Қазақстан мен Қырғызстанның арасында соңғы он шақты күнде қалыптасқан дипломатиялық дау мен шекарадағы шиеленісті жағдайды Қазақстанның ресми ақпарат құралдары назардан тыс қалдырған жоқ. Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстандағы сайлау қарсаңында және одан кейін де Қазақстан билігіне қарата айтқан бірнеше сын сөзі жаппай талқылау тудырды.
"ҚЫРҒЫЗ ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЗИЯНЫ"
Қазанның жетісінде Алмазбек Атамбаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте тым ұзақ отырған тұлға екенін еске алды. Қазақстан үкіметін экономикасы көрші елден бірнеше есе үлкен болса да, әлеуметтік көрсеткіші соған сай емес, жемқорлыққа батқан ел ретінде сипаттады.
Алмазбек Атамбаевтың қазақ билігін сынаған сөзі:
Your browser doesn’t support HTML5
Атамбаев қазақстандық әріптесінің Қырғызстан президент сайлауына түсіп жатқан, өзі қолдамайтын кандидатпен кездесуінен соң сынды қарша боратты. Бұл хабарды елеусіз қалдырған Қазақстанның ресми ақпарат құралдары ертеңінде премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Алмазбек Атамбаевтың сөзін "жауапсыздық" деп бағалаған мәлімдемесін жаппай жариялады.
"Хабар" агенттігінің вебсайтындағы тақырыптар мен тұжырымдар Қырғызстанмен арадағы соңғы оқиғаларға қатысты Қазақстан үкіметінің ұстанымымен үндес шықты. "Қырғызстаннан келетін тауарлардың зияны", "Отандық нарыққа уланған картоп түспеуі керек", "Жүгінен зиянкес пен арамшөп тұқымы табылған көліктер Қырғызстанға қайтарылды", "Қырғызстаннан келетін жеміс-жидектен қауіпті зиянкестер жиі табылады","Қырғызстаннан әкелінетін көкөністер жіті тексерілетін болады". "Хабардың" материалдарына қарағанда соңғы кездері Қырғызстаннан келетін көліктер жиі заң бұзып, зиянды көкөністер күрт көбейген сияқты көрінді. Осы ақпарат құралы "Қырғызстанның контрабандалы тауары еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке кері әсер етіп отыр" дейтін материал жариялады.
Қырғыз-қазақ шекарасындағы кезек (16 қазандағы видео):
Your browser doesn’t support HTML5
"ЖАУАПСЫЗ СӨЗДІ" СЫНАУ
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мен үкіметаралық үндеулерді "Егемен Қазақстан" газеті де биліктің ресми ақпаратына сәйкес ақпарат таратып, ұдайы шолып отырды. Газетте қазақ пен қырғыз халқының туыстығы мен достығы жайлы пікірлерге орын беріліп, Атамбаевтың сөздері сынға алынды. "Жауапсыз сөз достыққа сына қаға алмайды" дейтін мақалада "Алмазбек Атамбаев өз адамын өткізу үшін барлық қитұрқы әдіс-тәсілдерге жүгініп, ақыры қырғыз еліне ең жақын, ең жанашыр мемлекетті де айыптауға дейін барды" деп жазылған. Атамбаев сайлау алдында бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбековті қолдап, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кәсіпкер Омурбек Бабановты "шет ел ықпалындағы саудагер" деген мағынада сынап баққан.
Мақалада "Қырғызстанда 2010 жылғы болған дағдарыс кезінде АҚШ-та іссапарда болған Н.Назарбаев күн ұзақ қауырт жұмыс істесе де уақыт айырмашылығына да қарамай, түні бойы Қырғызстанның басшыларымен келіссөздер жүргізіп, ақыры оңтүстіктегі жерлестері мен ағайындарының ортасына барып, бекініп алған Құрманбек Бакиевті лауазымынан өз еркімен бас тартуға көндіріп, қазақстандық тікұшақпен алып кетпегенде, оқиғаның қаншалықты шиеленісетінін болжау қиын еді. Тек осы ісі үшін ғана әлемнің озық ойлы адамдарымен бірге қырғыз бауырлардың көзі ашық, көңілі ояу азаматтары Қазақстан басшысына үлкен алғыстар айтқан" деп жазылған.
"Егемен Қазақстан" Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы, төтенше және өкілетті елші Осмонакун Ибраимовтың "Қазақ-қырғыз бауырластығы саяси амалдардың құрбаны болмауы тиіс" дейтін көлемді мақаласын берген.
"Меніңше, біздің мемлекетіміздің басшысы А.Атамбаевтың аталған кездесу жөніндегі әсерін білдірген пікірі жөнсіз болды... Арамтамақтар мен өткеннің сандырағын, жалған ақпаратты жаны сүйетіндердің шапшаң қимылдап, бауырлас екі елдің көпғасырлық ортақ тарихындағы өміршең және мәңгілік естеліктердің орнына қырғыз-қазақ арасындағы кейбір түкке тұрмайтын кикілжіңдерді жаһанға жайып, шала бүлінгендерін көру мен үшін ауыр болды. Мұндай "негативтер" олардың құмарын қандырғандай" деп жазды Осмонакун Ибраимов.
ЖАППАЙ ЖАУАПҚА МАРЧЕНКОНЫҢ ҚОСЫЛУЫ
Қазанның 10-ында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада пайда болған кезек пен өткізу қиындығы туралы тұрақты жазып келе жатқан ақпарат құралдары қазанның 13-інде екі материалды жаппай жариялады. Оның бірі – Қырғызстан президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановтың, екіншісі – Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың сұхбаты.
Бабановпен сұхбат – "Назарбаев Қырғызстан президенттігіне үміткер Бабановты қабылдау арқылы Қырғызстандағы сайлау процесіне араласты" деп айыптаған Атамбаевтың сөзіне қайтарған жауапқа ұқсады.
Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуде не туралы сөйлескенін айтқан Бабанов: "Нұрсұлтан Әбішұлымен қандай да бір басқа әңгіме айтылса, ол мені көпшіліктің алдында қабылдамас та еді" деп Атамбаевтың айыптауын жоққа шығаруға тырысты.
Қазақстанның ұлттық банкін бірнеше жыл басқарып, кейн шетелге кеткен және ұзақ уақыт бойы баспасөз бетінде көрінбеген Григорий Марченконың сұхбат беруі де көпшілікті таңдандырды.
Қазақстандық бірнеше ақпарат құралында жарық көрген Марченконың сұхбатында "Қырғызстан экономикалық реформаларды дер кезінде жасамады, Қазақстанның әл-ауқатының жоғары болуы мұнайының көптігінен емес, эконмикалық саясатты дұрыс жолға қойғандығында болды" деген тұжырымдар бар.
Марченконың сұхбаты да "Қазақстан экономикасын сынаған Алмазбек Атамбаевқа жауап сияқты қабылданды.
Қазақстанның ақпарат құралдары жаппай жариялаған тағы бір материал Алмазбек Атамбаевтың "Атамбаев: Назарбаев туралы қызбалықпен айтқаным дұрыс болмаған сияқты, ол да мен сияқты сенгіш" деген сөзі болды.
Атамбаевтың "Назарбаевтың маңайы" туралы айтқаны:
Your browser doesn’t support HTML5
Алайда ресми ақпарат құралдарында бұл мәлімдемеден "Назарбаевты олигархтар қоршап алған, олар тек өз қалтасын ойлайды" деген сөздер мен "Қазақстанның кириллицадан латынға өтуі, Қазақстан әскерилерінің АҚШ теңіз-жаяу әскерлерімен бірлесіп Ресей шекарасында жаттығу өткізуі Қазақстанды Ресейден алшақтату, соңғы бірнеше жылда Қазақстан Еуразия экономика одағын күйретуге бет алғанын көріп отырмыз" деген сөздері ресми ақпарат құралдарынан түсіп қалғаны байқалды.
"АТАМБАЕВТЫҢ СЫНЫНДА ШЫНДЫҚ БАР"
"Дат" пен "Жас Алаш" сияқты тәуелсіз газеттер мен вебсайттарда Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтылған сөздері түрлі қырынан түсіндіріліп, "Атамбаевтың сыны орынды" дейтін пікірлер де де айтылды.
Сонымен қатар Атамбаевтың "кейбір кандидаттарды Қазақстан олигархы Болат Өтемұратов қаржыландырып отыруы мүмкін" деген айыбы да назардан тыс қалмады. Сайлау алдында YouTube сайтында "Қырғызстан президенттігінен үміткер Темір Сариев пен қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовтың дауысы" деп сипатталған телефон тыңдаулары жарияланған. Бірақ оны ресми орындар растамаған. Осыған орай "Абай.кз" сайтында жарық көрген бұрынғы вице-премьер, оппозициядағы саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың "Өтемұратов қатты есіріп барады. Тыю керек" деп аталатын сұхбаты көзге түсті.
Балташ Тұрсымбаев сұхбатында: "Өтемұратов Қырғызстанның нағыз демократиялық жолмен өтпек болып отырған президенттік сайлауына ашықтан ашық араласып, көршілес тәуелсіз мемлекетке өз ықпалын жүргізбек болып, президенттікке кандидаттыққа өз адамын ұсынып, пара беріп, сұмдық әрекеттерге барған. Өтемұратовтың ол құйтырқы саясаты әшкере болып, масқара болдық! Ең жаманы – Өтемұратов қырғыз бен қазақтың, дәлірек айтқанда өз алдарына тәуелсіз мемлекеттер: Қазақстан мен Қырғызстанның арасына от тастай жаздады" деген.
"Қазақ-қырғыз достығы мен туыстығы" туралы жиі жазатын ақпарат құралдары Атамбаевтың қырғыз жауынгерлері алдында тұрып Қазақстан билігін айыптай сөйлегенде "Қырғыз еліне қылыш ұстап келгендер басын қалдырып кетеді" деген сөзін түрліше жорып, "19-ғасырда қырғыз жерінде қаза болған Кенесары ханды тұспалдағаны" деп түсінетіні аңғарылды.
Атамбаев қырғыз-қазақ шекарасындағы ахуал туралы (13 қазан):
Республикалық "Қазақ үні" газетінің бас редакторы Қазыбек Исаның "Атама тіл тигізбе, Атамбаев, атаусыз қаласың!" деген мақаласы әлеуметттік желілерде де жиі тараған жазбалардың біріне айналды. Мақала авторын қостаушылар да, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан секілді "Кенесары хан өлімі үшін қырғыздарға кектену дұрыс па?" деп сынаушылар да болды.
Қазыбек Иса: "Бетеге кетер, бел қалар, Бектер кетер – ел қалар!" Президенттер келіп-кетіп жатады. "Қазақ-қырғыз" бір туған деп ұлы Абай айтқандай, екі ел өз Тәуелсіздігімен өмір сүре береді. Ал ежелден Алатаудың қос бауырын тел емген туыс халық қазақ-қырғыздың ынтымағын ешкім де, ел басшысы да, есер де бұза алмайды!" деп жазды.
Автор бұл мақаласын "қырғыз президентінің сайлауда өз адамы өту үшін өз елінде әділетсіздіктің бәріне барып (онда шаруам жоқ), тіпті туысқан қазақ-қырғыз арасындағы жанды жара – қазақтың Тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханның әруағына тіл тигізуіне қарсы жазылған еді" деп түсіндіреді.
Қырғызстан президенті соңғы екі апта ішінде Қазақстан билігін бірнеше рет сынаған. Қазанның жетісінде ол Қазақстан билігін "қырғыз сайлауына килігіп отыр" деп сынап, "Қазақстанның жоғарғы билігіндегілер Қырғызстанның 2010 жылы қызметінен қуылған бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті қолдап, оның іс-әрекетін дұрыс санайды" деп мәлімдеген. Атамбаев: "Қырғыз президенттігіне үміткерлердің ең үлкенінің жасы Назарбаевтан 20 жас кіші. Ал мен 16 жас кішімін. Сонда жас президент кімге керек, бізге ме, Қазақстанға ма?" деп сұрақ қойған еді.
Бұл сөз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановты қабылдаған кезде айтқан сөзіне жауап сияқты көрінген. Ол кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев "Басқалары маған ренжімесін, жаңа айттым. Ол біздің шаруа емес, Қырғызстанның ішкі шаруасы. Мен оған кірісейін деп отырғаным жоқ. Кімді сайласа да, сонымен жұмыс істейміз. Бірақ білетін адам болса, жас адам болса сен сияқты, тәжірбиелі болса, ол Қырғызстанға керек деп ойлаймын" деген еді.
Қырғызстан Қазақстанға нота жолдады:
Your browser doesn’t support HTML5
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігіне қатысты сыни пікірін тағы да бірнеше рет айтқан. Қазанның 13-інде әскери қызметкерлермен кездесуінде Қазақстанмен шекарада қалыптасқан жағдайды "шектен шығушылық" деп сипаттаған ол "3 мың жылдық тарихы бар қырғыз халқының мұндай халықтың үш күндік блокададан қорықпайтынын" айтқан. Бірақ сайлау өтіп, Жээнбеков жеңіп шыққан соң Қазақстан президенті туралы "қызбалықпен" сөйлеп қойғанын мәлімдеген.
Қазанның 18-інде Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков бастаған үкімет делегациясы Астанаға барып, Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен және салалық әріптестерімен келіссөз жүргізген. Екі үкімет шекарадағы өткізу бекеттерінде туған қиындықтарды жою туралы мәміле жасасқан.