Наразылықтан кейін жұмысшыларды қысқартылған кестеге көшірді

Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының наразылық акциясы. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

Наурыз айының басында жұмысшылары кәсіпорын басшысының қызметінен кетуі мен сыйақы төлеуді талап етіп наразылық акциясына шыққан Techno Trading LTD мұнай-сервис компаниясы менеджементі жұмысшылардың кей талаптарын негізсіз санайды.

Techno Trading LTD компаниясының 200-ге тарта жұмысшысы наурыздың 4-і күні түскі үзілісі кезінде Маңғыстау облысы Қызылтөбе ауылындағы асхана мен Жетібай кеніші жанына жиналып, «қысым көрсеткен» әрі «сыйақы төлемеген» директордың қызметінен кетуін талап еткеннен кейін бір апта өткенде кәсіпорын басшылығы Азаттыққа комментарий берді. Компания менеджменті, кәсіпорын директоры Әділ Ниязовтың пікірінше, кәсіподақтың әлсіз жұмысы кесірінен ушыққан еңбек дауын реттеу үшін келістіруші комиссия құрылғанын хабарлады. Ал кәсіподақ жетекшісі жұмысшыларға қысым көрсетіледі деп мәлімдейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Наразы жұмысшылардың талабы орындалмады

Techno Trading LTD компаниясы директоры Әділ Ниязов жұмысшылардың кәсіпорын басшысының қызметінен кетуін талап етуі негізсіз деп санайды.

«ЖАЛАҚЫ 20-30 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРАДЫ»

– Жұмысшылардың еңбек шартында көрсетілген өз құқық-міндеттері бар. Олардың шарттарында мені жұмыстан шығару немесе қабылдау туралы шешімді қабылдайды деген тармақтар жоқ, – дейді Әділ Ниязов.

Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының наразылық акциясы. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

Әділ Ниязовтың айтуынша, наразылық шарасынан кейін компанияда жұмыс беруші тарапынан бес адам, жұмысшылардың бес өкілінен келістіруші комиссия құрылған.

Директордың айтуынша, компанияның жағдайы қиын. 2015 жылдан бері көрсетілетін қызмет көлемі азайып кеткен. Бірақ Әділ Ниязовтың сөзінше, менеджмент жұмысшы санын қысқартуды жоспарламайды, мұның орнына компания жұмыс уақытын қысқартуды ұйғарған.

Жұмыс уақыты қысқарғаннан кейін компания төрт ауысымның орнына алты ауысыммен жұмыс істеуге көшпек.

– Енді жұмысшылар екі күн жұмыс істеп, төрт күн демалады. Жалақы 20-30 пайызға қысқарады. Бос күндерінде істейтін қосымша жұмыс тауып алуына болады, – дейді директор.

Азаттық тілшісі Әділ Ниязовтан жұмысшылардың басшылық тарапынан қысым көрсету мен заңсыз жұмыстан шығару жайлы шағымдарына қатысты комментарий беруін сұрады.

– Біреулер жұмыстан шығып жатады, біреулерді қабылдап жатамыз. Былтырдан бері 68 адам жұмыстан шықты, ал жұмысқа 58 адам қабылдадық. Бұл – акционерлердің шешімі. Акционерлер кімді қабылдап, кімді жұмыстан шығаруды жұмысшылардан сұрауға міндетті емес, – дейді Әділ Ниязов.

Techno Trading LTD директоры Әділ Ниязовтың комментарийі

Компания басшысы Әділ Ниязовтің пікірінше, еңбек даулары «ешқашан жазбаша шағым түсірмеген» кәсіподақтың әлсіз жұмысы кесірінен туындайды.

«ЕСЕП БЕРСІН!»

Компания директорымен кездескеннен кейін Азаттық тілшісі Techno Trading LTD компаниясының кәсіподақ ұйымы жетекшісі Тагир Гадиуловпен де сөйлесті. Оның айтуынша, жұмысшылардың талаптары көрсетілген жазбаша арыздар басшылыққа талай жолданған. Ол «елде дағдарыс екенін, мұнай бағасының арзандауына байланысты мемлекетке кіріс түспей жатқанын жұмысшылар да түсінеді» дейді.

– Бірақ олар [компания басшылары] қысқарған жұмыс уақытын рубльмен көрсетеді. Олар Ресей заңдарын құр көшіріп алып, бізге қол қоюға бере салмақ. Оған қалай қоямыз? – деп қынжылады Тагир Гадиулов.

ТехноТрейдинг ЖШС жұмысшыларының наразылық акциясы Жетібай кенішіндегі цех алдында да өтті. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

Кәсіподақ басшысының айтуынша, компания басшылығы жұмыс уақыты қысқаратынын еңбек департаменті, жұмыспен қамту орталығы сияқты тиісті органдарға хабарлап, ескертуі тиіс.

– Қысқартылған жұмыс күніне көшуге компанияның қаржы-шаруашылық жағдайы нашарлауы себеп болғанын көрсетіп, олар есеп беруі тиіс. Бірақ олар мұны істемей отыр. Біз есеп талап етсек, олар жұмысшыларды қысады, – дейді Тагир Гадиулов.

Әңгімеге компания кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Қуан Сапарбаев та араласты.

– Олар екі жақты келістіруші комиссиялар құрыпты. Біз мұнымен келіспейміз, өйткені келістіруші комиссия жеке еңбек дауларын, ал бітістіруші комиссия ұжымдық дауларды қарайды. Ал мына дау – ұжымдық дау, – дейді ол.

Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының 4 наурыз күнгі наразылық акциясы кәсіпорындағы алғашқы шара емес. Былтыр компания жұмысшылары еңбек жағдайын жақсарту мен жалақыны көбейтуді және жұмысшыларға қысым жасауды доғаруды талап етіп ереуілге шыққан. Былтырғы ереуілден кейін алты адам жұмыстан шығарылған. Techno Trading LTD компаниясының қазіргі директоры олар жұмыстан заңды шығарылды деп есептейді.

– Белсенді кім екенін материалдардан көрдік, жұмыс орнында үш сағаттан көп себепсіз болмауына байланысты олармен келісім-шартты бұздық. Компанияға 14 миллион теңгенің зияны келді. Жұмыстан шығарылғандар соттасқанымен, сот біздің әрекетімізді заңды деп танып, олар ақыры ұтылды, – дейді Ниязов.

Techno Trading LTD компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кеніштерінде мұнай жабдықтарын жөндеумен айналысады. Techno Trading LTD компаниясының ресми дерегінше, оның штатында 756 адам бар.