Моңғолияның биылғы үздік 10 боксшысының бірі Нұрлан Асқарұлы (52 килограмм салмақта бокстасады) – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2015 жылғы ел біріншілігінің қола жүлдегері, халықаралық «А» дәрежелі турнирден бір күміс және екі қола медаль иеленген спортшы.
Ал екіншісі Ерболат Төлекұлы (91 килограмнан ауыр салмақта сайысады) – спорт шебері, 2015 жылғы ел чемпионы, халықаралық «А» дәрежедегі турнирден екі күміс медаль иеленген боксшы.
«ҮШ АЙ ДАЙЫНДАЛЫП ҚОЛА МЕДАЛЬ АЛДЫМ»
21 жастағы Нұрлан Асқарұлы – Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы дене шынықтыру университетінің төртінші курс студенті. Ол бокспен 15 жасынан бері ғана айналыса бастаған.
- Бокс үйірмесіне баратын ағамнан анда-санда үйде сабақ алғаным болмаса, оған дейін бокспен айналыспадым. Алғаш 2009 жылы ағама еріп бокс секциясына бардым. Үш айдан кейін Моңғолияның жасөспірімдер арасында өткен турнирінде қола медальға ие болдым. Бокспен айналысуыма осы жеңіс түбегейлі әсер етті, – деді Нұрлан Азаттық тілшісіне.
Нұрлан Асқарұлы 2010 жылы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде алтын медаль иеленген. Ол ересектер арасында өткен ел біріншілігінде 2011, 2013 және 2015 жылдары – қола, 2014 жылы – күміс медаль алған. Атырау қаласында өткен Исатай мен Махамбет атындағы турнирдің 2014 жылғы жеңімпазы, 2015 жылы күміс жүлдегері болған Нұрлан басқа да халықаралық жарыстарда жүлде алған.
Биылдан бастап 56 килограмм салмақ дәрежесінде рингке шығуға дайындалып жүрген Нұрлан Асқарұлы «болашақтағы мақсатым – олимпиадаға қатысу» дейді.
Спортшының бұрынғы бапкері, Баян-Өлгий аймақтық бокс федерациясының төрағасы Қайнар Қайсанайұлы Нұрлан Асқарұлын «боксқа өте кеш келсе де, жылдам жетістікке жеткен талантты боксшы» деп сипаттайды.
- Әрине, өзге ел, өзге жер болғандықтан өткен жылдары ұлттық тұрғыдан аяқтан шалу болды. Сонда да Нұрлан өзінің кім екенін дәлелдей алды. Соның арқасында биыл біршама халықаралық жарыстарға жолдама алды, – дейді Қайнар Қайсанайұлы.
«АРТЫҚТАУ ТҮССЕҢ – ТЕҢСІҢ, ТЕҢ ТҮССЕҢ – КЕМСІҢ»
Азаттық тілшісі биыл Моңғолияның үздік боксшыларының ондығына енген тағы бір этникалық қазақ Ерболат Төлекұлымен (25 жаста) тілдесе алмады. Туыстары оның уақытша демалыс алып, ауылына кеткенін айтады.
Ерболатты да жарысқа дайындаған бапкер Қайнар Қайсанайұлының сөзінше, спортшы әуелі 2008 жылы ел біріншілігінде 81 килограмм салмақта қола медаль алып көзге түскен. Ерболат Төлекұлы 2010 жылы студенттер арасында өткен ел біріншілігінде – күміс медаль, 2011 мен 2013 және 2014 жылы ересектер арасында өткен ел біріншілігінде – күміс медаль, 2012 жылы ересектер арасындағы ел біріншілігінде және төрт жылда бір рет болатын бүкілхалықтық спартакиадада алтын медаль иеленген. Ол 2011 жылы Исатай мен Махамбет атындағы халықаралық турнирде (Қазақстан) күміс медаль алған.
Ерболат 2012 жылдан бері Моңғолияның ауыр салмақтағы боксшыларын бастап келеді. Бірақ Моңғолия бокс федерациясының шешімімен олимпиадалық ойындарға жіберілмей отыр.
- Ерболат 2012 жылдан бері Моңғолияның ауыр салмақтағы боксшыларын бастап келеді. Бірақ Моңғолия бокс федерациясының шешімімен олимпиадалық ойындарға жіберілмей отыр. Өйткені бокс федерациясы «Ауыр салмақта ешқандай жетістікке жете алмаймыз, сол себепті босқа ақша шығындаудың қажеттілігі жоқ» деген пікірде, – дейді бапкер Қайнар Қайсанайұлы.
Қазір Моңғолияның бокстан ұлттық құрамасында екі қазақ қана жүргенін айтқан бапкер «бұған себеп – аймағымызда бокс мектебінің дамымай қалғаны» деп қынжылады.
- 2009 жылдан бері біздің жастар шамасы жеткенше жылына бір рет Қазақстанға – бокстан олимпиадаға даярлау орталығына барып, солардың оқу-жаттығу жиынына қатысып келеді. Қазір мұның нәтижесін көріп жатырмыз. Оған дейін Баян-Өлгийдегі бокспен айналысатын жастар арасында бәсеке болмағандықтан жігіттер мүлдем өспейтін, – дейді Баян-Өлгий аймақтық бокс федерациясының төрағасы Қайнар Қайсанайұлы.
Оның сөзінше, Моңғолиядағы қазақ боксшылары жарыста озып шығу үшін қарсыластарын айқын басымдықпен ұтуға тырысады. «Өйткені сайыста тең болсаң – кем боласың, ал сәл артықтау болсаң – тең боласың» дейді бапкер.