Ауыл әкімі сайлауына «Нұр Отан» ғана қатысты

Your browser doesn’t support HTML5

Ауыл әкімдерін сайлау. Қарасай ауданы, 7 тамыз 2013 жыл.

Тамыздың 7-сінде Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихат депутаттары Қаскелең қаласы мен ауыл әкімдерін сайлады. Азаттық тілшісі осы сайлау процесін көріп қайтты.

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары ауыл әкімдерін сайлау үшін таңғы сағат тоғызда мәдениет үйіне жиналды. Мәдениет үйінің сайлау жәшігі тұрған залында музыка ойнап, әдеттегідей мерекелік көңіл-күйді танытып тұрды.

САЙЛАНҒАН 15 ӘКІМНІҢ ОНЫ – БҰРЫНҒЫ ӘКІМ

Әкімдікке үміткерлер тізімін аудандық мәслихат депутаттары алдында оқып берген Қарасай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Махмұдбек Жұмағұлов «республикада бұрын-соңды болмаған сайлау өтіп жатқанын», «сайланған әкім халыққа әрқашан да жақын болатынын» айтты.

Сайлау комиссиясының пікіріне қарағанда, Қарасай ауданы әкімі 15 округтің әкімдігіне 45 үміткерді ұсынған, оның біреуі кейін бас тартқан.

Азаттық тілшісінің «Жергілікті тұрғындардың өзі таңдап, әкім арқылы ұсынылған кандидаттар бар ма?» деген сұрағанына:

– Заң бойынша үміткерді тек аудан әкімі ұсынады. Бірақ ұсынар алдында аудан әкімі халықпен кездесіп кандидаттармен таныстырды. Әкім ұсынғандар –

Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары. Алматы облысы, 7 тамыз 2013 жыл.

жергілікті тұрғындардың батасын алғандар, – деп жауап берді сайлау комиссиясының төрағасы Махмұдбек Жұмағұлов.

Сайлау процесіне Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәулебек Қыдырәлиев қана бақылаушы ретінде қатысты.

Дауыс беру процесі бір жарым сағатта аяқталды. Дауыстарды сол жерде көпшілік алдында санап шыққан комиссия қорытындыны да кідіртпей хабарлады. Дауыс беру қорытындысы бойынша, 15 округтің әкімдігіне түскен 44 үміткерлердің 13-і «100 пайыз дауыс алғаны» мәлім болды. Сайланған 15 әкімнің 10-ы – осыған дейін де әкім болып отырған адамдар.

Аудандық сайлау комиссиясы төрағасының айтуына қарағанда, әкімдікке үміткер болған 44 адам да, аудандық мәслихаттың әкімдерді сайлаған 20 депутаты да,

Қарасай аудандық сайлау комиссиясы. Алматы облысы, 7 тамыз 2013 жыл.

үміткерлерді ұсынған аудан әкімі де – «Нұр Отан» партиясының мүшелері.

Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Ардақ Сыдықтың пікірінше бұл сайлауға басқа партия өкілдері қатыспаған.

– Қарасай ауданының әкімі 15 округті түгел аралап, жұртшылықпен кездескенде ақсақалдар да, басқа партияның өкілдері де, оппозиция да болды. Бірақ олар ешкімді ұсынған жоқ, – дейді ол.

Депутат Серік Сахарбаев та осы пікірді қолдап, «басқа партиялардың не себептен қатыспағанын өздерінен сұрау керек» деді.

– Қарасай ауданында бірді-екілі басқа партия бар дегені болмаса, іс жүзінде жұмыс істеп тұрған «Нұр Отаннан» өзге партия жоқ, – дейді мәслихат депутаттары.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ УӘЖІ

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов оппозициялық саяси күштер әкімдер сайлауына қатыспайтынын әуел баста-ақ мәлімдегенін айтады.

– Олар президент әкімшілігінің қатаң бақылауымен өтетін бұл сайлауда өз

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов. Алматы, 2 маусым 2011 жыл.

үміткерлерін әкімдікке өткізе алмайтынын түсінді, – дейді саясаттанушы.

Талғат Мамырайымовтың айтуынша, сайлауға тек «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысқанымен, олардың өз ішінде де ықпалды топтардың тартысы бар. Келешекте билік ауысып жатса, сол кезде аздап болса да қаржылық және әкімшілік ықпалы бар әкімдер айтарлықтай рөл атқаруы мүмкін.

Ал саясаткер Серікжан Мәмбетәлиннің ойынша, «оппозициялық күштердің сайлау процесіне қатысатындай қаржысы мен бірлігі жоқ».

Халық мүддесін қорғайтын партия пайда болмады.


– Әркім өз басын ойлап жүр. Халық мүддесін қорғайтын партия пайда болмады. Партиялар қолдарынан ештеңе келмейтінін, яғни дәрменсіздігін соңғы мәжіліс сайлауында мойындап тынған, – дейді ол.

«Оппозициялық күштердің біріге алмауы» мен «қаржы мәселесін», «әділетсіз сайлауға сенімсіздікті» саясаткер Әміржан Қосанов та айтты. Бірақ ол оппозиция көбіне президент және парламент сайлауына назар аударатынын, ал ауыл әкімдері сайлауы науқанын ескермегенін сөз етті.

– Стратегиялық тұрғыдан ойласақ, халық арасында ағартушылық жұмысын жандандырғымыз келсе, ауыл әкімдерін сайлау процесіне қатысып, жергілікті

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.

халыққа мақсат-мұратымызды жеткізу үшін ел ішінде әділдікке жете алмай, биліктен теперіш көріп жүрген беделді азаматтармен жанды байланыс орнату керек еді. Әрине, аудан әкімі ешқашан оппозиция өкілін ұсынбайды. Бірақ заңда «жергілікті қауымдастықпен міндеті түрде кеңесу керек» деген пункт бар. Соны пайдаланып, ел ішіне қозғау салып, халықтың саяси мәселесіне қызығушылығын арттырар еді, – дейді Әміржан Қосанов.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң 2013 жылы маусым айының соңында күшіне енген.

Осыған байланысты шілденің 10-ы күні орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тамыз айында өтетін ауыл және аудан әкімдерін сайлау барысы туралы хабарлаған еді. ОСК-ның айтуынша, ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Оның 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і – селолық округтердің, 119-ы – ауылдардың, 190-ы – селоның әкімдері.

Заңға сәйкес әкімдікке кандидаттарды аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кеңесіп барып мәслихатқа ұсынады. Әкімдерді жергілікті аудан я қалалық мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау 5-9 тамыз аралығында өтеді. Сайлау кампаниясы – әкімдерді сайлау мен оның нәтижесін шығару – бір айға дейін созылады.