап 2-бөлімінде ресми орыс тілінің статусы туралы жазылған.
Қыркүйек айының басында ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ интеллигенция өкілдері мемлекеттік тілді қолдауға қатысты билікке ашық хат жазған еді. Бұл хатқа 138 адам қол қойған.
Алайда кейін кейбір азаматтар қолдарын қайтарып алды. Мысалы, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев пен «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов хатқа қол қоймағандарын айтты. Ал халық әртісі Бибігүл Төлегенова осы хатқа орай Алматыда арнайы жиын өткізіп, келісімін телефон арқылы бергенін, хат авторларының пікірлерімен келіспейтінін жария еткен еді.