Үйін таба алмай адасып кететін қарттар көбейген

81 жастағы зейнеткер Ирина Перцова мен немересі Константин Туляков. Алматы облысы, Ұзынағаш кенті, 25 шілде 2015 жыл.

Алматыда қарт адамдар жоғалып кететін жағдайлар болып тұрады. Оларды туыстары кейде өз беттерінше іздейді. Азаттық тілшісі «полиция мұндай жағдайда әрекетсіз қала ма?» деген сауалға жауап іздеді.

Былтыр күз ортасында Алматыда 75 жастағы Клара Төлегенова жоғалып кеткен болатын. Қария зейнет демалысына дейін Теміртау қаласындағы балалар хирургиясы бөлімшесін басқарған. 2002 жылы отбасымен Алматыға көшкен кезде оған «есте сақтау қабілетін жартылай жоғалтқан» деген диагноз қойған.

Оның баласы Нұрлан Мұшықовтың Азаттыққа айтуынша, полицейлер арызын қабылдағанымен, қарияны іздеуге кіріспеген.

- Басымызға ауыртпалық түскен кезде ешкім жанашырлық танытпады. Жұртқа белгісіз біреу болсаң, полицейлерден онша қайыр жоқ екен. Бәрі қалтаңның қалыңдығына қарай шешіледі. Анамыз туралы ақпарат жариялау үшін телеарналар мен кей газеттерге ақша төлеуімізге тура келді, негізі, ол қызмет тегін болуы тиіс қой. Бала-шағамызбен бүкіл қаланы аралап хабарландыру жапсырып шықтық. Автопарк басшыларына барып, автобустарда хабарландыру парақтарын жапсыруға рұқсат сұрадық. Анамыздың жоғалғанын барынша көп адам білгені дұрыс деп ойладық, - дейді Нұрлан Мұшықов.

2016 жылы қыркүйектің 17-сі жоғалған зейнеткер Клара Төлегенова.

Қарт әйелдің денесін бір айдан кейін Алматының өзінен – қала орталығына таяу маңдағы гараждардың қалтарысынан тапқан. Сараптама Клара Төлегенова жоғалған күні қайтыс болған деген ұйғарым жасаған. Алматыда мұндай оқиғалар көп, жоғалған жандарды іздеген хабарландыруларды жиі көруге болады. Елдің өзге ірі қалаларындағы жергілікті газеттерде де мұндай хабарландырулар көп жарияланады.

Алматылық Василий Довженконың отбасы да осындай қайғылы оқиғаға душар болған. Василийдің 73 жастағы әкесі Александр Довженко бұрын ұшқыш болған кісі екен. Деменция (есте сақтау, бағыт-бағдарды ажырату қабілетін жоғалту) дертіне шалдыққан ол 2013 жылғы мамырдың 17-сі күні жоғалып кеткен. Оны тоғыз күннен кейін Алатау ішкі істер басқармасынан (ІІБ) бір километр жерден өлі күйінде тапқан.

2013 жылы мамырдың 17-сі жоғалған Александр Довженко және оның ұлы Василий.

- Іздегенімізге төртінші күн болған кезде бір бойжеткен телефон соғып, «әкеңізді қаланың шетіндегі жер үйімнің жанынан көрдім» деп айтты. Ол жалаңаяқ, күртесін жерге жайып, ұйықтауға ыңғайланып жатқан әкемізді кешке жақын көріпті. Бойжеткен онымен сөйлесуге тырысып, «ас-су әкеліп берейін бе?» деп сұрапты, бірақ әкеміз тамақтан бас тартып, ішетін су ғана сұраған. Әлгі бойжеткен оның науқас екенін түсініп, жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем бригадасы әкемізді тексеріп, есте сақтау қабілетін жоғалтқанын, ал денсаулығында өзгедей кінарат жоғын анықтаған. Бірақ мұндай диагнозбен аудандық ауруханаға апармайды екен, сондықтан әкемді Алатау ішкі істер басқармасына (ІІБ) апарып өткізген. Әлгі қоңырау әкеміз табылар деген үмітімізді оятты. Бірақ ІІБ-ге барып едік, әкем сол жерде түнегені, ал таңертең оны шығарып жібергені анықталды, - дейді Азаттыққа Василий Довженко.

Қарттың отбасы аурухана, мәйітхана, жазатайым оқиғаларды тіркеу бюросына күн сайын телефон соғып сұрастырған. Кейін бюродан телефон соғып, бір күн бұрын Алатау ауданында белгісіз адамның мәйіті табылғанын хабарлаған. Василий Довженко әкесін фотосуреттерден таныған.

АЛЬЦГЕЙМЕР ДЕРТІ ДИАГНОЗЫН ДҰРЫС ҚОЙМАЙДЫ

Алматылық психотерапевт дәрігер Жібек Жолдасова зейнет жасындағы адамдардың көптеп жоғалуын денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктермен, нақтырақ айтқанда, диагностиканы дұрыс жүргізбей, дұрыс емдемеу салдарымен байланыстырады. Оның сөзінше, «есте сақтау қабілетін жартылай жоғалту» деген диагноз мүлде дұрыс емес. Өйткені ондай қарт адамдар көбінесе Альцгеймер сырқаты мен түрлі дәрежеде деменция дертіне шалдығады, басқаша айтқанда, кәрілік меңдеп, алжиды. Қоғамда Альцгеймер дерті «Батыс елдерінде ғана бар» деген пікір тараған. Психотерапевт дәрігер «егер қарт адам үйден шығып кетіп, қайтар жолдан адасып қалса, демек ол дерт енді басталған немесе дерті асқынған» дейді.

- Біздің есебімізше, Алматы қаласының өзінде ғана Альцгеймер дертіне шалдыққан 15 мың адам бар. Батыс елдерінде бұл дертке көп көңіл бөлінеді, тіпті Ресейдің өзінде мұндай науқастарды тегін емдейді, ал бізде азаматтардың бұл тобы назардан мүлде тыс қалған. Қазақстанда бұл дерт шынымен бар деп танылмаса, науқастар білікті емдеу шараларына дер кезінде жүгіне алмайды, - дейді Жібек Жолдасова.

Алматылық КТК телеарнасының «Рейдер» телебағдарламасының бас редакторы Алексей Бородихиннің Азаттыққа айтуынша, адамдардың жоғалып кету проблемасы баяғыдан бар. Ол жоғалып кеткен жақын адамын іздеуге көмектесуді сұраған хаттар бағдарлама редакциясына көп түсетінін айтады.

Бала жоғалған кезде полиция қоғамдық резонанстан сескеніп әдетте бар күшімен тырысып жұмыс істейді. Ал қарт адамдарды іздеуге бұлай құлшынып кіріспейді.

- Бала жоғалған кезде полиция қоғамдық резонанстан сескеніп әдетте бар күшімен тырысып жұмыс істейді. Ал қарт адамдарды іздеуге бұлай құлшынып кіріспейді. Адам жоғалғаны жайлы түскен арыз тек үшінші тәуліктен бастап қана қаралады деген ереже бар. Ал бұл кезде ұмытшақтық дертіне шалдыққан адам тіпті алысқа ұзап кетуі мүмкін. Қарт адамдардың көбінің қала сыртында саяжайы бар, олардың жоғалуына сол жайт та әсер етуі мүмкін. Өйткені көбі қала сыртынан, облыстан табылып жатады. Ел іші болған соң, қайырымды жандар табылады ғой, біреулері тамақтандырып, біреулері паналатады. Қарт адам күн жылыда жоғалып кетсе жақсы, ал суық түскен кезде жоғалса, көбі үсіп қалады, - дейді журналист.

Туляковтер отбасының Алматыдағы сауда орталықтарының бірінің автотұрағында жоғалып кеткен әжесі сәтімен аман-есен табылған. Туыстары 81 жастағы Ирина Перцованы Алматы облысы Ұзынағаш кентінен үшінші күні тапқан.

- Әжеміз 2015 жылғы шілденің 23-і күні жоғалды. Көзімізден сәл таса етіп едік,көліктің жанында тұрған әжемізді таппай қалдық. Бірден Бостандық аудандық ІІБ-на барып, арыз жаздық. Қаладағы бүкіл аурухана, жедел жәрдем станциясы, мәйітхана сияқты орындарға, ІІБ-ге телефон соғып, жанұшырып іздедік. Сәтін салғанда, жедел жәрдемге соққан қоңырауымыз нәтиже берді. Олар әжемізді Түркісіб ІІБ-інде көргендерін айтты. Оны көшеде көріп қалған полиция қызметкерлері әжемді аудандық ІІБ-ге апарып, тексеру үшін жедел жәрдем шақырыпты. Жедел жәрдем дәрігерлері «ауруханаға барудан бас тартқан соң Түркісіб ІІБ-іде қалдырып кеттік» деді. Әлгі қоңыраудан кейін бірден сол жаққа бардым, бірақ әжем кетіп қалыпты. Оны құр жібере салыпты! – дейді зейнеткердің немересі Константин Туляков Азаттыққа.

81 жастағы зейнеткер Ирина Перцованың табылған күні немересі Константин Туляковпен түскен суреті.

Немересінің сөзінше, әжейді табуға кездейсоқ жағдайдың септігі тиген. Алматы банктерінің бірінде жұмыс істейтін әйел интернетте жарияланған хабарландыруды көрген. Сол күні Ұзынағаш ауылында тұратын құрбысына қыдырып барған ол «қалада 81 жастағы әжейді іздеп жатыр» деген. Құрбысы аялдама кешенінде жұмыс істейді екен әрі сол күні түнгі ауысымға жұмысқа шығыпты. Жұмысқа келген кезде ол қарт әйелді байқаған.

- Жанына барып, біздің әжеміз екенін таныпты. Бойжеткен оны Ұзынағаштың ІІБ-ісіне ертіп апарған, бірақ олар зейнеткерді таңға дейін ұстап, тағы қоя берген. Таңертең Ұзынағашқа барып, әжемді дәл кімнің шығарып жібергенін анықтауға тырысып едім, бірақ ешкім мойындамай қойды. «ІІБ қақпасын ашып, өзі кетіп қалыпты» деді. Бірақ әжемнің фотосуреті қызметкерлердің бәрінің қолында болған. Ақыры полицейлер өз қателігін түсініп, жанталасып іздеуге кірісіп, оны сол күні тапты, - дейді Константин Туляков.

Александр Довженко мен Ирина Перцованы іздестіру шараларына қатысты жайттарды түсіндіруді сұрап, Азаттық редакциясы бір жыл бұрын Алматы ішкі істер департаментіне (ІІД) ресми сауал жолдаған болатын. Біз 2015 жылы Алматыда қанша зейнеткер адам жоғалғаны туралы ақпарат беруді де сұрағанбыз, бірақ жоғалған адамдар жайлы хатымыз да полицияда жоғалып кеткен сияқты. Редакция жолдаған жазбаша сауалға жауап келмеді. Мақалада келтірілген оқиғаларға қатысты комментарий сұрап, редакция 2016 жылғы желтоқсанның 12-сінде Алматы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке қайта хабарласқан кезде «комментарийді ертең алуыңызға болады» деген еді, бірақбелгіленген уақытта ІІД баспасөз хатшысы байланысқа шықпады. Алматы ІІД-ісіне талай мәрте хабарласқан Азаттыққа баспасөз қызметі өкілдері «қазір баспасөз хатшысы сырқаттанып жатыр, ал ұялы телефонын жоғалтып алған, сондықтан өшірулі» деп жауап берді. Ал өздері «бұл - біздің құзырымыздағы нәрсе емес» деген уәжбен комментарий беруден бас тартты.

МАМАНДАР КЕҢЕСІ

Алматыда жоғалған адамдарды іздеуге еріктілер тобы жиі көмектеседі. Солардың бірі - суретші Лаура Айым. Ол- SOS деп аталатын жастар қайырымдылық қозғалысының мүшесі. Көбінесе жастардан тұратын қозғалыс ұраны- «Жұртқа көмектесу үшін қаһарман болу міндетті емес. Адам болсаң болғаны!».

Лаура Айымның Азаттыққа айтуынша, 2015 жылы Свято-Сергиев шіркеуі жанындағы паналау орнына бір қарт әйел келген. Ол қайда тұратынын да, туыстарының телефон нөмірлерін де ұмытып қалған. Тек өзінің аты-жөні Ақжолтай Аралбаева екенін және Асқар, Айдар деген екі ұлы бар екенін ғана ұмытпаған.

«SOS» еріктілер қозғалысының хабарландыруында тұрған зейнеткер Ақжолтай Аралбаеваның суреті. Алматы, 4 қазан 2015 жыл.

Лаура жоғалған әйелдің аты-жөнін көрсетіп, интернеттен ол жайлы ақпарат іздеген кезде Ақжолтай Аралбаеваны іздеген туыстарының хабарландыруын тапқан. Сөйтіп зейнеткер әйел отбасына аман-есен оралған.

Сарапшылар үйінде қарттары бар отбасыларға қарияға жанынан тастамайтын ұялы телефон немесе GPS-і бар арнайы білезік сатып әперуге және қалталарына туыстарының мекенжайы, телефон нөмірлері жазылған қағаз салып қоюға кеңес береді. Есте сақтау қабілеті бұзылған адам жоғалып кеткен жағдайда, оны тауып алған адамдар әлгі координаттар бойынша қарияны үйіне әкеліп тастайды.