«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының (АҚ) артықшылығы бар акция иелері атынан бес адам қазанның 28-і күні Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімдігіне барды. Дивиденд көлемін ұлғайтуды талап еткен ол азаматтар - Маңғыстау өңіріндегі мұнай кеніштерін алғаш ашып, игерген, қазір жастары 80-нің ар жақ, бер жағындағы адамдар. Әкімдік өкілдері оларға сотқа жүгінуге кеңес еткен.
«АКЦИОНЕР РЕТІНДЕ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ БҰЗЫЛДЫ»
Акция иелерінің сөзіне қарағанда, «1996 жылдан бері жылына екі рет төленетін дивиденд құны бір мәрте - 2007 жылы ғана бір акцияға 2000 теңгеден, ал қалған жылдары 200 теңгеге жетпейтін мөлшерде төленіп келген».
Бұрынғы мұнайшы Базарбай Құлымбетов 160 акциясы бар екенін, оның бір реттік дивиденді биыл 27 мың 840 теңге (152 доллар) болғанын айтады.
Ал бұрғылау шебері, 80 жастағы Жолдас Тоқжановтың сөзінше, кейбір зейнеткерлер күнкөріс қамы үшін акцияларын сатып жатыр.
- Менің ойымша, артықшылығы бар акцияларға төмен дивиденд төлеу арқылы бізді сатуға мәжбүрлеп, акционерлер қатарынан шеттеткісі келеді, - дейді ол.
Ардагер мұнайшы Теңелбай Лесбай «Маңғыстаумұнайгаз» басқармасы артықшылығы бар акциялардың дивидендтерін төлеу тәртібі туралы шешімдер қабылдаған кезде «Акционерлік қоғам» туралы заңды бұзды, артықшылығы бар акция иелерінің төрттен үшінің дауысы ескерілуі тиіс, бізден оны сұрамады, акционер ретінде құқығымыз бұзылды» дейді.
- 2005 жылға дейін бір акцияның дивидендін 100-150 теңге көлемінде төлеп келді (қазір 174 теңге – ред.). Бірақ сол кезде де, қазір де «Маңғыстаумұнайгаз» өндірілген мұнайдан мол пайда тауып, Қазақстанды асырап отыр. Біз 2005 жылы 25 миллиард теңге таза пайда түсіп, оның жарғылық капиталды ұлғайтуға, акция құнын өсіруге жұмсалатынын естідік. Бірақ таза пайда қайда және қалай жұмсалғаны туралы хаттаманы бізге акционер ретінде көрсеткен жоқ. Акциялардың құны да өспеді. Біз соның себебін білгіміз келеді, - дейді қарт мұнайшы.
ВИДЕО: «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері. Ақтау, 26 қазан 2014 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
«АКЦИОНЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖОҚ»
Акционерлер өздерімен кездескен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева талаптарын қолдайтынын айтады.
- Әкім орынбасары «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы басшылығымен сөйлесеміз. Бірақ сіздер сотқа беріңіздер. Соттың шығарған шешімі ғана бұл мәселеге нүкте қоя алады» деді, - дейді бұрынғы мұнайшы Теңелбай Лесбай.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз хатшысы Ғазиз Сермағамбетов Азаттық тілшісінің артықшылығы бар акциялардың дивиденді туралы сауалына: «Артықшылықты акционерлердің құқығы бұзылған жоқ. Кепілді көлемнен (100 теңгеден) жоғары дивиденд төленіп келеді. Акционерлік қоғам жарғысында дивиденд көлемі артықшылығы бар акцияның номиналдық құнының 10 пайызы деп белгіленген. Ол «Акционерлік қоғамдар» туралы заңға сәйкес бекітілген» деп жазбаша жауап берді.
Оның айтуынша, ардагер мұнайшылардың «Шаңырақ» ұйымы арызы бойынша компанияны құзырлы органдар тексеріп, ешқандай заң бұзушылық таппаған».
Дивиденд дауы шыққанына бірнеше жыл болған. Артықшылығы бар акцияларды ардагер мұнайшылар «аймақтағы мұнай кеніштерін ашқан әрі игерген еңбектері үшін» 1996 жылы алған. Бас кеңсесі Ақтауда орналасқан «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы бұл азаматтардың әрқайсысының еңбек өтілдерін есептей отырып, 100 бен 200-дің арасында акция берген.
Бұл мәселе 2005 жылы премьер-министр болған Даниал Ахметовке де жетіп (ол жылы бір акция дивиденті 100 теңге болған – ред.), ол «дивидент құнын өсіру мәселесіне үкіметтің араласа алмайтынын, «Маңғыстаумұнайгаздың» жекеменшік компания екенін, дивидент көлемін жарғысына байланысты өзі анықтайтынын» айтып жауап берген.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ - Қазақстандағы ірі мұнай өндіруші компанияның бірі. Компанияның 15 мұнай кеніші бар. «Маңғыстаумұнайгаз» «ҚазМұнайГаз» (50%) және CNPC E&D (Қытай, 50%) құрамындағы Mangistau Investments B.V компанияларына тиесілі.
Компанияны 2012 жылдың 15 қарашасынан бастап Сунь Синъюнь басқарып келеді.